26
Жұма,
Сәуір

һижри

Қиямет күні Алла оны істегендерге тіл қатпайтын, назар салмайтын күнәлар

Қиямет күні Алла оны істегендерге тіл қатпайтын, назар салмайтын күнәлар

Ислам тарихы

Алла тағала кейбір күнәларды істеген адамдарға Қиямет күні тіл қатпайтыны әрі оларға назар да салмайтыны жайында хабар берген. Олар:

1) Алланың кітаптарында түсірген нәрсесін жасыратындар. Олар туралы Алла тағала: «Сондай-ақ Алла түсірген Кітаптан жасырып, оны аз ақшаға айырбастағандар, солар қарындарына отты ғана жейді. Қиямет күні Алла олармен сөйлеспейді де, оларды ақтамайды және оларға күйзелтуші азап бар», – деген.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім бір нәрсе туралы сұралып, оны жасырса, Қиямет күні тозақтың ауыздықтарымен ауыздықталады», – деген.

2) Алланың атымен ант ішіп, жалған сөйлейтіндер. Олар жайлы Алла тағала: «Негізінен, сондай Аллаға берген серттері мен анттарын аз ақшаға айырбастағандар, міне, солардың Ақыретте бір үлесі жоқ. Қиямет күні Алла олармен сөйлеспейді де, оларға қарамайды әрі оларды тазартпайды. Сондай-ақ олар үшін күйзелтуші азап бар», – деп айтқан.

3) Мақтан үшін киімді тобықтан төмен түсіріп (исбәл) жүретін, жалған ант ішіп затын сататын, істеген жақсылығын міндетсінетін, өз пайдасы үшін патшаға ант беретін, артық суын мұқтаждарға бермейтін адам, зина жасаған шал, өтірікші патша, тәкаппар кедей, ата-анасына қарсы келген бала, еркекшора әйел, әйелін қызғанбайтын еркек т.б.

Әбу Зарр (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Алла тағала үш (түрлі адаммен) сөйлеспейді, оларға Қиямет күні назар да салмайды және оларды тазартпайды, сондай-ақ оларға ауыр азап бар», – деген. (Әбу Зарр): «Уа, Алланың елшісі! Зиянға ұшырап, қор болған олар кімдер?» – деп сұрадым», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) сөзін үш рет қайталап: «Киімін тобықтан төмен түсіріп жүретін адам, өтірік ант ішіп, затын сататын адам және (жақсылығын) міндетсінетін адам», – деп жауап беріпті.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қиямет күні Алла үш (түрлі адаммен) сөйлеспейді, оларға назар да салмайды және оларды тазартпайды, сондай-ақ оларға ауыр азап бар. (Олар): артық суын жолаушыға бермеген адам, аср (уақытынан) кейін тауарына жалған ант ішкен адам және патшаға ант берген адам, егер (патша мал-дүние) берсе, (антына) адал болады да, бермесе – адал болмайды», – деген.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен келесі бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні Алла үш (түрлі адаммен) сөйлеспейді, оларға назар да салмайды. (Олар): тауарын (қымбатқа өткізу) үшін өзіне (алымсақ) берген (ақшадан) көбірек ұсынылғанын айтып жалған ант ішкен кісі, бір мұсылман адамның мал-дүниесін жырып қалу үшін аср (уақытынан) кейін жалған ант ішкен кісі және артық суын (мұқтаждарға) бермеген кісі. Алла Қиямет күні (ондай адамға): «Өз қолыңмен таппаған (нәрсеңнен біреулерді) қайтарғаның сияқты бүгін сені Өз кеңшілігімнен тосамын», – деп айтады», – деген.

Сондай-ақ Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен үшінші бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні Алла тағала үш (түрлі адаммен) сөйлеспейді, оларды тазартпайды және оларға назар да салмайды, сондай-ақ оларға ауыр азап бар: зина жасаған шал, өтірікші патша және тәкаппар кедей», – деп айтқан.

Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қиямет күні Алла үш (түрлі адамға) назар салмайды: ата-анасына қарсы келгенге, еркекшора әйелге және намыссыз (әйелін қызғанбайтын) еркекке», – деген.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: