28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Құран жаратылыс емес, 
ол – Алланың кәламы

Құран жаратылыс емес, 
ол – Алланың кәламы

Ислам тарихы

Қасиетті Құран – кәламулла. Яғни, Алланың кәламы. Кәлам – Алла тағаланың зати (затында), қадим (ежелден бар) сипаты, кейіннен пайда болмаған. Немесе жаратылыс емес. Бұл Алла тағаланың өзге де сипаттары сияқты қадим сипаттарының бірі. Кәлам – сөз, сөйлеу мағынасын білдіреді. Алла тағала осы сипатымен бұйырады, тыяды және хабар береді.

Қасиетті Құранды жаратылыс деу мәселесі Ислам тарихында «Михнәту халқил Құран» деген атпен белгілі. Мұсылмандар арасында бұл бүліктің туындауына христиандардың ықпалы ерекше болды. Һишам ибн Абдулмаликтің заманына дейін Омаядтардың қызметінде болған Йоанн Дамаский мұсылмандардың сенімін бұзу мақсатында кейбір христиандарды мұсылмандармен таласуға итермеледі. Ол: «Араб сенен Мәсіх туралы сұраса, ол «Алланың кәлимасы» деп жауап бер. Содан кейін: «Құран Мәсіх туралы не дейді?» – деп сұра. Ол: «Мәриямұлы Иса Мәсіх тек Алланың елшісі әрі Мәриямға тастаған сөзі ғана, сондай-ақ, ол Алладан келген рух» (Ниса сүресі, 171-аят) деп жауап береді. Сол кезде сен: «Алланың кәламы және рухы жаратылыс ба, әлде жаратылыс емес пе?» – деп сұра. Егер ол: «Жаратылыс», – деп жауап берсе, онда мұсылмандардың көзқарасында «Алланың кәламы жаратылыс» деген діннен шығады. Ал «Алланың кәламы жаратылыс емес, қадим» десе, Мәсіхты да қадим деген болады»[77] деп, мұсылмандардың көңіліне күдік салумен айналысты.

Христиандар Мәсіхты құдай, ол ежелден бар деп сенеді. Сөйтіп, бұл қате пікірлерін Құрандағы «Мәсіх тек Алланың елшісі әрі Мәриямға тастаған сөзі» деген аят арқылы дәлелдегісі келеді. Алланың кәламы Құран қадим болса, Мәсіхты да «кәлима» деп айтып тұрсыңдар. Демек, Мәсіх та қадим болған құдай деп уәж айтады.

Аталмыш аят туралы имам әл-Жассас: «Мәсіх тек Алланың елшісі әрі Мәриямға тастаған сөзі ғана» аятын Хасан және Қатададан жеткен риуаятта: «Алла Исаға (а.с.): «Тек қана: «Бол!» – деді, (сонда ол бірден) бола қалады» (Бақара сүресі, 117-аят) аятымен Исаның (а.с.) жаралуына қатысты әмірі» деп 

түсіндіргенін айтады». Яғни, Құран – Алла тағаланың қадим кәлам сипаты. Ал, Мәсіх Алла тағаланың кәламы сияқты қадим емес, бәлки кейіннен жаралған жаратылыс. Немесе Алла тағаланың кәламындағы «Бол!» үкімінің мақсаттаған жаратылысқа айналу түрі болмақ.

Христиандардың бүлігімен қатар Жағд ибн Дирһамның алғаш Құранды жаратылыс деуі Жаһм ибн Сафуанның Алланың кәлам сипатын және Мұғтазила ағымының Алла тағаланың кәлам сипатын, басқа сипаттарын да жоққа шығаруы Ислам әлемі үшін қатерлі ісіктей қауіпке айналды. Бұл адасқан ағымдарға Аббасилер кезеңіндегі Маьмун, Мұғтасам және Уасиқ атты халифалар да қолдау көрсетті. Құран жаратылыс емес деген фиқһ пен хадис ғалымдарын қыспаққа алып, түрлі жазаға тартты. Сол ғалымдардың бірі Ахмад ибн Ханбал болатын. Оны «Құран жаратылыс емес» деген сөзінен қайтару мақсатында бір жарым жыл қамаққа қамап, дүре соғып азаптайды. Алайда қазақтың: «Аққа құдай жақ» дегеніндей, имам Ахмад ибн Ханбал сенімінде берік тұрып, қиындықтарға төзе білді. Сөйтіп, Алла тағаланың кәламы Құранды адамдар жаратылыс ретінде танып, Оған бей-жай қарауынан аман алып қалды.

Ислам ғұламаларының Құран жаратылыс емес екенін дәлелдеп, бұл тақырыпта жазған жүздеген еңбектерін кездестіреміз. Хәлімізше, бұл мәселе төңірегінде қысқаша тоқталар болсақ, Әбу Ханифа «Фиқһул әкбар» еңбегінде: «Алла жаратқан жаратылысының ешбіріне ұқсамайды. Жаратылысының ешбірі де Оған ұқсамайды. Оның зати және фиғли (ісі) есімдері мен сипаттары болды, бола береді. Зати сипаттары: хаят (тірі), құдра (құдірет), ғилм (білім), кәлам (сөйлеу), самғ (есту), басар (көру) және ирада (қалау)...» деп, кәлам Алла тағаланың зати сипаттарының бірі екенін айта келіп: «Құран – қағазға жазылған, көңілдерде сақталған, тілдерде оқылған және Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түсірілген Алла тағаланың кәламы. Құранды дыбыстаған сөзіміз, әріптермен қағаз бетіне жазуымыз және дауыспен оқуымыз жаратылыс. Құран Өзі жаратылыс емес (басталуы мен аяқталуы жоқ Алланың зати сипаты)» деп, Құранның кейіннен қағазға жазылуы, дыбысталып оқылуының Алла тағаланың кәлам сипаты болғанына бір кедергісі жоғын айтады.

Мұғтазила ағымы: «Алланың кәламы адам баласының кәламы сияқты кейіннен пайда болған бір болмыс. Себебі, Алла тағаланы «Мүтәкаллим» яғни, сөйлеуші десек, онда сөз сол заттың қалауымен пайда болған болады. Егер де Алланың кәламы қадим десек, оның өз ерекшеліктері болуы керек. Естілетін дыбыс пен мағынасы бар әріптер Құранның қадимдық ерекшелігіне сай келмейді. Бұл екеуі де жаратылыс нәрсе. Алла тағаланың әмірі, тыйымы, хабар беруі және пайғамбарға үйрету арқылы іске 

асырылуы да жаратылыстың белгілері. Әрі Құранның бір нұсқада өзгеріссіз сақталуы, бір аят басқа бір аяттың үкімін жоюы және аят, сүрелерден құралуы да жаратылыс екенін білдіреді» деген түсінікпен Алла тағаланың кәлам сипатының қадимдығын мойындамайды.

Мұғтазила ағымының бұл көзқарасы дұрыс еместігін және келтірген дәлелдері жалаң, бір жақтылы түсінік екенін әһлу сунна уәл жамаға ғалымдарының аяттарға берген түсініктемелері негізінде ретімен жауап береміз.

Имам Матуриди: «Алла тағаланың кәлам және фиғл (іс-қимылды білдіретін) сипаттары да, басқа сипаттары да қадим. Алла тағала затында, сипатында ұқсасы жоқ. Оның сипаттарына жаратылысқа тән өзгеру, жоқ болу сынды кемшілікті телу дұрыс емес. Алла тағаланың кәлам сипаты адам баласының кәламынан өзгеше. Оған дәлел: Құранның мұғжизалығы. Сондай-ақ, адам баласы Құранда баяндалған құмырсқа, һудһудтың сөзін және таулардың Алланы пәктеген тәсбихатын түсіне алмайды. Демек, бұлардың тілі адамның тіліне ұқсамайды, Алла тағаланың кәламын қалай адам баласының сөзіне ұқсатпақ. Адам баласы оқыған Құран Алла тағаланың зати кәлам сипатына ишарат ететін дәлелі» деп жауап береді.

Алла тағаланың қадим кәлам сипатын шектеулі материалдық тұрғыдан пайымдауға келмейді. Бұл дүниенің өзінде әр жануардың өзіне тән сөйлейтін тілі барына басқа аяттар да дәлел болады. Әрі Құран Алла тағаланың кәламы екеніне мұғжизалығы куә. Дыбыс және әріптердің жаратылыс екеніне әһлу сунна уәл жамаға ғалымдары да келіседі. Бірақ бұл Құранның өзі жаратылыс дегендік емес.

Жоғарыдағы Мұғтазила ағымының кейбір дәлелдеріне қатысты имам ән-Нәсафи: «Оның сақтаушысы да Өзіміз» (Хижр сүресі, 9-аят) деген аят Құранның Алла құзырынан түскеніне дәлел. Әрі Алладан басқа адам баласы немесе басқа бір жаратылыстың сөзі болғанда, кемшілікке толы болар еді деп жауап берсе, имам Матуриди да: «Біз қандай да бір аяттың үкімін (толық яки жартылай) жоятын немесе ұмыттыратын болсақ, орнына одан да абзалын, яки соған ұқсасын түсіреміз» (Бақара сүресі, 106-аят) деген аят бір аяттың үкімі белгілі бір уақытқа дейін бекітіліп, орнына басқа бір үкімнің іске асуы мағынасында. Бұл Алланың кәламында өзгеріс болғанын білдірмейді, Және де: «Бұл (Құран) – аяттары кемеліне жеткізіліп, содан кейін жан-жақты баяндалды» (Һуд сүресі, 1-аят) деген аяты болса, Құранның әрбір аяты Құран Алланың кәламы, жаратылыс емес екеніне жеткілікті дәлелдер, белгілер» деп түсіндіреді.

Ал Камалуддин әл-Бәснауи: Мұғтазила ағымының Құрандағы: «Бұл (Құран) мүбәрак насихат» (Әнбия сүресі, 50-аят), «Рахманнан жаңа бір үгіт келсе ...» (Шұғара сүресі, 5-аят), «Біз ол Кітапты 

арабша Құран түрінде түсірдік» (Юсуф сүресі, 2-аят), «Бұл (Құран) – аяттары кемеліне жеткізіліп, содан кейін жан-жақты баяндалды» (Һуд сүресі, 1-аят) сынды аяттар туралы: «Насихат Құранға тән ерекшелік. Құран араб тілі сөздерінен құралған. Әрі Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аят, сүрелер бөлек-бөлек түсіп, кейбірі кейбірінің үкімін жойды. Бұның бәрі Құранның жаратылыс болғанын көрсетеді деген көзқарастары дұрыс еместігін айтып, жауап ретінде: Құран Алла тағаланың кәлам сипаты екендігінің дәлелі: әріптер, сөздер және аяттар. Адамдар бұл мәселені түсінуде аят, сүрелердің бөлек-бөлек болып, сол халықтың тілінде түсуіне мұқтаж» деп, имам Матуриди көзқарасын қуаттайды.

Камалуддин әл-Бәснауи тағы да Мұғтазила ағымының Алла тағала: «Біз елші етіп Нұхты (а.с.) жібердік» (Нұх сүресі, 1-аят), «және Мұса (а.с.) айтты» (Юнус сүресі, 88-аят) деп, әлі жүз бермеген пайғамбар және мүміндер, Перғауын, Ібіліс және басқа кәпірлер жайлы хабар беруі шындыққа қалай жанасады?!» деген пікіріне былай жауап береді: Бұл жаратылыстар жаратылмай тұрып, сол жайлы хабар беру Алла тағаланың қадим кәлам сипаты болғанына қайшы емес. Өйткені, Алланың кәламы өткен шақ, осы шақ және келер шақ деп заманмен өлшенбейді. Уақыттың өтуі Алла тағаланың ежелде бар кәлам сипатына бір өзгеріс енгізбейді деп жауап береді.

Біздің бұдан түсінеріміз, Алла тағаланың кәламы жаратылыс емес, қадим екендігі. Оны жаратылыс деп түсіну Алла тағаланың Өзіне тән қадим сипатын жоққа шығару, шек келтіру болмақ. Ал Алла тағаланың барлық сипаты қадим.

материал «Құранның алғашқы бұйрығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: