02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Имам Шәмілдің сәлеміне Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауап беруі

Имам Шәмілдің сәлеміне Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауап беруі

Ислам тарихы

ХІХ ғасырдағы Ресей патшалығының әлеуеті күшті болды, олар парсыларды да жеңді, түріктерді де жолынан ысырды. Олар Қытайға дейінгі елдерді биледі. Сербияны да, Моңғолияны да, Польшаны да өзіне қаратты. Тіпті Ұлыбританияның өзі «Ресей Кавказды алса, Үндістанға жол ашылады» деп қорқақтап отырды. Есірген Ресей бұл кезде: «Кавказды алсақ, жаңа Крест жорығын бастаймыз, қасиетті жерлерімізді қайтарамыз, әл-Ақсаны мұсылмандардан босатамыз» деп жатыр еді. Міне, осы кезде Алла тағала Кавказдан Шәміл атты арыстандай ұлды туғызды.

Имам Шәміл Алланың сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедтің (с.а.у.) қабірін зиярат етуге Мәдинаға асыққан еді. Бірақ денсаулығының әлсіздігі оны жолдан тоқтатып, жолда тұрақтап қала берді. Тек 1870 жылдың наурыз айында Мәдинаға аяғы жетіп, Пайғамбар мешітінің күмбезі көрінгенде Шәміл жылап жіберіп: “О, Жаратушым! Мені сүйікті Пайғамбарыңның (с.а.у.) жанынан алыстата көрме! Маған Оның жанынан орын бере гөр!” деп дұға етті. Мәдинада оны күтіп тұрған халықта есеп жоқ еді. Бірақ Шәміл қалың топқа бұрылмай, алдымен сәлем беру үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабіріне қарай аяңдады. Қалың топ соңынан ерді. Қабірге жақын келген Шәміл “Ассаламу алейка, я, РасулАлла!” деп жылап тұрып сәлем берді. Сол кезде Пайғамғар қабірінен Оның (с.а.у.): “Уа алейкумассалам, ей, мүміндердің имамы!” деп батырдың сәлеміне жауап бергенін артынан еріп барғандардың бәрі естіді. Шәміл бұл кезде есінен танып қалған еді. Сәлемін Пайғамбардың (с.а.у.) өзі қабыл алып, жауап берген бұл не деген құрметті адам! Қызығуға тұратын не деген ғибратты ғұмыр!

Осы кезде Мәдинада Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұрпақтарының бірі, жасы ұлғайған үлкен ғалым тұрады екен. Ол шейхтың қартайғаны сондай, аяқтары жүруден қалған көрінеді. Міне, осы шейхтың түсіне Алланың Елшісі (с.а.у.) кіріп, қалаға өте құрметті мұсылманның келе жатқанын айтып, орнынан тұрып, оны жақсылап қарсы алуға бұйырады. Ұйқысынан оянған қария ұлын шақырып: «Менің ең әдемі киімдерімді әкел, дайындал! Бізге Шәміл келе жатыр», – деген көрінеді. Мәдинаға келгеннен кейін Шәмілді кәрі шейхтың үйіне алып келіпті. Батыр шейхтың бөлмесіне кіргенде ұлына: «Қолтығымнан сүйе, Кавказдың арыстанын тұрып қарсы аламын», – деген көрінеді. Қалт-құлт етіп бірнеше секунд тұрған қария батырдың аяғына жығылыпты. Шәміл оны сүйеп тұрғызғанда шейх: «Сені ең болмағанда тұрып қарсы ала алмадым-ау, Шәміл», – деп жылап жіберіпті. 

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: