14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Харамнан алыстау үшін қулыққа аяқ басу да – харам

Харамнан алыстау үшін қулыққа аяқ басу да – харам

Ислам тарихы

Ислам бірқатар істерге ашық тыйым салғаны секілді, тыйымдарды орындамаудың жолын қарастырып бағатын қулыққа негізделген пиғылға да тыйым салған. Қулық – кісінің өзіне жүктелген бір үкімді мойнынан түсіру немесе харам етілген нәрсені мубах етіп алу үшін әрқандай қадамға баруы. Осылайша өзіне уәжіп етілген істің мойнынан түсуі, харам етілген нәрсенің халалға айналуы. Мұндай қулықтың табиғатына, үкіміне қатысты фақиһтар арасында әрқилы көзқарастар болғанымен де, харамды мубах ететін қулық әрекетіне барудың жайыз емес екендігі аят, хадистерде айтылған.

Ұлы Жаратушы бұл мәселеде шектен шыққан Исраил ұлдарының әрекетін былай деп баяндайды: «Араларыңнан қасиетті сенбі күні (күнәға батып) шектен шыққандарды әлбетте білесіңдер. Сонда Біз оларға: «(Белгілі тұрағы жоқ, қайда барса да сыймайтын) қор, жексұрын маймылдар болыңдар», – дедік»; «(Уа, Мұхаммед!) Сондай-ақ олардан теңіз жағасында орналасқан шаһар жайлы сұра. Шаһар халқы (Алланың) сенбі күніне қатысты («балық ауламаңдар», деген үкіміне бағынбай) шектен шығушы еді: Алғашында олар сенбі күніне қатысты үкімге бағынғандарында, сол күні балықтар жағалауға дейін қаптап келетін еді. Ал балық аулауға тыйым салынбайтын сенбіден басқа күндері мүлдем келмейтін еді. Міне, иләһи үкімдерге бағынбай шектен шығатындықтары үшін оларды осылай сынайтын едік».

Исраил ұлдарына сенбі күні балық аулауға тыйым салынады. Бірақ дәл сол күні теңізде балық ерекше көп болады. Мұны көрген олар нәпсілеріне ерік беріп, қулыққа бара бастайды. Яғни, сенбі күні балықтың бәрін торға қамап, жексенбі күні барып оны алады. Бір қарағанда олар Алланың «Сенбі күні кәсіппен шұғылданбаңдар» деген бұйрығына мойынсұнып тұрған секілді көрінеді. Алайда олар сенбі күні балықтарды аулап қойып, тек жексенбі күні ғана алып отырды. Бұл оқиғадан мұсылмандар үшін үлкен сабақ бар. Яғни, тыйым салынған істерде әртүрлі қулыққа барып, орындамаудың амалын жасауға болмайды.

Дәл осындай тыйым пайғамбар сүннетінде де кездеседі. Ардақты пайғамбарымыз шариғатқа сай бауыздалмаған малдың еті мен арақтың харам екендігін айтқанда, кейбір сахабалар: «Уа, Расулалла. Өлген жануардың майымен кемелер майланады және ол май майшамға (свеча) қолданылады. Біз де майды осы мақсатта қолдана аламыз ба?» – деп сауал тастайды. Сонда Алла елшісі мұның харам екендігін ескертіп: «Алла тағала яһудилерге лағынет етсін. Алла оларға қатты майды харам етті. Алайда олар әлгі майды ерітіп сатты және одан түскен қаражатты қолданды». Бұл хадистен түсінетініміз Алланың тыйым салған нәрселерін қулыққа сүйеніп жасау Жаратушының азабына душар ететіні және мұндай әрекет ашуға ұшыраған яһудилердің әрекетіне ұқсап қалатындығы белгілі болады.

Бұл хадис сонымен қатар өлексенің барлық бөліктерін харамға жатқызатын имам Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбалдың келтірген дәлелдерінің арасында бар. Әбу Ханифа мен имам Мәліктің көзқарастары бойынша, өлексенің сүйек, тіс, жүн, тырнақ және мүйіз секілді жансыз ағзалары нәжіске жатпайды. Себебі, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пілдің сүйегінен жасалған тарағы болғандығы риуаят етілген. Әсіресе, бұл хадистің үкімі иленгенде өлексе терісінің тазаратынын білдіретін хадистер секілді басқа да риуаяттар арқылы тахсис етілген (жалқыланған). (Бәдруддин Әбу Мухаммад Махмуд ибн Ахмад әл-Айни, «Умдату әл-Қари шарху Сахих әл-Бұхари», Бейрут. Дару әл-Кутуби әл-Илми, 2001, ХІІ, 77-79 беттер.)

Тағы бірде Алла елшісі өліп қалған қойды көргенде оның терісін алып, қолдануды өсиет етеді. Сонда ол жердегілер бұл қойдың арам өліп қалғанын айтқанда ол кісі былай деді: «Мұның желінуі ғана харам» (Бұхари, Зекат, 61; Мүслим, Хайыз, 101). Жоғарыдағы хадис пен осы хадис арасында сырттай қарағанда өзара қайшылық бар секілді көрінеді. Ең алдымен айтарымыз, бұл хадистің мағынасын тікелей түсінуге болмайды. Себебі, терінің тек иленгеннен кейін ғана таза болатындығына қатысты көптеген риуаяттар бар. Төрт мәзһап имамдарының көзқарасы да осыған саяды. Олай болса өлексенің терісі иленбейінше таза болып саналмайды. (Қараңыз: Ибн Баттал, «Шарху Сахих әл-Бұхари», Рияд. Мактабату әр-Рушд, 2003, V, 441-бет.)

Алғашқы хадисте кемелерді майлауға немесе майшамды жағу үшін қолдануға рұқсат етілген нәрсе желінуі харам болған өлексенің майы. Ал екінші хадисте де оның мубах екендігіне қатысты үкім жоқ. Керісінше екінші хадисте жануардың желінбейтін ағзаларын қолдануға рұқсат беріліп тұр. Хадистің кейбір риуаяттарында мынадай сөз бар: إِنَّمَا حُرِّمَ لَحْمُهَا «Мұның желінуі ғана харам» (Ахмад ибн Ханбал, «Мүснад», V, 415; Дарақутни, «Сүнан», І, 43; Табарани, «әл-Муғжам әл-Кабир», ХХІІІ, 428; Абдураззақ, «Мусаннаф», І, 62). Бұл жерде етті арнайы атап айтуы оның көп бөлігін білдіру мақсатында. Өйткені қандай да бір жануардың көп жағдайд еті желінеді. Осы тұрғыдан қарағанда бұл екі хадистің арасында ешқандай да қайшылық жоқ.

Ардақты Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде харам етілген нәрседен түскен табыстың да харам болатындығын айтқан. Демек, Ислам діні харам етілген нәрсені қандай жолмен болсын қолдануға тыйым салады. Басқаша айтар болсақ, харам етілген нәрсенің өзін тікелей қолдану харам болғаны секілді, оның орнына қолданылып жатқан нәрсені қолдану да харам деген сөз. Себебі бір нәрсенің орнында тұрған нәрсе сол нәрсенің үкімін алады. Оның үстіне харамның харам болу себебі харам етілген нәрсенің хақиқи болмысына байланысты. Егер харамдық сөздің мағынасы мен мақсатына қарай болатын болғанда яһудилер лағынетке ұшырамас еді.
Бұл үмбет «сусын» деген атпен ішімдікті, «сауда» деген атпен пайызды, «сыйлық» деген атпен параны адал санап (яғни, сауабы ақиретте болатын зекет құлшылығын дүниелік мақсатта қолданған кезде), зекетті саудаға салған кезде құрдымға кетеді. Өйткені мұндай жағдайда олардың күнәлары көбейеді.
Бұл хадистер Алланың харам еткен нәрселерінің есімдері мен кейіптерінің өзгеруімін оның харам сипаты жойылмайтындығын білдіреді. Мұнда әртүрлі болжам мен түсіндірмеге сүйеніп «неке» атауын қолданып зина жасап, «әшекейлену» сөзін қолданып жібек киім киіп, «сыйлық» атауын қолдану арқылы пара беріп, түрлі атауларды бетперде етіп жамандық жасап, «сауда» атауын қолдану арқылы пайыз жейтін адамдардың Алланың тыйым салған нәрселерін жоққа шығаруда. Егер атауы мен түр-түсі өзгеруімен үкім өзгеретін болса, онда дін дін болмайды. Олай болса, аталмыш хадистер есімі өзгергенмен, үкімі өзгеріссіз қалатындығына дәлел болады. Себебі үкімдер мәселенің сыртқы көрінісіне емес, мағына мен мақсатына байланысты болады.

материал «Адал ас» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: