17
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламдағы адамгершілік пен әділдік

Исламдағы адамгершілік пен әділдік

Ислам тарихы

Ислам діні бүкіл адамзаттың бірлігі идеясын жариялады және адамдар арасындағы теңдік қағидасын бекіткен.

Себебі барлық адамдар бір жаннан жаратылған, сондықтан ақ пен қараның арасында айырмашылық жоқ және бір халықтың екінші халықтан артықшылығы жоқ, тегі жағынан зиялы адам қарапайым адамнан артық емес. Бұл орайда Алла Тағала: «Ей, адамдар! Сендерді бір жаннан (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», – деген. Алла Тағала ата-бабалардың шыққан тегі мен руына мән бермейді. Оның әділдігі ізгі амалдарды адамдардың бір-бірінен артықшылығы шама-өлшемінің белгісі етіп, ал Раббысынан қорқуды Өзіне жақын болудың өлшемі етіп жариялауында көрініс тапты. Алла Тағала: «Ей, адамдар! Шүбәсіз Біз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық. Шындығында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз Алла толық Білуші, бәрінен Хабардар», – деді.

Ендеше, аса Құдіретті Алланың алдында пендеге шыққан тегінің қарапайымдылығы үшін еш зиян тимейді. Алла Тағала жарылқану мен жазалануды ата-тегінің ақсүйек, атақтылығымен емес, іс-амалдарымен байланысты етті. Бұл Алла Тағаланың: «Және әркімнің істегеніне қарай дәрежелері бар», – дегенінен анықталады.

Демек, пенде Тәңірі алдындағы биік дәрежеге тек ізгі амалдары арқылы ғана жете алады, ал Қиямет күні адамдардың шыққан ата-тегі туралы ешкім де еске алмайды. Себебі барлық адам бір жазықта тұрады және олардың бірде біреуі екіншісіне қарай алмайды. Алла Тағала: «Қашан Сүр үрілсе, сол күні олардың араларында туыстық (байланыс) жоғалып, бір-бірін сұраспайды», – деді.

Мінеки, Құран Кәрімнің адамдарды туыстық-руластық байланысқа сеніп қалудан не үшін сақтандыратынын және Пайғамбарымызға (с.а.с.) Алла Тағаланың шақыруын жеткізуді ең жақын туыстарына ескертуден бастауды бұйырғанын көреміз. Алла Тағала: «Жақын ағайындарыңа ескерт!» – деген.

Бұдан кейін қамқор да мейірбан Пайғамбарымыз (с.а.с.) Сафа биігіне көтеріліп жанашырлығы мен мейірбандылығына ең алдымен құқылы болған туыстары мен жақындарына Тәңірінің бұйрығын жеткізуге асықты. Ол (с.а.с.): «Ей, құрайыштар (немесе осыған ұқсас сөздерді айтты), өздеріңді өздерің сатып алыңдар, өйткені мен сендерді Алланың (азабынан) еш құтқара алмаймын! Ей, бәну Абдуманаф! Мен сендерді Алланың (азабынан) еш құтқара алмаймын! Ей, Аббас ибн Абдулмутталиб! Мен сені Алланың (азабынан) еш құтқара алмаймын! Ей, Сафия! Алла елшісінің әпкесі, мен сені Алланың (азабынан) еш құтқара алмаймын! Ей, Фатима! Мұхаммедтің қызы, менің мал-дүниемнен нені қаласаң, сұра, бірақ мен сені Алланың (азабынан) еш құтқара алмаймын!» – деген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: