20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Тыйым салынған (манһи) сұрақтар

Тыйым салынған (манһи) сұрақтар

Ислам тарихы

Бұған мүлдем тыйым салынған (мухаррам) сұрақтар мен орынсыз, жағымсыз, керексіз (манһи) сұрақтарды жатқызамыз.

Мүлдем тыйым салынған (харам) және сұраған адамға күнә болатын сұрақтар.

Ондайларға:

– Алла Тағала Өз құлдарынан жасырған және ол туралы құлдарына айтпаған, Өзінен басқа ешкім ондай нәрселер туралы білмейтінін ескерткен мәселелер жайлы сұрақтар жатады. Мәселен, Қиямет күні қашан келетіні туралы немесе жанның (рухтың) табиғаты мен шынайы мәні жайлы  туралы қойылатын, т.б. сұрақтар.

– Тектен текке, күлкі үшін немесе кісіні ренжіту үшін қойылатын сұрақтар.

Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Бірде кейбір адамдар Алла елшісін (с.а.с.) келемеждеу үшін мағынасыз сұрақтар қоя бастады. Олардың біреуі: «Менің әкем кім?» – десе, екіншісі: «Менің түйем қайда жүр?» – деп жоғалған түйесі жайлы сұрақ қойды. Сол кезде Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! (Жауабы) анықталған жағдайда сендерге жаман болатын нәрселер туралы сұрамаңдар», – деген аятын түсірді», – деген.

– Мұғжиза талап еткен сұрақтар. Бұларға көпқұдайшылдар мен кітап иелері секілді адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыруды қалайтын және қыңырлық себепті қойылатын, мәселен, мұғжиза немесе керемет көрсетуін қоймай талап ету сияқты сұрақ, өтініштерді жатқызуға болады.

– Бұзық ниетпен қойылатын сұрақтар.

Муғауия (Алла оған разы болсын): «Бұзық сұрақтар қоюға Пайғамбар (с.а.с.) тыйым салған», – деп хабарлайды. «Ән-Ниһаяда» Ибн Әсир: «Бұл – ғұламалар қате жіберуі үшін оларды жаңылдыру мақсатында және соның нәтижесінде бұзықтық пен бүлік таралу үшін қойылатын сұрақтар», – деп жазады.

Демек, Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұндай сұрақтарға дініміз үшін ешқандай пайдасы болмауы себепті тыйым салған және ондай сұрақтардың хақиқи өмірге еш қатысы болмаған. Сондай-ақ мұндай сұрақтарға бұл сұрақтарды қоюдың ешқандай қажеттілігі болмаса да «Қалай?», «Қалай етіп?» деп үнемі сұрай беру де жатады деген сөз бар. Шариғат анық емес нәрселер туралы немесе жауап беру қиын болатын, әсіресе біреулерді ыңғайсыз, қиын жағдайда қалдыру үшін қойылатын сұрақтарға тыйым салады. Бұл қағиданы ұстанбаған, әйтеуір сұрақ беруге әдеттенген адам өзінің нашар мінезді және дін үкімдерін орындамайтын адам екенін көрсетеді.

Саубан (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Әлі менің үмбетімде бір қауымдар болады; олардың фиқһ ғалымдары өте қиын мәселелермен әуреленеді. Міне, солар үмбетімнің бұзықтары», – деді», – деген.

Хасан әл-Басри (Алла оған рақым етсін): «Алла тағала құлдарының ең жаманы – үнемі қиын сұрақтар беріп, Оның басқа құлдарын адастыратындар», – деген.

Ұнамсыз сұрақтар, басқаша айтқанда, мұсылман кісі мұндай сұрақтардан аулақ болғаны немесе мүлдем бас тартқаны жақсы, алайда сұрай қалса, күнәлі болмайтын сұрақтар. Мәселен:

– Өзі қажет етпейтін сұрақтар. Егер адам жауабын керек етпесе де, сұрай қалса, ондай сұрақ ешқандай пайда келтірмеуі былай тұрсын, сұрақ берушіге зарар жеткізуі мүмкін.

Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) адамдар Пайғамбарға (с.а.с.) оған ұнамайтын сұрақтар бере бастады. Сұрақтар тым көбейіп кеткен кезде, ол (с.а.с.) (алдымен) ашуланды, сонан соң оларға: «Менен нені сұрағыларың келсе, сұраңдар», – деді. Сонда бір адам: «Менің әкем кім?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Сенің әкең – Хузафа», – деді. Сонда және біреуі түрегелді де: «Уа, Алланың елшісі! Менің әкем кім?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Сенің әкең – Сәлим, Шәйбаның азат етілген құлы», – деп жауап берді. Алла елшісінің (с.а.с.) реңінен оның ашулана бастағанын көрген Омар (Алла оған разы болсын): «Уа, Алла елшісі! Ақиқатында, біз Алла Тағалаға тәубе етеміз», – деді», – деген.

– Қандай да бір іс-амалдарды не себептен орындау қажет яки не себептен оларды орындаудан бас тарту керектігі туралы шариғат ешнәрсе айтпаған халал немесе харам мәселесіндегі сұрақтар. Өйткені мұндай сұрақтар (яғни сұралған жағдайлар) мұсылманға міндет болып қалуына әкелуі мүмкін, сөйтіп мұсылман үшін ыңғайсыз жағдай мен қиындық тудыруы ықтимал. Ал мұның бәріне сұрақ берген адам себепші болады.

Сағд ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Шын мәнінде, бұрын мұсылмандарға харам етілмеген, бірақ берілген сұрақтың салдарынан мұсылмандарға харам болып қалатын қандай да бір нәрсе туралы сұрақ берген мұсылман мұсылмандарға қарсы ең үлкен қылмыс жасаған болады», – деді», – деген.

Бұл хадистің басқа риуаятында, Пайғамбар (с.а.с.): «…бір нәрсе туралы сұрап және ол туралы тым қазбалап (ізденгендер)…», – деген.

Яғни анығын білуге шектен тыс күш жұмсап ұмтылушылар.

Ән-Нәуәуи (Алла оған рақым етсін): «Қазы Ғиад: «Бұл жерде айтылып тұрған қылмыс (журм) күнәсі себепті жазаланатын қылмыс емес, мұсылманды қиын жағдайда қалдыратын нәрсе», – деді», – деген. Бұдан кейін ән-Нәуәуи: «Осы хадисті түсіндірушілердің «Қылмыс деп күнә істерімен айыпты болуды айтамыз» деп тұжырым жасаған ортақ пікірі дұрыс. Қазы Ғиадтың сөзін негізге алсақ, онда мұндай сұрақтар мәкруһ болып саналады, ал барынша кең тараған пікірге сүйенсек, бұл сұрақтар тыйым салынған (харам) болып табылады» деп көрсетеді.

Сондай-ақ ән-Нәуәуи (Алла оған рақым етсін): «Мұндай тыйым салу тек Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде ғана болды. Шариғат берік орнығып, оған көптеген жаңалықтар енгізілу қаупі сейілген соң, себептерінің жойылуына байланысты бұл тыйым да өз күшін жойды. Мұндағы «себептер» дегенде сұрақ беру нәтижесінде қандай да бір тыйым салудың пайда болу ықтималдығы туралы айтылған. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болғаннан кейін уахидің түсірілуі тоқтаған болатын», – деген.

Хадисте: «Бір адам Пайғамбардан (с.а.с.) әйелінің басқа еркекпен жатқанын көріп қалып, әлгі еркекті өлтірген кісіге не істеу керектігін сұрады. Бұл уақиға зинақорлыққа байланысты аят түскеннен кейін, ол аятта кінәлі адамды жазалау үшін төрт куә керектігі айтылғаннан соң болған еді. Сондықтан Пайғамбар (с.а.с.) мұндай сұрақ қоюды ұнатпады және айыптады», – делінген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдағанқырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: