20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Ең алғашқы қари-ұстаз кім?

Ең алғашқы қари-ұстаз кім?

Ислам тарихы

Құран Кәрім аяттары түсе бастағаннан-ақ оны жаттау процесі де басталған болатын. Құранды толық мағынасымен жаттап, амалға асырған алғашқы қари адамзаттың асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) еді.

Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жаттау қабілетімен ғана емес, Алланың тікелей демеуімен де Құранды көңіліне тоқыды. Осыған сүйене отырып, Алла Елшісінің (с.ғ.с) алғашқы қари оқытушысы – Жәбірейіл (ғ.с), алғашқы білім ордасы – Хира үңгірі деп айтуға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Құран Кәрімді асықпай, ежіктеп оқитын. Умму Сәләма былай деген: «Пайғамбар (с.ғ.с) «Бар мадақ әлемдердің Раббысы - Аллаға» аятын оқып, кідіріс жасады. «Аса қамқор, ерекше мейірімді» аятын оқыды». Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мейірім жайлы аятқа келгенде, Алладан мейірім тілеп, тәсбих айтатын. Ал ақыреттегі азап туралы айтылған аятты оқығанда, Алладан кешірім тілейтін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с), «Сондай-ақ, мәнеріне келтіріп һәм мағынасына терең үңіле отырып байыппен Құран оқы!» деген аятта айтылғанындай, Құранды көркем оқитын еді. Ақиқатты жоққа шығарып, Алланы және оның Елшілерін мойындамай азапқа ұшыраған қауымдар мен Қиямет күнінің жан түршігерлік құбылыстары суреттелген аяттарды оқығанда үлкен жауапкершілік сезінген Алла Елшісі (с.ғ.с): «Һуд», «Уақиға», «Мурсәлат», «Нәба» және «Тәкуир» сүрелері менің шашымды ағартты», - деген. Сондай-ақ, Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Уа, Мухаммед!) Ендеше, өзіңе бұйырылғандай тура бол...» - деген. Ибн Аббас (р.а): «Алла Елшісіне (с.ғ.с) сахабалары: «Шашыңыз неге ерте ағарды?» - дегенде, ол (с.ғ.с): «Менің шашымды «Һуд» сүресі және соған ұқсас сүрелер ағартты», - деп жауап берген.

Хасан: «Осы аят түскеннен кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұрынғыдан да көп күш-жігер жұмсайтын болды, содан кейін оның күліп жүргенін жан баласы көрген емес», - деген. Құран Кәрімдегі «Құранды тәртилмен оқы» аятындағы «тәртил» сөзі «әріптік мағынасына сай, басқа бір дыбыспен бұзбай, оқырмандар я тындармандар болса, сөз мағынасын жеңіл түсінуін қамтамасыз етіп, мағына мен сөз қатынасын сақтайтындай тәсілмен оқуды білдіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с) Құранды тәртилмен оқитын. Айша анамыз (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Құран оқу тәсілі туралы былай деген: «Ол кісі Құран оқығанда тыңдап отырған адам аяттардың әріптерін санай алатындай етіп оқитын сендер сияқты асығыс-үсігіс оқымайтын».

Бірде Яғла ибн Мәмлак Умму Сәләмадан (р.а) Пайғамбарымыздың Құранды қалай оқығанын сұрайды. Сонда мүміндердің анасы (р.а): «Ол кісі ап-анық, мейлінше ұғынықты, әрбір әрпін талдап оқитын», -деп жауап берген. Сахаба Абдулла ибн Муғаффал (р.а) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) түйесінің үстінде «Фатх» сүресін немесе «Фатх» сүресінің кейбір аяттарын әуендетіп, жұмсақ оқығанын айтқан.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Құранды күндіз-түні оқуға әдеттенген еді. Ол күн сайын Құраннан бір хизб оқуды өзіне міндеттеген еді. Хузайфа ибн әл-Йәмен бір жолы Алла Елшісі (с.ғ.с) түнгі намаздың бір рәкатында «Фатиха», «Бақара», «Әли-Имран» және «Ниса» сүрелерін оқығанын жеткізген.

Алла Елшісі (с.ғ.с) әр жылы рамазан айында сол уақытқа дейін түскен сүрелер мен аяттарды Құранда келген тәртібімен Жәбірейіл періштеге (ғ.с) тапсырып отыратын. Сонымен қатар, өзі де (с.ғ.с) сахабалардың жаттаған сүрелерін уақытылы тексеріп отыратын. Ибн Аббас (р.а): «Алла Елшісі (с.ғ.с) адамдардың ең жомарты еді. Ал рамазан айында Жәбірейілмен (ғ.с) кездескенде мырзалығы одан да күшейіп кететін. Рамазанда Жәбірейіл (ғ.с) оған Құран үйретіп, әр түні кездесетін және (бұл күндері) Алла Елшісі (с.ғ.с) игілік пен жомарттық жасауда еркін ескен желден де жылдам еді», - деген.

Әбу Умамадан (р.а) Алла Елшісі (с.ғ.с) жайлы сұралғанда, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аузынан Құран аяттары түспейтінін, Алла Тағаланы көп зікір етіп, құтбаларды қысқа қайыратынын, намазды ұзақ оқытатынын және кедей-кепшікке көмектесу үшін солармен бірге жүруге арланбайтынын айтқан. Алла Елшісі (с.ғ.с) әр күні Құран оқуды жақсы көретін. Айша анамыз (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Зүмәр» және «Исра» сүрелерін оқымай жатпаушы еді», - деген.

материал «Қари болғым келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: