24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Тазалықтың түрлері мен дәрежелері

Тазалықтың түрлері мен дәрежелері

Ислам тарихы

Ислам мәдениетінде жалпы тазалық пен құлшылық мақсатында атқарылатын тазалық екі бөлек қаралмаған. Бұл екеуі қамшының өріміндей егіз дүние. Сондықтан, ислам ғалымдары тазалықты сыртқы (дене) тазалығы, шариғаттағы діни тазалық және рухани тазалық деп үш тұрғыдан қарастырған.

Сыртқы (дене) тазалығына, дене күтімі, киім-кешек, тамақтану гигиенасы, қоршаған ортаның тазалығы кіреді. Ал рухани тазалық мұсылманның ниеті, ықыласы, жүрегін жақсы қасиеттермен және көркем мінезбен, әдемі ахлақпен кемелдендіруді қамтиды. Діннің түпкі мәні алдымен жүректі тазарту, Аллаһты тану, құлшылық жасау, рухтың кемелденуі және рухани танымы арқылы Жаратушы Иеге жақындау болса керек. Ғибадат пен рухани тазалық, тән тазалығы мен қоршаған орта тазалығы арасында өзара тығыз байланыстың болуы, Құранда жан мен тән тазалығының қатар қолданылуы да жүрек тазалығының мәніне назар аударады. Тазалықтың келесі бір түрі – діни тазалыққа келсек, бұған рухани ластық санатындағы дәретсіздік Исламдағы тазалық халінен тазалану тәсілдері жатады. Шариғатта көзге көрінетін кір мен былғаныштан тазаруды «нәжістен тазару», ал дәретсіздік халінен арылуды «хадастан тазару» дейді. Дәрет – әдетте белгілі ғибадаттарды іске асыруды мүбаһ8 қылатын, адамды құлшылық етуге рухани тұрғыдан дайындайтын және ғибадаттан сауап жинауға септігін тигізетін бірден-бір көмекші ғибадат түрі. Рухани тазалық пен сыртқы тазалықтың арасындағы тонның ішкі бауындай тығыз байланысты естен шығармаған абзал. Дінімізде тән тазалығы, киім-кешек, үй-жай, қора-қопсы, қоршаған ортаны таза ұстау міндет болса, жүректі күнәдан тазарту парыз саналады.

Тазалықтың төрт дәрежесі бар:

Бірінші: бойды нәжістен, кірден тазарту; Екінші: бойды күнәдан тазарту; Үшінші: жүректі жаман әдеттерден тазарту; Төртінші: жүректі Алла тағаладан басқа барлық нәрседен тазарту; Бұл тазалықтың ең жоғарғы мәртебесі бола отырып, тек пайғамбарлар мен пайғамбарлардан кейінгі адамзаттың ең ұлығы сыддықтарға (ең шынайы, адал, турашыл) тән. Адам жүрегін Аллаһқа серік қосуға апаратын түрлі ойлар мен қате сенімдерден тазартпайынша көңіліне мағрифатуллахтың (Алланы танып-білу) қонақтауы мүмкін емес. Себебі, Алла тағала адамның бір жағында мағрифатуллах, екінші жағында «масиуа» яғни Одан өзгені сыйдыратындай екі жүрек жаратпаған. Адамның өмірлік мұраты – жүректі көркем мінезбен, ақиқат әрі дұрыс діни сеніммен сәулеттендіру болып табылады. Адам жақсы тәрбие мен тура сенімге кереғар дүниеден бас тартпайынша, күнә мен жаман әдеттерді тәрк етпейінше, жүректе көркем мінез бен шынайы адамгершілік берік орнықпайды. Міне, тазалық сол себепті иманның жартысы немесе бір бөлігі болып саналады. Мұндай тазалық тәнге қуат, жүрекке дауа болып, иманның беріктігінің де өлшемі ретінде бағаланады. Адам баласы рухани танымын биіктету үшін де тазалықты тұғыр етуі шарт. Жаман пиғылдан арылмайынша жүректің тазалығына, жаман мінез-құлықтан жиренбейінше көркем мінез бен жақсы ахлаққа қол жеткізу мүмкін емес. Адам бойдағы жаман әдеттерден тыйылмайынша ғибадаттың ләззатын сезіне алмайды. Діттеген мақсат, көздеген меже биік болған сайын жолда кездесетін қиындықтар да соған орай ауыр болмақ. Бұл жолды аңғалдықпен оңай басып өтемін деу бос әурешілік. Тазалық мәртебелерінің «тар жол, тайғақ кешулерін» дұрыс пайымдай алмаған адам ең төменгі сатысын ғана игеріп, сонда тұрақтап қалары анық. Тазалықты тек қана сыртқы тазалық деп ұғып, оның сыртқы шарттарын мінсіз орындаумен шектелу – таяздықтың белгісі. Сондықтан да игі – жақсы мұсылмандардың ішкі, сыртқы тазалықты бүтіндей ұстанған өнегелі өмірі біздер үшін үлгі болғаны абзал.

материал «Исламдағы тазалық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: