14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Сапар шегуге қатысты кейбір мәселелер

Сапар шегуге қатысты кейбір мәселелер

Ислам тарихы

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жалғыз жолаушы – шайтан. Қос жолаушы – екі шайтан. Ал үш  жолаушы – керуен», – деп айтты» – делінген (Әбу Дәуіт,  жиһад 79; Тирмизи, жиһад 4).  Яғни,  шайтан  оларды  азғырып,  тура  жолдан  оңайлықпен  тайдыра  алмайды.

Әбу Сағид (р.а.) және Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм):  «Үш  адам  бірге  сапарға  шыққанда, іштерінен біреуін басшы етіп сайлап алсын»,  – деп айтты», – деген(Әбу Дәуіт, жиһад 80).

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте:  «Алла  елшісі (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм):  «Алыс  жолға  шыққанда, түнделетіп жол жүріңдер, өйткені жер түнде  түріледі», – деп айтты» – делінген(Әбу Дәуіт, жиһад 57).

Әбу Сағлаба әл-Хушани (р.а.): «Әдетте сахабалар  жол жүріп келе жатып, бір жерге аялдағанда (әркім өзіне  қолайлы орын іздеп) шатқалдар мен сай-сайды өрлеп кететін еді. Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына: «Сендердің мына шатқалдар мен сай-сайды  жағалап, жан-жаққа кетулерің шайтаннан (яғни, соның  арбауынан)», – деп ескертті. Содан бері олар қай жерге  аялдаса да, жұптары жазылмайтын болды», – деген (Әбу Дәуіт, жиһад 88).

Ибн  әл-Ханзалия  деген  атпен  танымал,  Ридуан  антын  қабылдаған  Сәһл  ибн  әр-Рабиғ  ибн  Амр  әл-Ансари (р.а.): «Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күтімсіздіктің  кесірінен  қарны  қабысып,  көтерем  болуға шақ қалған түйенің қасынан өтіп бара жатып:  «Мына мұңын айтарға тілі жоқ жануарларға қатысты  Алладан қорқыңдар! Оларды күйлі кезінде ғана мініп,  қоңды болғанда ғана сойыңдар», – деп айтты», – деген (Әбу Дәуіт, жиһад 44).

Абдуллаһ ибн Жағфар (р.а.): «Бір күні Алла елшісі  (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм) мені  артына  мінгестіріп  алды  да,  маған бір сыр айтты. Ал мен ол сырды ешкімге айтқан  емеспін. Әдетте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)дәретке  шыққанда, биік төбенің артына немесе құрма бақшасына  жасырынғанды ұнататын. Бірде ол ансарлық бір кісінің  құрма бақшасына кіргенде, ішінде бір түйені көреді.  Әлгі түйе Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)көре  салысымен боздай жөнелді де, қос жанары мөлтілдеген  жасқа  толды.  Пайғамбарымыз (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм) оның қасына барып, өркеші мен құлағының түбінен  сипағанда бірден тынышталды. Содан Пайғамбарымыз  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мына түйенің иесі кім? Мына түйе  кімдікі?» – деп сұрады. Ансарлық бір жас жігіт келіп:  «Уа, Алланың елшісі! Бұл менің түйем еді», – деді.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Алла тағала саған  нәсіп еткен мына жануар үшін Алладан қорықпайсың  ба? Бұл жануар маған сенің оны аш қалдырып әрі ауыр  жұмысқа салып әбден зорықтырғаныңды айтып, мұңын  шағып тұр», – деп ескертті», – деген (Әбу Дәуіт, жиһад 44).

Әбу Сайыд (р.а.): «Бірде Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге сапарға шыққан едік. Жол-жөнекей  түйеге мінген бір кісі оңына бір, солына бір жалтақтап  қарай бастады. Оның жағдайын елден бұрын түсінген  Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімнің артық көлігі  болса,  көлігі  жоққа  берсін.  Кімнің  қажетінен  артық  азығы  болса,  азығы  жоққа  берсін»,  –  деп,  басқа  да  дүниелерді тізіп айтты. Біз бұл сөзінен ешкімнің де өз  қажетінен артық дүниені қолда ұстауға құқығы жоқ  екенін түсіндік», – деген(Муслим, луқата 18). Жәбир (р.а.): «Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жорыққа шығуға бел буғанында: «Уа, мұһажирлер мен  ансарлар! Араларыңда дүниесі де, арқа сүйер туысы  да жоқ бауырларың бар. Әрбірің жағдайы жоқ екі-үш  адамды қамқорлығына алып, өзімен бірге ертіп жүрсін.  Көлігі  барлар  қамқорлығына  алған  бауырларымен кезектесіп мінсін», – деп бұйырды. Жәбир: «Мен де  қасыма екі-үш адамды алып, түйемнің игілігін солар-мен бірге бірдей пайдаланып, кезектесіп міндім», – деп  айтты (Әбу Дәуіт, жиһад 34).

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Расулалла (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм):  «Аллаға  және  ақырет күніне иман еткен әйелдің қасында ет жақыны  болмаса, (кем дегенде) бір күн, бір түнге созылатын  сапарға шығуына тыйым салынады», – деп айтты» –  делінген. (Бұхари, тәксир 4/саум 67; Муслим, хаж 423).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: