20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Ұялы телефон әдептері

Ұялы телефон әдептері

Ислам тарихы

Ислам- ғылым мен өркениетке шақыратын дін. Ғылым дамыған сайын адамзат исламның құндылықтарын да ұғына түседі. Қазіргі кездің ғылыми жетістіктерінің бірі ретінде күнделікті пайдаланып жүрген ұялы телефондарымызды айтсақ болады.

Ислам ғалымдары Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерімен салыстыра отырып, ұялы телефонға қатысты бірқатар әдептерді көрсеткен. Олар мыналар:

Ұялы телефонды жақсы мақсатта қолдану

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Шын мәнінде амалдар тек қана ниеттерге байланысты және әр кісіге ниет еткен тиесілі», - дегеніндей, ниетіне байланысты адам ұялы телефонды жақсылыққа да, жамандыққа да пайдалануы мүмкін.

Телефонды шамадан тыс қолданбау

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көптеген адамдар екі нығметті бағалай білмейді: денсаулық пен бос уақыт», -деген.

Мезгілсіз уақытта қоңырау шалмау

«Әй мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер, әлі ержетпеген балаларың, осы үш мезгілде (жандарыңа) рұқсат сұрап кірсін: Таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен уақытта және құптан намазынан кейін. Сендер үшін осы үшеуі ұялатын мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де оларға да айып емес. Өйткені, сендер бір-біріңе кіріп, шығуларыңа керексіңдер. Осылайша Алла, сендерге аяттарын баян етеді. Алла толық білуші, хикмет иесі» («Нұр» сүресі, 58)

Телефонды көтермеген жағдайда қайта-қайта қоңыраулатпау

«Қайсы бірің кіруге үш рет рұқсат сұрағандарыңда рұқсат берілмесе, ол адам кері қайтсын», - деген. Қоңырау шалғанда жауап берілмесе, үш мәртеден артық шалмаған дұрыс.

Әңгімені сәлеммен бастау

Қоңырау шала сала әңгімені бастап кету әдептілікке жатпайды. «Сәлем – сөздің анасы» деп айтылғанындай қоңырау шалынғаннан кейін бірден сәлем беріледі. «Бірде мен Пайғамбарға (с.ғ.с) оған сәлем берместен әрі рұқсат сұрамай кірдім, сонда ол маған: «Қайта барып,Сендерге сәлем болсын, кіруге рұқсат па?» - де». Осы орайда айта кететін жайт: үйге кіруші адам бірінші болып үй иесіне сәлем беретіндігі сияқты, қоңырау шалушы адамда бірінші болып сәлем береді.

Зәру жағдай болмаса әңгімені тым ұзартпау

Мұсылман адам бос уақытын бағалап, оны жақсы амалдарға сарп етуге тырысқаны жөн. Ал енді телефонның құлағын ұстап алып бос әңгімелер айтып, соның салдарынан алтыннан қымбат бос уақытын зая кетіру мұсылман адамға жараспайтын істерден.

Қоңырау шалушы сөзді бірінші болып аяқтау

Қоңырау шалушы адам өзі бірінші болып сөзді аяқтауы хош көріледі. Сөйлесіп болғаннан кейін де телефонның тұтқасын бірден тастай салмай, сөз басында сәлемдесумен бастағандығы сияқты, сөз соңында да амандық тілеп барып әңгімені аяқтау қажет.

Телефон соғылғанда жауапсыз тастап қоймау

Телефонға қоңырау шалынатын болса еш себепсіз жауап бермей тастап қою дұрыс болмайды. Өйткені қоңырау шалушы көмекке мұқтаж не маңызды хабарды жеткізу сияқты шұғыл мәселемен хабарласқан болуы әбден мүмкін.

Әйел адам бөтен ер адаммен сөйлескенде дауысын бір қалыпты ұстау

Кей әйелдер ер адаммен сөйлескенде дауысын құбылтып, өзгертіп, әсемдеп жатады. Дінімізде бұлайша дауыс құбылтып сөйлеуге тыйым салынған. Құранда Алла Тағала: «Әй Пайғамбардың әйелдері! Сендер әйелдерден әлде біреу сияқты емессіңдер. Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер. Онда жүрегінде дерті бар әлде кім дәмеленеді. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер», («Ахзаб» сүресі, 32-аят) – деген.

Мешітке кірерде ұялы телефонды сөндіру

Мешітке құлшылық ниетімен келген басқа мұсылмандардың құлшылығында, намаздарында, зікірлерінде ықылас танытуға кедергі келтірмес үшін онда кіргенде ұялы телефонды сөндіріп қою қажет.

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: