02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

«Менің Раббым мынау ма?»

«Менің Раббым мынау ма?»

Ислам тарихы

Ибраһим пайғамбар пұттарға табынудың бұрыстығын түсіндіріп, елін тәухидке шақыра бастады. Елі жұлдыздарға табынатын. Ибраһим (ғ.с.) небір қисынды дәлелдер келтіріп, пұттардың тәңір бола алмайтындығын түсіндірді. Бірде тіпті мынадай оқиға орын алды.

Бұрын да сан мәрте айтып түсіндіре алмаған соң, Ибраһим (ғ.с.) тың тәсілге жүгінді. Бірде елдің алдында дінді насихаттап тұрғанда, түн болып, аспаннан жұлдыз көрінген-ді. Сол сәт ол көктегі жұлдызды көрсетіп: «Осы ма менің Раббым? «Бәрімізді жаратты» деп жүргендерің мына жұлдыз ба?» деп елге сауал тастады. Насихатын атүсті тыңдап тұрған халық оның бұл сөзіне елең етіп, құлақ түре қалды.

Олар «Менің Раббым мынау ма?» деген сөзді естігенде, Ибраһим (ғ.с.) халықтың сенімін қабылдады екен деп ойлап қалды. Шамасы, ол осы кезде дүйім жұртқа жалпы жұлдыздардың жаратылысы, жарығы, түнде адасқан жан соған қарап жол табатынын айтып, жалпы оның жаралу хикметі туралы сөз қозғаса керек. Оның жаратылғандығына назар аудартса да, соңғы сөзін өз көздерімен көрсін деп кейінге сақтады.

Халық үйлеріне тарқады. Таң сәріде олар ерте оянып ісіне кірісе бастағанда, әлгі жарқырап көрінген жұлдыздың жарығы бірте-бірте азайып көз алдарында ғайып бола бастады. Сол кезде Ибраһим (ғ.с.) дауыстап:

«Уа, халқым! Түнде мына жұлдыз аспанда жарқырап тұрғанда, мен сендерден: «Менің құдайым мынау ма?» – деп сұрадым. Сонда сендер: «Бәріміздің құдайымыз – осы!» – деп жамырасып едіңдер ғой. Ендеше, құдайларың қайда кетті? Неге ол түнде ғана көрініп, күндіз жоғалып кетеді? Көзден таса боп, жоғалатындар қайтіп құдай бола алмақ? Мен әсте көзден ғайып болатындарды жақсы көрмеймін» деп түндегі әңгімесінің астарын баяндайды.

Халық түнде жұлдыздың жаратылғандығына назар аудартып, жаратылған нәрсенің сөзсіз бір Жаратушысы болатындығын насихат еткендігін енді аңғарды.

Ибраһим жұлдызды көрсеткен түні аспанда ай жоқ болатын. Ол әдейі ескі айдың жоғалып жаңа ай әлі тумаған түнде жұлдызға назар аудартқан еді.

Осыдан соң жаңа ай да туып, күн өткен сайын толыса бастады. Шамасы Ибраһим оларға көрсету үшін айдың он төртінші, он бесінші күндерін күтсе керек. Өйткені аяттағы «толған ай» осы күндерде толып кемеліне келеді.

Ендеше сол күткен күн де келіп, аяқталар мезгіл жеткенде, күн көкжиекке батты. Көп ұзамай аспанды қара шәлідей торлаған қараңғылық көкжиекті де бүркеп алды. Осы кезде көкте толған ай сүттей жарқырап жер бетіне нұрын шашты. Сол түні аспан әлемінде бір шөкім бұлт та жоқ еді.

Ибраһим жиналған халық алдында айды нұсқап: «Әлде сендер айтып жүрген менің Жаратушым осы ма? Осы ғой шамасы, солай ма?!» – деп айқай салды. Халық тағы да жиналып сөзіне құлақ түрді. Ол шамасы айдың жұлдыздан әлдеқайда үлкендігін, сол себепті жер бетіне жұлдызға қарағанда жарығы да көбірек түсетіндігін айтып, оның да жаратылыс хикметіне назар аудартса керек. Бірақ халық оның бұл сөзін, әрине, «құдайымыз туралы жақсы сөз айтып жатыр» деп ұққандай болды.

Ертеңгісін оянып ісіне кіріскен шақта, Ибраһимнің (ғ.с.) айқай салған дауысы тағы да таңғы ауаны тіліп түскендей болды. Ибраһим (ғ.с.) халыққа қарап: «Уа, халайық! Қайда әлгі түнде жер бетіне нұр шашқаны үшін «құдайымыз» деп тәңір санаған толған айларың? Жаңа ғана көз алдымда алдымен жарығы әлсіреп, артынша өзі де бұлдырап көрініп тұрды да, мүлдем ізім-ғайым жоғалып кетті ғой. Ол құдай болса неге жоғалады? Кілең жоғалғыштар қалай ғана құдай бола алады? Осыған бір сәт ой жүгіртіп көрдіңдер ме? Бір Жаратқанның өзі сақтасын! Егер де сол Раббым маған тура жолды көрсетіп, жүрегіме иман ұялатпағанда, мен де сөзсіз адасып, шіркке ұрынар едім», – деп насихатын тамамдады.

Осыдан кейін көп ұзамай күн шықты. Күн шығысымен, көк аспандағы күллі жұлдыз да, ай да, түгелдей көзден ғайып болды. Жер беті жарқырап, күн шұғыласын шашты. Осы кезде Ибраһим пайғамбар тағы да дауыстап: «Уа, халайық! Әлде мынау ма менің Раббым? Бұл әлгілердің бәрінен де үлкен ғой. Жарығы көз ұялтады. Бірақ қайдам? Бұл да әлгілердің соңына түсіп жоғалып кетіп жүрмесе», – деді.

Күн түс әлетінде тас төбеде тұрып алды да, көп ұзамай батысқа қарай асығып бара жатты. Ақырында жарығы азайып, қызарып барып батты. Іле жер бетін меңіреу қараңғылық тұмшалады. Осы кезде Ибраһим (ғ.с.): «Уа, халқым! Қайда әлгі барлық құдайлардан үстем күн құдайларың? Әлгінде тас төбеге шығып жарығын шашып тұрып еді, ол да батысқа құлап ғайып болып, жоғалғандардың артынан кетті ғой. Жо-жоқ, халқым. Сендер өз-өздеріңді босқа алдамаңдар. Олардың бәрі құдай емес, қайта жер бетіндегі жанды-жансыз секілді сендерге Хақ тағаладан берілген қызметшілерің. Олар күнде бір көрініп, бір жоғалу арқылы өздерінің әсте жоғалмайтын бір Жаратушысынан хабар беруде. Өйткені жоғалған нәрсенің қайта пайда болуы – оны қайта бар етіп жарыққа шығарған жалғыз Құдайдың бар екендігіне бұлтартпас дәлел. Ендеше тәубаға келіңдер!

Уа, халқым! Мен сендердің Раббыма серік қосқан барлық істеріңнен де, пұттарыңнан да, ойларыңнан да аулақпын. Мен әсте Раббыма ортақ қоспаймын. Мен ханиф, тәухидшыл болып жүзімді көк пен жерді һәм олардың ортасындағы барлық нәрсені жаратқан Хақ тағалаға бұрдым», – дейді.

Осылайша хазірет Ибраһим елінің көктегі «тәңірлерінің» түкке тұрғысыз екендігін дәлелдеп, олардың әсте құдай бола алмайтындығын айқындап, кемшіліктерін беттеріне басты. Елі оның айтқан осынау ащы шындығына қарсы уәж айта алмай, бастарын салбыратқанымен, оның дінін қабылдамай, естімеген, білмеген адамдарша ескі әдеттерін жалғастыра берді.

Ибраһим пайғамбар осыдан кейін халықтың «құдай» деп санаған мүсіндері мен пұттарының шыбынның қанаты құрлы құны жоқ, мүлде қауқарсыз екенін айтып елін тәухид дінге шақырды. Ол бірде пұттардың басына жиналып оларға табынып жатқан халықтың қасына келіп:

– Мына жансыз пұттарды өздерің жасап алып, неге сонша бас ұрып табынасыңдар. Табынғандарыңмен қоймай, зар илеп одан жақсылық тілейсіңдер. Жерге түсіп кетіп шағылып қалса, «Құдайымыз шағылып қалды» деп жылайсыңдар. Олар бар-жоғы санадан жұрдай тас пен ағаштардың бөлшектері ғана ғой. Бастарыңа бір іс түскенде, осыларға келіп жалбарынасыңдар. Сонда солар сендердің дауыстарыңды ести ала ма? Қалайша жансыз заттарды көк пен жерді жаратқан ұлы Жаратушымен теңестіре аласыңдар? – деп сұрайды. Сонда олар:

Бұларда сен айтқан ерекшеліктердің ешбірі жоқ. Бірақ ата-бабаларымыз неше ұрпақтан бері осы тас мүсіндерге табынып келген. Ендеше ата-бабаларымыздың жолын қалайша ұмытамыз?! Олар осыларды құрметтеп, кие тұтқанына қарағанда, біз білмейтін бір тылсым сыр немесе қасиеттің болғаны сөзсіз.

Хазірет пайғамбар олардың бұл жауаптарын есітіп көңілі құлазып, жүрегі сыздады. Сол себепті шыдай алмай халыққа дауыстап:

– Аллаһ тағаланың атымен ант етейін! Сендер де, ата-бабаларың да қатты қателескенсіңдер. Өйткені Жаратқанға жаралғанды теліп, оларға құлшылық еткендерге үлкен азап дайын тұр. Бәрің де жолдан тайып, күпірліктің құзына құлағансыңдар, – дейді. Одан кейін тәухидке шақырып:

«Аллаһ тағалаға құлшылық қылыңдар да, Содан ғана қорқыңдар. Егер білсеңдер, осылай істегендерің сендерге әлдеқайда пайдалы. Аллаһтан өзге табынғандарың сендерге ризық бере алмайды. Оған құлшылық қылыңдар да, шүкіршілік етіңдер. Күндердің бір күні сөзсіз сол жаққа қайтарыласыңдар. Егер сендер өтіріксіп сенбесеңдер, обалдарың өздеріңе ғана. Расында, сендерден бұрынғы елдер де сенбеген. Пайғамбардың міндеті Аллаһтың аманатын орындап елге ақиқатты жеткізу ғана» дейді. Елі оған жауап қайтарып:

– Ей, Ибраһим! Сен қашанға дейін осылай елде жоқ жаңалықты шығарып біздің басымызды айналдыра бересің. Әлде де біз саған жанымыз ашып, түзелуге шақырып отырмыз. Отпен ойнама! Отпен ойнасаң, қолың күйеді, пұтпен ойнасаң, тәтті ғұмырың күйеді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген. Өз басыңа өзің пәле тілеме. Бір күні мына тәңірлеріміздің киесі ұрып, қаһарына ұшырайтын болсаң, ешқайсысымыз сені құтқара алмаймыз, – деп ескету жасап қорқытқан болды. Хақ пайғамбар:

– «Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды» дегендей, мына пұттардың қолынан бір нәрсе келеді деп ойлайсыңдар ма? Маған бір пәле келетін болса, Раббымнан ғана келеді. Өйткені маған пәле, науқас жіберіп, одан соң айықтыратын сол Раббым ғана. Сендер ап-айқын ақиқатты көре тұрып, одан көпе-көрнеу теріс айналудан қорықпағанда сасық қиялдарың ойлап тапқан мына пұттарыңнан мен қорқуым керек пе? деп уәж айтады.

Осыдан соң халық жаңа бір әдіске көшіп, хазірет Ибраһимді келемеждей бастады. Олар:

– Уа, Ибраһим! Сенің әкелген ақиқатың хақ па, әлде бізді ойыншық қылып келемеждеп жүрсің бе? Мұндай батылдық сенің бойыңда қашаннан бері пайда болған? Соншама кіміңе сеніп жүрсің! деп қытығына тиеді. Хақ пайғамбар:

– Жо-жоқ. Бұл ойларың дұрыс емес. Мен сендермен ойын ойнауға келген жоқпын. Өйткені иман мәселесінде айла, ойынға орын жоқ. Мен өзіме толық сенімдімін. Мына жансыз пұттарыңның сендерге әсте бақыт әкеле алмайтындығын, олардың тәңір де бола алмайтындығын қисынды дәлелмен айтып отырмын. «Раббыларың – көктер мен жердің Раббысы. Солардың барлығын Өзі жаратты». Ол – жаратқан нәрсесіне Өзінің қалағанын жасайды. Оның теңі де, серігі де болуы мүмкін емес, – деді.

Хақ пайғамбардың сөздеріне айтарға уәж таппай, мысы басылса да, халқы оның дініне мойынсұнғысы келмеді. Түк болмағандай баяғыша күн кешті. Ибраһим (ғ.с.) осыдан кейін бұлтартпайтын дәлелдермен пұттарының қауқарсыздығына олардың көзін жеткізбек болып, жаңа жоспар құрды.

материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: