13
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Сахабалардың көзіне көрінген періштелер

Сахабалардың көзіне көрінген періштелер

Ислам тарихы

Айша (р.а.) анамыз баяндайды:

«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлдекімнің дауыстағанын естіп, сыртқа жүгіріп шықты. Кім екенін көру үшін мен де оның артынан ердім.

Қарасам әлгі кісі Дыхиятүл-Кәлби екен. Сәлдесінің ұшын екі жауырынының арасына жіберіп, атының мойнынан қапсыра құшақтаған күйі тұр екен. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйге қайтып оралғаннан кейін маған:

– Сен де маған ілесіп сыртқа шықтың ғой. Әлгі кісі Дыхиятүл-Кәлби екен. Оны көрдің бе? – деді.

– Иә, – деп жауап бердім. Расулалла:

– Ол Жәбірейіл періште болатын. Маған Қурайза тайпасына жорыққа аттануыма бұйрық берді, – деді.

Ибн Аббастың Жәбірейілді көруі

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Әкем екеуміз Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында отырған болатынбыз. Пайғамбарымыздың қасында онымен сыбырласып сөйлесіп отырған тағы бір адам бар еді.

Ол кісінің әкемнен жүзін жасырып отырғанын байқап қалдым. Алла елшісінің қасынан кеткеннен кейін әкеме:

– Әкешім, Пайғамбарымыздың қасында онымен жасырын сыбырласып сөйлесіп отырған бір кісі бар болатын, – дедім. Әкем мені ертіп, дереу Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайта барды да:

– Ей, Алланың расулы! Абдуллаһ маған әлгінде сенің қасыңда сыбырласып сөйлесіп отырған біреу болғанын айтты. Сол рас па? Шынымен қасыңда біреу бар ма еді? – деді. Алла елшісі менен:

– Абдуллаһ, сен оны көрдің бе? – деп сұрады.

– Иә, көрдім, – дедім.

– Ол рас, сендерге көңіл бөлуге Жәбірәйл Әмин мұрша келтірмеді, – деді Алла елшісі»

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: