03
Жұма,
Мамыр

һижри

Жария және іштей зікірдің қайсысы абзал?

Жария және іштей зікірдің қайсысы абзал?

Ислам тарихы

Жария және іштей зікірдің қайсысы абзал? Зікір дауыстап та, іштей де айтыла береді. Қадария, Шәзилия секілді тариқаттар жария айтуды көбірек қолданса, Нақшыбандилер іштей айтуды таңдаған. Бұхаридың жинағында келген риуаяттан Алла елшісінің (с.а.у.) заманында да зікірді дауыстап айтудың бар екеніне куә боламыз.

Ибн Аббастан жеткен бір хадисте: «Адамдардың парыз намаздарын бітіргеннен кейін зікірді дауыстап айтуы – Алла елшісінің (с.а.у.) заманында бар болатын. Ибн Аббас: «Мен дауыстап айтылған зікірді естіген сәтте олардың намаздарын тәмамдағандықтарын білетінмін» деді». Әсілінде, зікірдің жария яки іштей айтылуы адамдардың табиғаты мен мінезіне, әртүрлі жағдайға байланысты да өзгеріп отырады. Мәшһүр ханафи ғалымы Ибн Абидин өзінің «Хашиясында» бұл жайлы былай дейді: «Құранды жария да, іштей де оқуды білдіріп келген хадистер тәрізді зікірді жария да, іштей де айтуды қажет ететін хадистерді бір-бірімен сабақтастырып түсінуге болады. Егер жария зікір ету риядан (көзбояшылықтан) сау болса, немесе басқа намаз оқып тұрғандарға бөгет жасамайтын әрі ұйықтап жатқандардың мазасын алмайтын болса онда жария зікір – «іштей зікір ету – зікірдің ең қайырлысы» деген хадиске қайшы келмейді. Кейбір ғалымдар жария зікірдің абзалдығын айтқан. Өйткені жария зікірде амал көбірек болады. Сондай-ақ оның пайдасы тыңдаушыларға датиеді. Зікір айтушының жүрегін оятады әрі ерік-жігерін белгілі бір пікірге шоғырландырып, ойын айтылған мағынаны тыңдауға бұрады. Ұйқысын оятып, белсенділігін арттырады». Имам ән-Науауи: «Зікір жүрекпен болатыны секілді тілмен де болады. Ең абзалы, зікірдің жүрекпен әрі тілмен бірге болғаны. Егер екеуінің біреуімен ғана жасайтын болса, онда жүрекпен жасалған зікір абзал болады. Сосын риядан қорқып, тілмен зікір айтуды тастауға болмайды. Тілмен де, жүрекпен де айтқан дұрыс. Әрине, бұлардың бәрінде тек Алланың разылығын мақсат ету ләзім».

Зікірдің нақты сандары бола ма? Сопылық тариқаттарда «мына зікірді күніне 100 рет, ал мынаны 1000» рет айту қажет деп кейбір зікірлерді санмен белгілеп, мүридтерді міндеттеп жатады. Білейін дегенім, зікірді белгілі бір санмен белгілеп, айтқызудың шариғатта негізі бар ма? Намаз соңындағы 33 рет «субханалла», 33-рет «әлхамдулилла», 33-рет «Аллаһу әкбар» деп белгілі бір мөлшерде тәспі тартудың сауаптылығын айтқан хадистен көпшілігіміз хабардармыз. Бұдан өзге де зікірлерді белгілі бір мөлшер, санмен айту Алла елшісінің (с.а.у.) бірқатар хадистерінде білдірілген. Мысалы, Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім «Лә иләһә иллаллаһу уахдаһу ләә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа ъала кулли шаийн қадиир» деп күнде 100 мәртеден қайталап айтатын болса, оған жүз құлды азат еткеннің сауабы және жүз жақсылық жазылады. Жүз жаманшылығы өшіріліп, сол күні кеш батқанға дейін шайтанның кесірінен аман болады. Осыны артығымен жасаған адамнан тыс ешбір адам бұдан артық амал жасай алмайды» деді. Бұл хадисте аталған дұғаны 100 мәрте айту меже ретінде көрсетілсе де, бұл мөлшерден асырып айтуға еш бөгет жоқ, тіпті сауап. Хадис соңындағы «Осыны артығымен жасаған адамнан тыс ешбір адам бұдан артық амал жасай алмайды» делінген сөйлемнен осыны аңғаруға болады. Алла елшісі (с.а.у.): «Әй, иман келтіргендер, Аллаға тәуба етіңдер. Мен күніне жүз мәрте истиғфар айтамын», – деп, өзінің де бір зікір-дұғаны белгілі мөлшерде айтатындығын меңзеген. Басқа бір хадисте Хақ елшісі (с.а.у.): «Күніне мың жақсылық жасауға сендердің шамаларың келе ме? Бірге отырғандардың біреуі: «Біз қалай мың жақсылық жинай аламыз?» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жүз рет Алланы (субханалла деп) пәктейтін болса, оған мың жақсылық жазылады немесе мың қатесі өшіріледі», – деген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім жүзрет «Субханаллаһи уа бихамдиһи» деп айтатын болса, оның теңіздің көбігіндей қателері болса да кешіріледі», – делінген.

Хадис жинақтарында жоғарыда мысал ретінде келтірілген дұға-зікірлерден тыс Алла елшісінің (с.а.у.) басқа да түрлі дұғаларды белгілі мөлшерде айтуға шақырған хадистері жеткілікті. Алла елшісінің (с.а.у.) әр жағдайларда айтқан, сауаптылығын көрсетіп айтып жүруге шақырған барлық дұға-зікір, мінәжаттарды, салауаттарды бір күнде яки белгілі бір уақытта толықтай қамтып айту мүмкін емес. Сондықтан әркім өзінің рухани қажетіне, білім деңгейі мен жағдайына қарай сол дұға зікір, салауаттардан таңдап, өзінің күнделікті дағдысына айналдырып оқығаны жақсы. Белгілі бір уақыттан кейін мүмкіндігіне қарай ауыстырып отырған да дұрыс. Кәміл мүршид әр мүридтің жеке жағдайына, рухани деңгейіне, тіпті мінез-табиғатына, бағындырған мақамдарына, рухани күйіне қарай дұға-зікір, салауат түрлерін және олардың мөлшерін белгілеп отырады. Мүридтің деңгейі көтерілген сайын мөлшерін көбейтіп немесе ауыстырып отырады. Кісі белгілі бір зікірді көп мөлшерде тілмен қайталап айту арқылы мағынасын жүрекке орнықтырып, табиғатына сіңдіреді.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: