29
Жұма,
Наурыз

һижри

Жәннаттықтардың тамағы қандай болады?

Жәннаттықтардың тамағы қандай болады?

Ислам тарихы

Жәннатта таусылмас ризық-несібелер болады.

Алла тағала: «Оларға жәннатта ертелі-кеш несібе бар. Құлдарымыздан біреу тақуа болса, (Біз) соны мұрагер ететін жұмақ осы», – деген. Осы аяттың мазмұнына сай «жәннатта таңертеңгілік және кешкі мерзім бар ма?» деген сұраққа кейбір ғалымдар дәйектерді қорыта отырып: «Жәннатта күн мен ай жоқ, түн де, күндіз де жоқ. Бірақ таңертеңгілік пен кешкі мерзім Рахманның аршысы тараптан көрінетін нұры арқылы ажыратылады», – деген. Жәннаттықтардың ең әуелгі тағамы туралы айтсақ, Саубаннан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте, бір яһуди Алла елшісінен (с.а.с.): «Жәннатқа кірген уақыттағы олардың сый асы не?» – деп сұраған. Пайғамбар (с.а.с.): «Киттің қара бауыры», – дейді. Яһуди: «Олар оның артынан нені азық етеді?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Оларға жан-жағынан желінетін жәннаттың өгізі сойылады», – деп жауап беріпті.

Жәннатта құстар бар. Онда қайсыбір құсқа тәбетің шапса, ол алдыңа дайын күйінде қақталып түседі. Алла тағала бұл жайлы Құранда: «Тәбеттері соққан құс еті бар», – деген. Жәннаттықтардың тамақ, сусын ішетін ыдыстары алтын, күмістен және шыныдан болады. Алла тағала: «Оларға алтыннан табақтар, кеселер ұсынылады»; «Оларға күмістен ыдыстар, шыныдан кеселер ұсынылады», – дейді. Бір айта кетерлік жайт, жәннатта осыншалықты мол ішіп-жем болғанымен, жәннаттықтар нәжіс шығармайды. Жабир ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісінің (с.а.с.): «Расында, жәннаттықтар онда ішеді, жейді, (бірақ) олар түкірмейді, зәр шығармайды, қақ бөлмейді және сіңбірмейді», – деп айтып жатқанын естідім. (Адамдар): «Сонда тағамдары қайтеді?» – деп (сұраған еді, Пайғамбар (с.а.с.): «Мисктей жұпар кекірікпен (шығады)», – деп айтты», – деген.

материал “Ақырет өткелдері” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: