Жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтару мұсылман қоғамының ортақ парызы болып табылады.
Сондықтан теріске шығарылған мункар істің бар екенін білген және оны қайтаруға мүмкіндігі бар әрбір мұсылман жоғарыда аталған әдіс-тәсілдердің бірімен оны теріске шығаруы тиіс және бұл арада басшы мен бағыныштының, ғұлама мен қарапайым адамның арасында ешқандай айырма болмайды. Алла Тағала: «Сендер адамдарға жақсылық бұйырып, жамандықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға иман келтіретін қайырлы бір үмбет болып шығарылдыңдар»; «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне сүйеу. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады», – деді.
Бұл екі аяттағы айтылған сөздер барлық мұсылман үмбетіне арналған. Сүннетті құрайтын хадистердің көпшілігі де барлық мұсылман қауымына бағытталған. Мәселен, Пайғамбар (с.а.с.): «Сендер міндетті түрде жақсылыққа бұйыруларың және міндетті түрде жамандықтан қайтаруларың керек»; «Сендерден кім мункарды көрсе, оны өзгертсін...», – деген.
Мұндай жауапкершілік адамдардың екі тобына (ғұламалар мен билік басындағыларға) қатысты арта түседі.
а) Ғұламаларға мұндай жауапкершіліктің жүктелуінің себебі: Алла Тағаланың шариғатынан олар мұсылман қауымының басқа мүшелері білмейтін қағидаларды біледі. Адамдардың жан-дүниесі бұларды қадірлеуге, ал жүректері құрметтеп, сыйлауға бейім болғандықтан, олардың сөздеріне адамдар тезірек құлақ қояды. Сонымен қатар, Алла Тағала оларға даналық дарытып, басқаларды жақсы үгіттеуге қабілет берген. Алла Тағала: «Алла сендерден сондай иман келтіргендердің және ғылым бергендердің дәрежелерін биік қылады», – деді. Бұл үмбеттің ғұламалары өздеріне Алла Тағала сеніп тапсырған істе тиісті дәрежеде көңіл бөлмейтін болса, қауіпті жағдай қалыптасатын болады.
ә) Биліктегілердің, патшалардың мойнына мұнан да үлкен жауапкершілік жүктелген. Жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтаруды іске асыруға қатысты олардың жіберген қателіктері мен кемшіліктері бұл үмбетке өте зор қауіп төндіреді. Өйткені билік солардың қолында әрі олар нендей әрекетке шақырып, неден қайтарғысы келсе, оны іске асыруға және өз бұйрықтарын орындатуға мүмкіндіктері бар. Олар адамдарды теріс жолдан қайтаруда ешнәрседен қорықпауына болады, өйткені қару-жарақ, билік пен күш-қуат (әскер) солардың басқаруында, ал адамдар басшының бұйрықтары және тыйымдарымен мәжбүрлі түрде санасатын болады. Міне, осы себептен Пайғамбар (с.а.с.): «Сұлтанның қайтарғаны Құранның қайтарғанынан көбірек болады», – деген.
Демек, белгілі бір адамдарға уағыз-насихат хақиқи шындыққа бағынып, шариғат заңдарын бұзуын тоқтататын дәрежеде ықпал ете алмайды, бірақ олар патшаның жазалауынан қорқып мұндай істерді істеуден тартынады. Патшаның бұл істе босаңсуы күнәкар әрі азғын адамдардың шариғатты құрметтемей жер әлемде зұлымдық пен бұзықтық жаюына жағдай жасайды. Сондықтан да, Алла Тағаланың қолдауы мен жәрдеміне, оның билігін нығайтып, тура бағыт көрсетуіне ие болған билеушінің негізгі қасиеттерінің бірі – жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтара білу. Алла Тағала: «(Алла жолына) жәрдем еткенге, Алланың Өзі жәрдем етеді. Шәксіз Алла аса Күшті, өте Үстем. Егер оларды жер жүзіне орналастырсақ, олар намазды орындап, зекет береді, сондай-ақ жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Негізінде (істердің) соңы Аллаға тән», – деген.
Егер билеушілер осы ұлы міндетті елемесе, онда олар өздеріне Алла Тағаладан көрсетілген сенімді ақтамайды. Сөйтіп, олар өз үмбетін үлкен опатқа ұшыратады. Мұсылман басшыларының ұрыс-талас, жанжалға белшесінен батып, басқалардың шын пейілді дұрыс ақыл-кеңестеріне құлақ аспауы дұрыс емес. Егер олар шариғат заңдарын іс жүзіне асыру, адамдарды оң істерге және олардың қалыптасуына белсенді араласуға шақыру, халықты теріс істерден қайтару, бұзықтықты қоғам өмірінен жою үшін Жаратқаннан жалбарынып жәрдем сұрап, аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғатын танып-біліп, үйренуге ұмтылудың орнына жамандыққа бұйырып, жақсылыққа тыйым салуға кіріссе, бұл одан сорақы. Олардың Алла Тағала айтқан мына адамдардың тізіміне қосылып қалудан сақтанулары лазым: «Оларды тозаққа шақыратын басшы еттік. Қиямет күні оларға жәрдем көрсетілмейді».
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz