20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Алла Тағала бұл әлемді неге жаратқан?

Алла Тағала бұл әлемді неге жаратқан?

Ислам тарихы

«Біз көк пен жерді һәм екеуінің арасындағы бар нәрсені бекерден бекер, мақсатсыз (яғни адамдар нәпсіге еріп, білгенін істесін деп) жаратпадық!» (Сад сүресі, 27).

Сен өте шебер суретші болдың дейік. Қағаз бетіне қаламыңды жүргізіп, ешкім сала алмаған әдемі гүлдердің, бау-бақшалардың және әртүрлі көріністердің суретін салып қойдың.

Бірақ сен салған суреттердің біреуін де көрмей тұрып, сенің шебер суретші екеніңді ешкім ешқашан білмейді.

Демек, өзіңнің шеберлігіңді, өнеріңді, тасыған талантыңды жалғыз өзің ғана білесің. Басқалардың онымен ісі де жоқ.

Егер сол өнеріңді басқалар да көрсін, білсін, бағаласын десең, онда салған суреттеріңді ел-жұртқа көрсетуің керек.

Мәселен, сурет көрмесін ашасың. Сосын ол көрмеге жұртты шақырасың. Кісілер көрмеңе келіп, сен салған әдемі суреттерді көреді. Сөйтіп, біз бәріміз сенің тамаша суретші екеніңді біліп, таңданып мақтаймыз. Шығармаларыңды тамсанып көреміз.

Сенің суретшілігіңе қызығып, баға беріп, тіпті әрбір портретіңді үңіліп зерттейміз.

Бақтарды қандай әдемі салғаныңды, гүлдерді қандай бояғаныңды, қыл қаламды бір-екі сілтеумен аттарды тулатып әдемілеп салғаныңды, қояндарды өте сүйкімді етіп салғаныңды… Мүмкін болғанша ешбірін қалдырмай қарап шығып, мақтай бастаймыз.

Қысқасы, өзіңді жұрт білсін, көпшілік танысын десең, шеберлігіңді және бағалы шығармаларыңды басқалардың да көргенін қаласаң, онда суреттеріңді жайып, көрме ашуың абзал.

Міне, дәл сол секілді Алла Тағала бұл әлемді жаратпай қойса, онда біз оны ешқашан біле алмас едік. Өйткені әлемдегі басқа барлық нәрселер сияқты, біз де жоқ болатын едік.

Онда Алла Тағала қандай ұлы Жаратушы екенін бір Өзі ғана білер еді.

Өйткені Алла Тағаланың Өзі ғана бар еді. Басқа ештеңе жоқ еді.

Алла Тағала ештеңені жаратпай тұрған кезде де Жаратушы еді.

Бұны бір Өзі ғана білуші еді.

Аспандағы жұлдыздардың саны жер бетіндегі құмдардың санынан да көп. Сол жұлдыздарды жаратудан бұрын да Алла Тағаланың құдіреті шексіз еді.

Ол сансыз жұлдыздарды бір-біріне соғыстырмай, тұс-тұсқа шашыратып жібермей, қалағанындай айналдырып, қалағанындай ұшырудан бұрын да шексіз құдіретті еді.

Бірақ соның бәрін бір Өзі ғана білетін.

Аспан кеңістігіндегі жұлдыздар мен ғаламшарлардың арасынан жер шарын таңдап, оның үстін көкпеңбек ауа қабатымен қаптап, жер бетін теңіздер, мұхиттар, сарқырап аққан өзен суларымен әсемдеп, өсімдіктерден жануарларға, құрт-құмырсқадан адамдарға дейін сан мың түрлі тіршілікке жер бетін толтырмастан бұрын да Алла Тағала Өзі тіршіліктің иесі болған.

Жандыларға жан берген, өмір берген, олардың өмірін жалғастырушы бір ғана Алланың Өзі болған және мұны да бір ғана Өзі білген.

Жер бетіндегі аңғарларды, тоғайларды, таулар мен дарқан далаларды сан алуан әдемі гүлдермен сәндемес бұрын;

Ол гүлдердің әрбірін әртүрлі түстермен боямастан бұрын;

Гүлге гүлдің иісін, шөпке шөптің түсін беруден бұрын;

Жап-жасыл далаларға шоқтай жанған қызғалдақтарды жайнатардан бұрын Алла Тағала әрбір ісін теңдессіз шеберлікпен жасаған ұлы Жаратушы еді және мұны да бір Өзі ғана білген;

Сондай-ақ Алла Тағаланың өте көп көркем есімдері мен сипаттары бар еді;

Жаратқан әрбір жандыға өте мейірімді болған;

Жасаған нәрселерін әртүрлі кескін-келбеттермен, түрлі-түсті қылып жаратқан;

Тіршіліктің бәрін Өзі қалағандай азықтандырып, бүкіл ризықтарын берген;

Әрбір нәрсені толық білген және ол білмей қалған ештеңе жоқ болған;

Барлық дауысты, әрбір сөзді толық естіп тұрған;

Мейлі жарық болсын, мейлі қараңғы болсын, мейлі алыс болсын, мейлі жақын болсын – бәрін толық көріп тұрған. Керек болса қап-қараңғы түнде қап-қара тастың астындағы қап-қара құмырсқаны да көре алған;

Қаласа тіріні өлтіріп, қаласа өліге жан кіргізген;

Байлығы, қазынасы шексіз, жомарттығы мен сыйы таусылмас болған;

Жүрекке иман беріп, ақ жолға салған;

Рахман және Рахим болған;

Бірақ соның бәрін бір ғана Өзі білген.

Содан Жаратқан Иеміз танылғысы келді. Сол тамаша көркемдікті, әсемдіктерді көру және көрсетуді қалап, бұл әлемді жаратты.

Демек, осы ұшы-қиырына көз жетпеген кең әлем мен ондағы барлық жаратылған нәрселерді бізге Алла Тағаланың сансыз көркем есімдерін, шексіз шеберлігін көрсеткен өте алып көрме залымен салыстырсақ болады.

Бұл көрме залындағы тамаша суреттерден оның ғажайып әдемі және керемет өнерлерін көріп тұрамыз.

Көкпеңбек аспанның беті өзінше бір сурет.

Жымыңдап жұлдыз толған түндер өзінше сурет.

Көбелектің көркем қанаттары өзінше сурет.

Самсап жеміс байлаған бақтар өзінше сурет.

Аналардың ақ сүтін емген әрбір бөбек, әрбір сәби өзінше көркем сурет болып, Жаратқан Иеміздің шексіз мейірімділігі аналардың жүрегінде бір нәрсе жанып тұрарын бізге көрсетіп береді.

Көзімізді ашып, айналамызға қарайтын болсақ, Жаратқан Алланың сондай керемет суреттерін, мейірімділігінің тамаша белгілерін байқаймыз.

Тіпті кейбіріміз: «О, қандай тамаша!» – деп тамсанамыз.

«Қандай тамаша! Алла Тағала бұл көбелектерді осыншалық әдемі, осыншалық нәзік және түрлі-түсті жаратқысы келіп, дәл солай жаратыпты!» – дейміз.

Кейбіріміз: «Жаратқан Алла неткен шебер!» – деп таңдай қағамыз.

«Жаратқан Алла қандай шебер! Қарашы, мына көкпеңбек аспанға! Онда қалқып жүрген ақ бұлттарға қарашы! Көргеннің көз жауын алған Күн жүйесін жаратқан Алла Тағала еш кемшіліксіз, барлық нәрсенің ең жақсысын да ол Өзі біледі!»

Кейбіреуіміз: «Алла Тағала қандай ұлы!» – дейміз.

«Ол қандай ұлы! Түнгі аспандағы миллиардтаған жұлдыздарды жымыңдатып, әлемді әшекейлеген!

Сол жұлдыздардың ішінен Күнді бізге шырақ қылып, Айды түнгі шам қылып басымызға іліп қойғанына қарашы!»

материал «Алланы танығым келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: