29
Жұма,
Наурыз

һижри

Ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің басты талабы

Ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің басты талабы

Ислам тарихы

Ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Себебі, Алла Тағала Құранның алғашқы аяттарында осыған бұйырады: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті.  Адамдарға  білмегенін  үйретті»  («Алақ» сүресі, 1-5 аят).

Құран аяттарында: «Отбасыңа намаз оқуды үйрет. Өзің де оны сабырмен жалғастыр», – делінген. Ха-дисте  де: «Баланың ізгі болуы – Алла Тағаладан, ал әдептілік – әкеден» делінеді. Яғни, Жаратушы тағдырға ізгілікті  жазғаннан  кейін,  әкенің  міндеті  –  баланы мұсылмандық әдепке үйрету. Араб тіліндегі «әдәб» сөзі өзіне жақсы мінез-құлық, сөз және ісінде басқалардың алдында абыройлы болу, ұятқа қалудан сақтану тәрізді қасиеттерді қамтиды.Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың са-лауаты  мен  сәлемі  болсын): «Білім  іздеу  мұсылман әйелге  де,  ерге  де  парыз», «Білім  мен  хикмет  – мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса, сол жерден алсын», – деп келетін хадистерін көкейге түйген  мұсылмандар  әрқашан  ілімге  ұмтылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  өз  заманында  он  мұсылманға  оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, сахабаларын мешітке жинап, ілімге үндеген. Біле-білсек, алғашқы ілім ошағы осылайша пайғамбар мешітінен бастау алған.

Тарихқа зер салсақ, мұсылмандар дін ілімімен ғана сусындап қойған жоқ, бұл дүниелік ғылымды да игеріп, оны  адамзат  игілігіне  айналдырған.  Атап  айтқанда, медицина,  математика,  астрономия,  химия,  филосо-фия, тарих, география секілді ғылымдарды дамытқан. Әсіресе, халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған.Исламды  ғылым  діні  деп  білген  Әбу  Насыр  әл-Фараби,  Қожа  Ахмет  Яссауи,  Сүлеймен  Бақырғани, Хафиз ад-Дин Кердери, М.Х.Дулати, Хасан Әли Жа-лайыри, Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды даналардың  есімдері  ұлттық  тарихымызда  өшпес  із қалдырды.Ислам  діні  ғылымға  ерекше  құрметпен  қарайды. Мұсылмандар  қай  ғасырда  да  ғалым  сөзіне  ілтипат білдірген. Шәкірттері ұстаздарына екінші әке ретінде қарады. Өмірде алған ілімінің пайдасы мен берекесін көру үшін ұстаздарының ақ батасын алуға тырысқан.

Төрт халифаның бірі хазіреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның қырық жыл қызметшісі болуға бармын», – десе, мәзһабымыздың негізін қалаған Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен  қоса  ұстазымды  да  қайырлы  дұғама қосып келемін», – деп ұстазға, ғалымға қаншалықты құрметпен қарау керектігін білдірген.Бүгінгі ХХІ ғасыр – ғылым мен жаңа технология-лар дамыған заман. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген даналық сөз дәл қазіргі біздің дәуірімізге арналып айтылғандай. Негізінде, өнер, ғылым-білімге құмарлық мұсылмандарға тән сипат. Дініміз бізден осы нәрселерді талап етеді. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғибадаттың ең артығы – ғылым іздеу», – десе, енді бір хадисінде: «Қараңғы  білімсіздер  мен  білім  талабындағының парқы – өлі мен тірідей», – деп ілім иесінің әрдайым жоғары тұратындығын білдірген.Ғасырлар  бойы  Ислам  дінін  ұстанған  халқымыз: «Жемісті ағаш жерге иіліп тұрады, білімді адам елге иіліп тұрады», – деп білімдінің берері көп екенін айтқан. Махмұд Қашқари данамыз: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», – десе, Шал ақын: «Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – дейді. Ал, хәкім Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым  демектің  бәрі  де  –  ақымақшылдық...»  –  деп, қазақ халқының даналығы айтқандай «білектінің бірді, білімдінің мыңды жығатынын» қуаттай түседі. Бабала-рымыз «Оқу инемен құдық қазғандай» деп келтіреді. Дегенмен, оның артықшылығы да осында.

материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: