12
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Сахабалардың үнемі оқып жүретін дұғалары

Сахабалардың үнемі оқып жүретін дұғалары

Ислам тарихы

Хазірет Әбу Бәкірдің дұғасы

Әбу Язид әл-Мәдаинидің айтуы бойынша: «Әбу Бәкірдің (р.а.) жиі айтатын дұғаларының бірі мынау еді: «Аллам! Маған айнымас иман және иманда яқин (көзбен көріп қолмен ұстағандай берік иман), мықты денсаулық және шынайы ниет бере гөр!».

Хазірет Омардың (р.а.) дұғасы

Хасан Басри әңгімелейді: Омар (р.а.) былай деуші еді: «Аллам! Амалдарымды дінімізге сай шынайы қыл. Өзіңнің разылығыңды алудан басқа мақсат жоқ ықыласты амалдарға баста». Әбул-Алиә былай дейді: «Омардың (р.а.) аузынан мына дұғаны жиі еститінмін: «Аллам! Бізге денсаулық, өмір және тәртіп бер. Бізді кешіре гөр». Зәйд ибн Әслам әкесінің мына сөздерін жеткізеді: «Бірде Омар (р.а.) былайша дұға жасады: «Аллам! Менің ақырғы демімді өмірінде бір ғана рәкат намаз оқыған, маңдайын сәждеге бір-ақ рет тигізген адамның ажалымен бір қыла көрме. Сол оқыған намазы мен еткен сәждесін алға тартып, ақыретте сенің құзырыңда менімен таласып, тартыспасын».

Хазірет Алидің дұғасы

Сүфиян Сәури айтады: «Алидің (р.а.) былайша дұға тілегенін көрген едім: «Аллам! Менің жасаған күнәларым Саған залал келтіре алмайды. Маған рақымшылық етуің Сенің рақымыңды кеміте алмайды».

Абдуррахман ибн Ауфтың дұғасы

Әбул-Хәййаж әл-Әсади әңгімелейді: «Қағбаны тауап етіп жүргенімде көзіме бір кісі түсті. Әлгі кісі: «Аллам! Мені нәпсімнің сараңдығынан сақта», – деп осы дұғаны көп қайталады. Неге тоқтаусыз бұл дұғаны оқып отырғанын сұрап едім, ол:

– Егер нәпсім сараңдығы мен ашкөздігін тыяр болса, ұрлық, зина сияқты басқа да толып жатқан жамандықтарды істемеймін ғой, – деп жауап берді. Кейін бұл кісінің Абдуррахман ибн Ауф екенін білдім».

Абдуллаһ ибн Мәсғудтың дұғасы

Әбу Үбәйда (Ибн Мәсғудтың ұлы) айтуы бойынша: «Ибн Мәсғудтан:

– Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) саған «міне, енді Аллаһ саған не сұрасаң береді», – деген түні қандай дұға оқып едіңіз. Соны айтасыз ба? – деп сұрағанда, ол кісі былайша жауап қайтарды:

– Аллам! Сенен еш уақытта адастырмайтын берік иман, сарқылмайтын ризық-несібе және жаннаттың ең жоғарғы мәртебесінде ардақты Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көрші етуді тілеймін, – деп дұға еткен болатынмын».

Муаз ибн Жәбәлдің дұғасы

Сәура ибн Язид айтады: «Муаз (р.а.) түнде тәһәжжүд намазына тұрғанда, былайша дұға етуші еді: «Аллам! Қазір адамдар қалың ұйқыда. Жұлдыздар да көрінбей кетті. Бірақ сен Хай және Қаимсың (тірі және ұйқыдан пәксің). Аллам! Сенен жәннатты қалап, жаһаннам азабынан құтылуды тілесем де, соған сай амал ете алмай жүрмін. Аллам! Сенің мен үшін дайындаған бір сыйлығыңның бар екеніне сенемін және оны қияметте маған беретініңнен үміттенемін. Себебі сен берген сөзіңнен айнымайсың».

Хазірет Біләлдің дұғасы

Біләлдің (р.а.) әйелі Хинд былай дейді: «Білал ұйқыға жатар алдында, мына дұғаны оқушы еді: «Аллам! Күнәларымды кешіре гөр. Ауру-дертіме шипаңды беріп, өзің жарылқа».

Зәйд ибн Сәбиттің дұғасы

Зәйд ибн Сәбит (р.а.) төсегіне қисайғанда, былайша дұға ететін: «Аллаһым! Мені жақындарыма кіріптар етпеуіңді тілеймін. Арамыз үзіліп, араласпай кеткен ағайынның маған жаудырған қарғысынан Сенің аса кең рақымыңа сиынамын!».

Әбу Дәрданың дұғасы

Біләл ибн Сағыд (р.а.) былай дейді: «Әбу Дәрда:

– Аллам! Жүрегімнің және рухымның ғапылдыққа салынуынан өзіңе сиынамын», – деп дұға етуші еді.

– Жүректің және рухтың ғапылдыққа салынуы дегеніміз не?– деп сұрағандарға Әбу Дәрда:

– Барлық жерде менің дүние-мүлкімнің болуы, – деп жауап беретін».

Абдуллаһ ибн Омардың дұғасы

Нафи (р.а.) Сафада ибн Омардың былайша дұға еткенін айтады: «Аллам! Мені өз дініңмен қорға. Саған және Пайғамбарыңа мойынсұну бақытына жеткіз. Арам нәрселерден алыс қыл. Мені өзің сүйетін пайғамбарларыңды, періштелеріңді, шынайы құлдарыңды сүюшілерден қыл. Аллам! Мені өзіңе, пайғамбарларыңа, періштелеріңе және шынайы құлдарыңа сүйгіз. Аллам! Маған жәннатқа апаратын даңғыл жол бер. Жаһаннамға апаратын жолдарды жауып таста. Ақыретте және дүниеде маған кешірім жаса. Мені тақуа көшбасшылардан қыла гөр. Аллам! Сен:

«Менен дұға тілеңдер, мен де сендердің дұғаларыңа жауап берейін», (Мүмин 40/60) – демеп пе едің? Берген сөзіңді орындайтыныңды білемін. Аллам! Маған сыйлаған Исламды менен кері қайтарып ала көрме. Мені өз қасыңа алғанға дейін мұсылман болып қалуға жаз».

Абдуллаһ ибн Аббастың дұғасы

Саид ибн Жүбәйр айтады: «Ибн Аббас былайша дұға ететін: «Аллам! Жер мен көкке жарық беріп тұрған өзіңнің нұрыңның құрметіне мені өз қамқорлығыңа алуыңды және саған жақын жандардың бірі болуды тілеймін».

Фәдәла ибн Үбәйдтің дұғасы

Үммүд-Дәрда (р. анһа) әңгімелейді: «Фәдәла ибн Үбәйд былай дейтін: «Аллам! Тағдырыма және қазаға қағбақ шытпай разы болуымды, өлгеннен кейін тыныш өмір сүруді, сенімен қауышып, жамалыңды көруді аңсайтындардан болуды өзіңнен тілеймін. Алған бетімнен қайтаратын қиындықтардан және мені жолдан тайдыратын сынақтардан өзіңнің рақымшылығыңа сиынамын».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: