29
Жұма,
Наурыз

һижри

Мұсылман басшыларына деген адалдық

Мұсылман басшыларына деген адалдық

Ислам тарихы

Мұсылмандардың басшылары дегеніміз – әкімдер немесе олардың өкілдері не ғұламалар мен дұрыс жол сілтеушілер. Ислам елдерінде мұсылмандардың әкімдері, оларға бағыну уәжіп болуы үшін, мұсылмандардан болу керек.

Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға бойсұныңдар және елшілерге бойсұныңдар әрі өздеріңнен болған билік иелеріне (бойсұныңдар)», – деп айтқан.

Біздің адалдығымыз жалпы билік иелері болғандарды жақсы көруде емес, олардың шыншылдығына, тура жолмен жүруіне және әділдіктеріне қатысты көрініс табуы керек. Олардың халыққа істеген пайдалы ісін сүюіміз қажет. Мәселен, олардың әділ басшылықтары нәтижесінде айналасына адамдарды топтастыруын айтуға болады. Егер халық бытыраңқылыққа ұшырап, адамдар билеушілердің рақымсыз, қатал және сауатсыз басқаруы нәтижесінде қырыла бастаса, біз оларды барынша жек көруге міндеттіміз.

Біздің билеушілерге деген адалдығымыз оларға ақиқат жолында жәрдем беру, ақиқат жолында оларға бағыну және ізгі ниетпен, ақылдылықпен және сыпайы мінезбен оларға шындықтан ауытқымаулары туралы ескерту арқылы көрініс табады. Өйткені өз билеушісіне насихат айтпаған және залымға залымсың демеген халықта игілік болмайды. Сондай-ақ өз халқын қорлаған, шыншыл кеңесшілерді сөйлетпейтін, шындық сөздерінен теріс айналмақ түгілі, мұндай сөздерді біреулердің айтуын да қаламайтын билеушіде де игілік болмайды. Ал халық өз әміршілеріне насихат айтпайтын отарлы малға ұқсағанда және билеуші дұрыс ақыл-кеңесті қабылдамайтын мейірімсіз жендетке айналғанда, бұл жағдай төмендікке, қайыршылыққа, жеңілістер мен қорлыққа апарады. Бұл адамдар Исламнан аулақтап, оның қағидалары мен ой-пікірлерін сөз жүзінде де, іс жүзінде де барынша бұрмалаған кездерде орын алады.

Ал ғұламалар мен дұрыс жол сілтеушілерге Алла Тағаланың Кітабы мен Оның елшісінің (с.а.с.) сүннетіне қатысты өздерінің адалдығын көрсетуде үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ал бұл жауапкершілік адастырушы сезімдерді Құран және сүннетпен қайтаруды, Құран мен сүннеттің адамдардың қалауына бүтіндей қайшы келетін дәлелдерін түсіндіріп беруді талап етеді. Кез келген мәселелерде қателескен ғұламалардың пікірлерін теріске шығарып, түрлі жинақтардағы хадистердің қайсысы сахих (дұрыс), қайсысы әлсіз (дағиф) екенін ашып, көрсетіп беруі қажет. Ол үшін бұл хадистерді теріске шығару немесе дұрыс деп табу ғылымына (әл-жарх уәттаъдилге) және хадистердің кемшіліктерін анықтайтын белгілі ережелер жәрдеміне сүйенген абзал.

Қоғамдағы жағдайды жақсартуға ұмтылушы адамдар мен ғұламаларға жүктелетін жауапкершілік: билеушілерге дұрыс ақыл-кеңес беру және оларды билік жүргізгенде Алла Тағаланың Кітабы мен Оның елшісінің (с.а.с.) сүннетін басшылыққа алуға шақыру. Егер олар бұл жауапкершілікте қандай бір кемшілік жіберсе, сондай-ақ өздерін билеуші топқа ақиқатты ашық айтатын, нағыз мужаһидке сай ұстай алмаса, онда Алла Тағала оларды осы мәселеде жауапқа тартады.

Пайғамбар (с.а.с.): «Жиһадтың ең жақсысы – әділетсіз патшаның алдында ақиқат сөзін айту», – деген. Егер пенделер өздерінің жалған мақтауларымен адасушы билеушінің адамдарға одан әрі қысым көрсетуіне жәрдемдесетін болса, Алла Тағала оларды міндетті түрде сұраққа алады. Өйткені олар өз еріктерімен мұндай билеушілердің даңқын асыратын қолшоқпарына айналады. Шындығында білімді билеушіге жәрдем көрсету бір басқа да, билеуші топтың құйыршығына айналу мүлдем басқа.

Біздің ғұламаларға деген адалдығымыз оларға жүктелген жауапкершілік туралы ескертуде, олар адамдардың өздеріне деген сенімін жоғалтқанша олардың сөздеріне сенуде және ондай адамдарды қорлау мен сынап, мінеулерден бас тартуда көрініс табады. Бұлай етпеген жағдайда ғұламалар беделден айрылып, түрлі айыптаулардың нысанасына айналады.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: