02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

«Дамолдалық» дәрежеге жеткен қазақ ақыны

«Дамолдалық» дәрежеге жеткен қазақ ақыны

Ислам тарихы

Ақыт қажы Үлімжіұлы туралы Қытай, Моңғол қазақтарындай емес, атажұрттағы ел аса көп дерек біле бермейді.  Немесе атын естігенімен, еткен еңбегінен хабарсыз. Ақыт қажыдай қажылық сапарын суреттеген адам кемде-кем.  Ақыт қажыдай Абайды түсінуге, оның өлеңдерін ақыл таразысынан өткізіп, халыққа жаюға ұмтылған адам кемде-кем.

Ақыт қазақ дәстүріне сай сауатын мұсылманша ашады. Ол туралы ақынның баласы Ғазез Ақытұлының естелігінде: «Әкем жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан Құран сауатын ашады. Онан соң сол кездегі ауылдың тәуір молдасы атанған Ғұсманнан түркі тілдегі діни кітаптарды оқып, Құранның қирағатын түзейді. Яғни, Құранды грамматикалық ереже бойынша оқитын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, ауылдағы санасы ашық, толық сауатты кісінің бірі болып шығады. Жігіт аяғын басқан кезде сол кездегі Молқы руының үкірдайы Жуанған ауылына не себеппен келгені беймәлім Бұхара медресесінде мүдәрріс болған ұлты өзбек, нақ аты Махбубулла, жанама аты Мырзабақа деген адам келіп бала оқытады. Мұнан Жуанғанның көрші-қолаңдарының балалары болып, алпысқа жуық бала оқиды. Ақыт осы балалардың қатарында оқуға кіреді де, олардың ішінен оқуға ынталы әрі зеректігімен айрықша көзге түседі. Ақыт осы адамнан араб, парсы, түркі тілдерін үйренумен бірге, шариғат ережелері аталатын фиқһ ғылымын да пысық игеріп шығады”, - деп жазады. Ал ақынның өзі дәл осы ұстазы туралы:

Ержетіп дамолладан алдым сабақ,

Ісмідүр Махбубұлла асыл талап.

Бұхардың ақсүйегі дәл өзінен,

Шығады демі сайын ғылым тарап, - деп жырлайды. Өзге балалардай емес, білім-ғылымға ерекше құштар Ақыттың қазақтың санасын оятатын “оқу” екенін ерте ұққанын аңдаймыз. Өйткені өзі алғаш “Иманшарт” оқып жүргенде сол кітаптың шетіне:

Үлімжі біздің атамыз,

Құдайға көпдүр қатамыз.

Ғылым нұрын бір көрмей,

Қараңғы қайтіп жатамыз? – деп жазып қойғанынан-ақ талай нәрсені аңғаруға болады.

Бірақ жоқшылық қолын байлап, аяғын тұсаған Ақыттың оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Амалсыздан аңшылықпен айналысып, күнкөрістің қамымен жүреді. Ақыт қажының тәп-тәуір аңшы болғанын әйелі Үкіжанның балаларына айтып берген мына бір естелігінен білеміз: “Әкелеріңнің кейбір мінезі Қожанасыр сияқты еді. Жаңадан отау тігіп шыққан уағымыз. Дәулеті шағын әкең сауда істеп көрейін деп бір саудагерден бір қанша бұл, шәй көтеріп алыпты. Әкеңнің “алпыс ата, қырық жездесі” таусыла ма? Жайлауға барып, Қобда елімен араласып қалдық. Сонымен ана танысқа бір көйлек, мына танысқа бір шәй беріп жүріп, бар саудасын түгетіп қойыпты. Ел қыстауға түсе бере әлгі саудагер сарт келіп есептесе кетіп еді, қыруар борышқа жығылып қалды. От басын сабалап саудагер күнде мазаны алады. Сонымен әкең борыштан құтылу үшін мойнына мылтығын салып, тағы бір құты у тауып алып, қасқыр, түлкі аулауға, бөкен, қарақұйрық атуға Қарамайлыға шығып кетті. Әйтеуір Құдай берейін деді ме, алты қасқыр, жеті түлкі алып, бір ай дегенде аңшылықтан қайта оралды. Сөйтіп жүріп борыштан құтылдық. Борыштың кем қалған жеріне мен киім-кешегіме қадаған алты дана алтын теңге бар еді, соны қиып беріп әзер біттің емес пе?!”

Бірақ Жуанған үкірдай мен Мырзабақа ұстаз қатты ұнатқан шәкірттерін күнкөрістің соңына жіберіп қоймады. Жуанған үкірдай Ақытты шақырып, оны хатшылыққа алып, арнайы айлық тағайындайды. Осыны пайдаланған ол сабағын, білім алуын жалғастыра береді. Араб, парсы тілдерін бұрынғысынан да жетік меңгеріп, ислам мәдениеті мен шығыс әдебиеті төңірегінде де сауатын ашады. Діни білім арқылы деңгейі де күннен-күнге жоғарылап, “дамолдалыққа” жетеді. Бұл туралы Ғазез Үлімжіұлы: “Дамолда” деген атау қазақ тілінде “аға молда” деген сөз. Дамолда болу үшін діни жоғары мектепті тауысып, шаһадатнама алып шығу керек. Ол үшін үлкен жақтан төрт түрлі білімді игеріп шығу керек. 1. Құран Кәрімді 90 пайыз аударып, түсінетін болу керек. Ол үшін арабша жазылған алуан түрлі Құран тәпсірлерін оқуы керек. Өйткені, Ислам діні Құран Кәрімді “Алланың сөзі” деп таниды. 2. Хадис кітаптарын аударып, түсінетін болу керек. Хадис – Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сөзі немесе Пайғамбарымыздың (с.а.у.) іс-әрекеті немесе біреулер істесе, яки сөйлесе, қарсы шықпай дұрыс деп тұрақтандырған істері қатарлылар. Мәшһүр хадис кітаптары алтау. Олар мыналар: “Сахих Бұхари”, “Сахих Мүслім”, “Сахих Тәрмизи”, “Сахих Насаи”, “Сахих Әбу Дәуіт”, “Сахих ибну Мәжә”. Дамолда болған адам осы алты кітаптың біреуін толық оқып шығып, аудара білетін болу керек. 3.Фиқһты жақсы игеру керек. 4. Араб тілін үйренуі керек.  Демек, Ақыт ресми діни жоғары мектеп оқымаса да, жоғарыдағы төрт түрлі ғылымды жалпы жақтан игеріп алады. Ашығырақ айтқанда, өздігінен ізденіп ғұламалық деңгейге көтеріледі”, - деп жазды. Осыдан-ақ ақынның діни білімі қазір шетел асып, Ислам университеттерін бітіріп келген дін ғалымдарынан артық болмаса, кем болмағанын пайымдаймыз.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: