18
Сенбі,
Мамыр

һижри

Шайтанның әзірет Омардан қорқуы

Шайтанның әзірет Омардан қорқуы

Ислам тарихы

Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шайтанның әзірет Омардан (радиаллаһу анһ) қорқатынын айтқан.

Сағд (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Бірде әзірет Омар келіп, Расулалланың қасына кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбарымыздың қасында бір топ құрайыштық әйелдер отырған. Олар Пайғамбарымызбен сөйлесіп, бір нәрселер сұрап жатқан еді. Омар ішке кіруге рұқсат сұрап еді, олар дереу орындарынан тұрып, перденің артына қарай жүгіріп кетті. Мұны көріп Алла елшісі езу тартты. Әзірет Омар (радиаллаһу анһ):
– Уа, Расулалла, Алла Тағала әрқашан сені қуантсын, – деді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Мына менің қасымда отырғандарға таңданып тұрмын, сенің даусыңды ести сала, дереу шымылдықтың арғы жағына өтіп кетті.
Бұл сөзден кейін Омар (радиаллаһу анһ):
– Уа, Расулалла! Олар негізі сенен тайсалуы керек қой, – деді де, жүзін әйелдер жаққа бұрып:
– Уа, нәпсілерінің дұшпандары! Расулалладан тартынбайсыңдар, бірақ менен тайсақтап тұрсыңдар ма?! – деді. Әйелдер:
– Иә, сен Расулалладан қаталсың және сұстысың, – деп жауап берді. Сонда ардақты Пайғамбар:
– Әй, Хаттабұлы Омар! Жанымды уысында ұстаған Аллаға ант етейін! Шайтан жүзбе-жүз келуге әрдайым сенен тайсақтайды. Сенің бір жолда кетіп бара жатқаныңды көрсе, міндетті түрде ол одан басқа жолға бұрылып кетеді, – деп айтты.
Бірде Алла елшісінің қасында даңғыра тартып ойнап отырған кішкентай қыз әзірет Омарды (радиаллаһу анһ) көріп қорқып, даңғырасын тығып қояды. Мұны көрген ардақты Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Омар! Шайтан сенен қорқады. Мен отырғанда, бұл қыз даңғырасын тартып отырған болатын. Ішке Әбу Бәкір кірді, ол даңғырасын тартуды тоқтатқан жоқ. Сосын Али кірді, ол уақытта да тоқтатпады. Біраздан кейін ішке Осман кіргенде де даңғырасын тарта берді. Енді сен кіріп едің, ол даңғыра тартуды тоқтатып тығып қойды, – дейді.
Шайтанның әзірет Омардан қорқып жолын ауыстыруын хадистің тура мағынасымен түсінуге болады. Яғни шайтан Омарды көргенде оның айбаты мен өзіне бір нәрсе жасап қояр деген қорқыныштан басқа жолға бұрылып кетеді. Қади Ияд секілді кейбір ғалымдар Алла елшісінің бұл сөздерін астарлы мағынада жорыған. Олардың пікірінше, бұл сөзде баяндалып тұрған нәрсе мынау: Омар (радиаллаһу анһ) барлық ісін әділдікпен жасап, бүкіл істерімен оған қарсы шыққандығы үшін шайтан одан тайсақтап жолын өзгертеді. Нәуәуи болса, осы екі көзқарасты айтқан соң, бірінші көзқарастың дұрысырақ екендігін білдірген.

Әзірет Омардың өте әділетті болуы, қара қылды қақ жарып өмір сүруі және сонымен қоса айбатты болуы секілді кейбір қасиеттеріне байланысты, ол туралы осылай айтылған болуы мүмкін.

материал «Әзәзіл шайтаннан сақтан» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: