18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Дұғалар қабыл болатын жұма күнінің бір сағаты

Дұғалар қабыл болатын жұма күнінің бір сағаты

Ислам тарихы

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) бірде жұма күні туралы уағыз айтып жатып:

«Онда бір сағат бар, қайсыбір мұсылман оған дөп келіп, намаз оқып тұрған күйінде Алладан бір нәрсе сұраса сұрағанын береді», – деп қолымен ол уақыттың аз екендігін көрсетті», – деген. Тағы бір хадисте Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Шындығында жұма күнінде бір сағат бар, қайсыбір мұсылман пенде сол сағатқа сәйкес келіп, Алладан бір игілік сұраса, сөзсіз береді. Ол уақыт екінті намазынан кейін», – деді», – деген.

Жәбир (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Жұма күні – он екі сағат. Олардың арасындағы бір сағатында қандай да бір мұсылман Алладан бір нәрсе сұраса, сөзсіз береді. Оны екінтіден кейінгі соңғы сағаттардан іздеңдер», – деді», – деген.

Әбу Бурда ибн Әбу Мұса әл-Ашғари: «Бірде Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) менен: «Әкеңнен Алла елшісінің (с.а.с.) жұма күніндегі бір сағат туралы айтқан хадисін естімедің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә, естідім. Ол: «Алла елшісінің (с.а.с.): «Сол сағат имам мінберге отырғаннан бастап намаз аяқталғанға дейінгі уақыттың аралығында», – дегенін естідім», – деп айтқан», дедім», – деген. Ғұламалар жұма күніндегі сол сағаттың екінті намазынан кейін келетіндігі туралы пікірді қоштап: «Намаз уақыты да дұға қабыл болатын уақыттың бірі. Демек, екі уақыт та – дұға қабыл болатын шақтар. Алайда хадисте арнайы айтылған екінті намазынан кейінгі соңғы сағат – сол жұма күнгі белгіленген сағат. Оның алдында да емес, кейін де емес. Ал намаз уақытындағы сағатқа келсек, ол намаздың ішіне кіріп кетеді. Оның алдында не ақырында болуы мүмкін. Өйткені мұсылмандардың бір жерге жиналып, намаз оқып, жалбарынып дұға қылуы дұғаның қабыл болуына әбден әсер етеді. Демек, олардың сол жиналған мезгілі де – дұғаның қабыл болуы ықтимал уақыт. Осылайша бұл тақырыптағы хадистер бірбірлерімен толықтай сәйкес келеді», – деген.

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: