18
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламға дейін тарих сахнасындағы әйелдің рөлі қандай еді?

Исламға дейін тарих сахнасындағы әйелдің рөлі қандай еді?

Ислам тарихы

Исламға дейін тарих сахнасындағы әйелдің рөлі қандай еді? Мәселен, гректерде әйел баласын басыбайлы саудаға салатын. Ал римдіктер үшін әйел заты қалтарыста қалған, барлық дүниеден мақрұм еді. Оны ақылының, ой-өрісінің келтелігінен деп санайтын. Француздарға келер болсақ, Исламның келуі былай тұрсын, тіпті бертінде ғана 1586-жылы бұл елде «Әйел адам ба, жоқ әлде басқа бір мақлұқ па?» деген тақырыпта конференция өткізіліп, ұзақ әрі қызу тартыстың нәтижесінде «Әйел – адам, бірақ ол тек еркектің қызметі үшін ғана жаралған» деген байлам жасалды.

Француз төңкерісіне дейін ол мемлекетте әйел баласы ешкім болып саналмайтын. Революция орнағаннан кейін де заң бойынша әйел ешқандай келісімшарт түзуге (сатуға, сатып алуға, меншік иесі болуға т.с.с.) құқылы емес-тін. Бұл жағдай 1938-жылға дейін өзгеріссіз қалды. Ал ағылшындарда 1805-жылдарға дейін мемлекеттің заңы бойынша ер адамға өз әйелін сатуға рұқсат етілетін. Бүгінгі күні өркениет сатысының шыңына шығып отырған америкалықтарда ХХ ғасырдың басына дейін әйел және әйел құқығы аяққа тапталып келген. Олар 1920- жылы ғана әйелге өз құқығын берген. Тарихи шындық – осы. Бұл елдерде әйелдерге өз құқығын алу үшін ғасырлар бойы төзуге, тер төгіп қайғылы күрес жүргізуге тура келді.

Ал Ислам ше? Ислам әйелге әуелден-ақ терең көзқараста болды. Адамзат баласы Исламнан өзге әйелдерді барынша құрметтеген ешбір дінді басынан өткізбеген. Бұл құрмет Ұлы Жаратушымыздан бастау алады, бұған қасиетті Құрандағы «Ниса» (әйелдер) сүресі мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жақсылықты әуелі анаға жасауға нұсқаған өсиеті дәлел. Әйелдің басты қасиеті – арлылық, ол – әйелдің қазынасы. Осы қағиданы ту етіп ұстап, әрдайым арлылықтың үлгісін көрсеткен аналарымыз тарихта аз болмаған. Олардың өнегелі өмірі – барша мұсылман әйелдеріне үлгі, сондықтан бүгінгі және кейінгі ұрпақ асыл аналар салған сара жолмен жүруге міндетті және бұл – әлдеқайда қайырлы, дүние мен ақырет бақытына жеткізетін тура жол. Алла тағала: «Ей, адамдар! Сендерді бір жаннан жаратқан және одан (ол жаннан) жұбын жаратқан, сондай-ақ ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», – деген. Яғни мұнда әйелдің Адам ата (аләйһис-сәләм) заманынан бергі адамзаттың анасы екенін ескертті. Басқа аятта: «(Еркектердің әйелдердегі құқықтары) сияқты әйелдердің де (ерлерде) белгілі құқықтары бар. Еркектер олардан бір дәреже үстем», – деген. Еркектің әйелден бір дәреже артықтығы – оның нәпақа табуында. Бірақ еркек пен әйел шариғат пен заң алдында бірдей. Ал Пайғамбар (с.а.с.): «Мүміндердің ішіндегі ең иманы толық, мінез-құлқы жақсысы – өз отбасына (әйеліне) жұмсағы», – деп айтқан.

Демек, әйел құқықтарының бірі – оған күйеуінің жақсы қарым-қатынас жасауы. Ер адамның жеке басының жақсы болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар оның өз әйеліне де қарым-қатынасы түзу болуы тиіс. Алла тағала: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне қамқоршы. Олар жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарады, намаз оқиды, зекет береді және Аллаһ пен Оның елшісіне бағынады», – деген. Бұл аяттан ұғарымыз – Аллаһ тағала иман келтіруде, сенімде, ғибадатта, ислами көзқарасты қалыптастыруда әйелге ер адаммен бірдей міндет жүктеді, еркектермен қатар әйелдерге де қатысты шариғат үкімдері бекітілді және жомарт, кеңпейіл Алла тағала әйелден түрлі игілікті аямады. Оған жақсылықтың – ғибадаттың есіктерін айқара ашты, ардақтап, құрмет үстіне құрмет көрсетті. Әйелге аңсаған, сағымға айнала бастаған арманы – еркіндік пен отбасылық құқықты сыйлады, келісімшарттың кез келген түрін түзе алатын болды (сатады, сатып алады, меншігіне алады, иелік етеді т.с.с.). Ислам әйелге өз басына өзі жауап беретін жеке тұлға ретінде қарады. Мейлі қыз, мейлі әйел болсын, ол тек өзінің разылығымен ғана тұрмысқа шығады, күштеп күйеуге берілмейді.

Бірақ, өкінішке қарай, дәл қазіргі уақытта қоғамымызда қыз алып қашу, бақай есеппен тұрмысқа беру сияқты жаңа жәһилияттың белең алуының куәсі болып жүрміз. Ашып айтуымыз керек, мұндай әрекеттердің Исламға еш қатысы жоқ! Бұл – адамдардың үлкен қателігі. Бұл – олардың әйелдерге қатысты әділетсіздіктері. Бәлкім, мұны баз біреулер «Ислам елдерінде осындай, әйелде ерік жоқ, Ислам қалауы осылай» деп бөсуі мүмкін. Ал біздің айтарымыз: «Жоқ, олай емес!!!» Керісінше, Ислам әйелге ғажап та ұлы дәрежелер берді. Амал нешік, Аллаһ тағала әйелге берген сол игіліктер мен нығметтер сақталмай отыр. Тіпті Исламның мамыражай бейбіт күнінде әйел құқығын таптауға қайта орала бастағандаймыз. Алайда хақиқи Ислам әйелге табиғи жаратылысына сай жеңілдіктермен шариғат міндеттерін жүктеді, отбасы есігін ашты, күйеуінің үйіне жауапты етті, еркектен отбасылық көркем мінез-құлық талап еткеніндей, одан да отбасында әдепті болуды талап етті. Отбасын құру, бейбіт қоғам қалыптастыру мәселелерінде, бала тәрбиесінде әйелге ер кісімен бірдей жауапкершілік жүктеді. Ислам әйелге заң алдында теңдік берді. Ол қоғамда әйел болғандығы үшін кемсітілмейді, құқығына қол сұғылмайды және зұлымдыққа ұшырамайды. Әйел үйде отырып-ақ күйеуі мен балаларына ақыл-кеңес береді. Қазақтың «қабырғаңмен кеңес» дегені осыған саяды. «Әрбір ұлы еркектің артында әйел тұрады...» деп сондықтан айтылса керек. Мұның айқын дәлелі – «Худайбия» келіссөзінде мүміндердің анасы Умму Сәләманың (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымызға (с.а.с.) ақыл-кеңес беруі еді. Оқиға төмендегіше өрбіген болатын.

Мүшріктермен түзілген келіссөздің кейбір шарттарын мұсылмандар өздерінің құқығын таптау деп ойлаған-ды. Ең бастысы, олар умраға ниет етіп, ихрамға кіріп отыр. Келісімшарт бойынша олар сол жылы умра жасамаулары керек болатын. Сондай-ақ мұсылмандарға ауыр тиген шарттардың бірі кімде-кім Меккеден қашып шығып, Мәдинаға келсе, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны мүшріктерге қайтарып беруге тиіс болғаны еді. Дәл осы келісімшарт аяқталған кезде меккелік мұсылмандардың бірі Әбу Жәндәл (Алла оған разы болсын) кәпірлерден қашып, Худайбияға келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны мүшріктерге қайтарып береді. Мұның соңы сахабаларды Мәдинаға қайту үшін құрбан шалып, шаш алдыруға бұйырған Пайғамбардың (с.а.с.) әміріне жауап қатпауға апарып соқтырады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелі Умму Сәләманың алдына қапаланып, қабағы түсіңкі кіреді. Мән-жайды сұрап білген Умму Сәләма бұл істі жеңілге санап, Пайғамбарымызға (с.а.с.) өзі бастап сахабалардың алдында құрбан шалып, шашын алдыруға кеңес береді. Оның кеңесімен Пайғамбар (с.а.с.) солай жасағаннан кейін ғана сахабалар келіссөздің қайтарылмас шешімге айналғанына көзі жетіп, жапа-тармағай құрбан шалып, шаш алдырып, ихрамнан шығуға кіріседі. Кейіннен Алланың елшісі (с.а.с.): «Олардың маған бойсұнбағандықтары үшін құрып кетулерінен қорықтым», – деп айтып жүрген. Осы қауіптің алдын алған парасатты әйел, анамыз Умму Сәләма еді. Біз – әйелдердің әр ғылым саласында да табысқа жеткенінің куәсіміз. Ислам әйелді барлық салада өнеге етті. Олардың арасынан хадис, фиқһ және басқа ғылым салаларынан көптеген ғалым аналар шыққан. Бізге әйелдердің дін жолындағы күреске қалай атсалысқаны да мәлім. Мұсылмандарды қорғау, дін тарату, қайырымдылық шаралары, жақсылыққа үндеу секілді істердің барлығы да әйелдердің қажырлы еңбегі арқылы жүзеге асқаны және осы өнегелі дәстүрдің күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқандығы ақиқат.

Мықты үмбет – өз идеясын, өз пайым-парасатын, өз мүддесін қалыптастыра алған үмбет. Үмбет біреудің түсінігімен немесе біреудің сөзімен құрылмайды. Үмбет үшін әйелдің орны ерекше. Осы түсінік қазіргі дәуір әйелдерінің арасында қалыптастырылуда, таратылуда және сонымен қатар жойылуда. Әйел болсын, ер болсын кез келген мұсылман біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Пайдалана алмай, қолдана алмай жатқан осы күш-құдіреттерді қарқынды түрде іске қосуға тиіспіз. Бір ғұлама: «Қоғам бір аяқпен секірсе, қалай дамысын?! Үмбет жалғыз еркектермен кемелденбейді. Тұлғалы үмбет екі аяқтап секіреді, яғни еркек және әйелмен», – деген екен. Ислам Батыстың шетке қаққан ұлы негізін нақтылау үшін жіберілген. Әйел баласы тек тәннен тұрмайды, олардың ең басты құндылығы – рухын шетқақпайлауға болмайды. Бүгінгі Батыста әйелдің қоғамдағы орны қандай? Әрине, ғылым мен техникасы шарықтап тұрған Батыста ғалым, саясаткер әйелдердің бар екені бәрімізге белгілі, бірақ олардың арасындағы ең танымалдары кімдер? Олар – ақша үшін сәні былай тұрсын, тәнін сататын фотомодельдер, бай-манаптың қалтасы ғана көтеретін топмодельерлер, айтқан әнімен, ойнаған рөлімен дүйім жұртты өздеріне тәнті қылатын әншілер, әртістер. Ал Ислам әйелді мұндай өткінші, арзан, уақытша ғана жасайтын нәрселермен емес, ерекше басымдылық арқылы көтермелейді. Мысалы: көркем мінез-құлық, дағуат, фиқһ мәселелері, ой-пікір, поэзия, пайдалы білім, ғибадат... және бұлар тіршіліктің барлық саласын қамтиды. Бұлардың әрбіреуі ерекше үлгі және онда ұлы даналық бар. Ислам түгелдей үмбетті түзету, бүкіл адамзат қоғамын жоғары көтеру, қалыптастыру үшін ең әуелі әйелді осындай 14 маңызды нәрселермен тәрбиеледі. Міне, Исламдағы әйелдердің рөлі осындай!

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: