25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Құран – адамзаттың тәрбиешісі

Құран – адамзаттың тәрбиешісі

Ислам тарихы

Құран – жоқтан жаратылған жеті қат әлем атты алып кітаптың шексіз тәржімесі. Ұлы Жаратушы әлемді Өзінің ұлылығы мен құдіреттілігін таныту үшін жа­ратқан.

Қасиетті хадисте Алла Тағала: «Мен құпия қазына едім. Мені танып білсін деп, әлемді жарат­тым», – дейді. Әлем кітабын адамзатқа арнайы ұсынып, сол кітабы арқылы бізбен тілдеседі. Ендеше, адам ба­ласы алып кітапты оқып, оның тылсым-сырын ақтарып, негізгі мақсатты табуы шарт. Әлемнің мән-мағынасын ұғынуы керек. Бірақ адам пендесінің санасы өлшеулі. Сансыз болмыстың құпия сырын адамзат Ұлы Жаратушының  пайғамбары арқылы жіберген кітап кілтімен ғана аша алады. Ол – Ұлы Жаратушының әлемді көз алдымызға елестетіп бізге танытқан Құран кітабы.

Құран адамзаттың сан ғасырлар бойы санасы да­мып, кемелдік деңгейге жеткен сәтте түскен. Ол осыдан он бес ғасыр бұрын түссе де, қазір де, қияметке дейін де адамзаттың барлық мәселелерін шешуге жетіп арты­лады. Құранда Алла Тағала: «Болашақта дәлелдерімі­зді ғаламзат және өз жаратылыстарында көрсетеміз. Сол кезде олар оның (Құранның) ақиқат екендігіне анық көздері жетеді» - дейді. Яғни, келешекте адамзат­тың күллі болмысы мен Құран арасындағы тыл­сым байланысты түгел зерттеп, ақыр соңында Құранның Ұлы Жаратушының кітабы екендігіне нағыз ақыл иелерінің көздері жетеді.

Құранның бұрынғы кітаптардан тағы бір ерекше­лігі – алғашқы түскен парақтар мен барлық кітаптардың мазмұнын қамтуында.  

Құранның түсуі аса қажет еді. Адамзат – жеті қат алып сарайдың аса қадірлі қонағы. Бүкіл әлем тек адамға арналып жаратылған. Адамзат дүниеге Ұлы Жа­ратушының жарлығын орындап, ғаламат сарайын та­машалай жүріп, Оған ғибадат етіп, хазіреті Мұхаммед пайғамбар аләйһис-салату уәс-сәләм: «Адамның жақсысы – адамға пайдалысы» дегеніндей, ізгілік жасап, халыққа пайда­сын тигізіп, кейінгі ұрпаққа өшпестей жақсы із қалдырып, жасаған жақсылығының қарымтасына ал­дағы ақырет әлемінен мәңгілік бақыт мекенін сатып алуға келген. Егер ақырет әлемі мен ондағы мәңгілік өмір болмаса, бұл өмір мен жаратылыстың ешбір мән-мағынасы қалмас еді. Адам баласы бұ дүниеге текке келіп, құр қол кеткен болар еді. Алайда әлемнің жара­тылыс мақсаты – Адам. Әлем – алып ағаш, адам соның жемісі мен мәнісі. Адамның жемісі мен мәнісі – мәңгілік бақытты ғұмыр кешу. Ендеше, ақырет болмаса, бұл ғұмыр босқа жаратылды деген мағына шықпай ма?! Адамзатты бұл фәниге қастерлеп әкелген Ұлы Жарату­шының онымен тілдеспеуі, сынақ-әлеміне нендей мақсатпен шақырғанынан хабар бермеуі мүмкін емес. Сөзсіз, елшісі арқылы хабар беруі тиіс еді. Сол хабар­дың ақырғысы осы Құран. Егер Құран болмаса бұл ғұмырға неге келгенін ұға алмай, сахарада сағым қуған жанға ұқсар еді. Бұдан бұрынғы түскен кітаптар түгелдей адам қолымен бұрмаланғандықтан, Ұлы Жа­ратушыдан толық мәлімет ала алмай санасы сарсаңға түсері хақ. Әрі бұрынғы кітаптар сол заманның санасынан аса алмаған еді.

Құран – Алла Тағаланың есімдері мен сипаттары­ның жер мен көкте жасырылған рухани қазыналарын табушысы. Онсыз Алла Тағаланы тани алмайтын едік. Әлем – Ұлы Жаратушының есімдері мен сипаттарының айнасы. Құран бізге әлемдегі сол айнаға көз тастатып, солардың нағыз иесінің қандайлығын таны­тады. Көзімізді мысал етейікші. Көру қасиетінің қайнары – Алла Тағаланың Басир (Көруші) сипаты. Басир Жаратушы күллі жаратылысты көреді. Біздікі шектеулі. Әрі бүгін бар, ертең жоқ. Мерзімі біткенде ғайыпқа айналады. Ендеше көру қасиеті тікелей бізге тән емес. Бар болғаны тасқа түскен сәуледей, Аллаһ Тағаланың Басир сипатынан түскен шағыл ғана. Күннің жарығы да Жаратушының Нұр есімін танытқан айнасы ғана. Күнге зер салсақ, оның сөнуге бет алған дене еке­нін байқаймыз. Ендеше, ондағы сәуле мен қуаттың қайнары – Алланың Нұр есімі. Құран әлемнің таңғажайыптылығынан сөз қозғай келе, олардың қайнар көзі – Ұлы Жаратушының есімдері екендігін айтып, адамзатқа ғибрат береді.

Құран – Исламның рухани кеңістігінің көгінде жа­рық шашқан нұрлы шырақ. Құран – Исламның негізі мен мәні. Құран – ақырет әлемінің де қасиетті картасы. Ол тек қана бұл ғұмырлық адамдар арасындағы қарым-қатынас емес, сонымен қатар келешек мәңгі әлемді де тамаша түсіндірген кітап. Құран - ақыреттік мекен-жайды, ондағы жәннаттың аса ғажайыптығы мен сұлулығын және жаһаннамның жан шошырлығы мен қорқыныштылығын суреттеп, бізге нендей қам жасау­ымызды үйреткен кітап. Задында, адам баласының Отаны – жәннат. Адамзаттың ата-анасы сол жерден    ке­лген. Бірақ адам баласы сол Отанына жеткенше әлі та­лай сапар шекпек. Құран осы Отанына асығып, бұл ғұмырдан өтіп бара жатқан жолаушының қолына беріл­ген жол картасы. Құрансыз адамзат күні ертең алдынан не күтіп тұрғанын біле алмай, қатты күйзеліске түсер еді.

Құран – әрі адамзаттың тәрбиешісі. Құранның ба­сты мақсаты – адам баласының жан-тәнін кірден арыл­тып, рухына ғайыптық қанат тағып, жәннатқа лайық  ету. Асылында, Құраннан тәлім-тәрбие алған адам ру­хының бұл дүниесі де жәннатқа ұқсас. Өйткені, адам­ның жан дүниесі мен болмысын тәрбиелеуде ең кемел әдісті адамды жоқтан жаратқан Аллаһ Тағала ғана бі­леді.. Ендеше, Құран – адамзаттың жалғыз тәрбиешісі.

Құран – күллі адамзаттың заттық және рухани қажеттілігіне сай, кең ауқымға ие, қасиетті дара кітап. Құран адам баласының тән азығы мен жан азығы, бұл фәнилік ғұмыры мен ақыреттік өмірі, адамның жеке басы мен отбасы, экономика, саясат, басқару жүйесіне бірдей жеткілікті кітап. Құран адам өміріне немқұрайды-лықпен қарамай, оның барлық қажеттілігін қамтыған кітап. Адам баласы дүрбелең өмірдегі бөгеттер мен асулардан соның көмегімен өтіп, дертінің дауасын, рухының азығын Құраннан ғана табады. Құран – сөзі де, мағынасы да өзіне тән Хақ тағаланың адамзатқа жіберген ақырғы кітабы. 

материал «Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: