03
Жұма,
Мамыр

һижри

Адам ішіне жын кіргенде оқылатын аяттар

Адам ішіне жын кіргенде оқылатын аяттар

Ислам тарихы

Адам ішіне жын кіргенде оқылатын аяттар:

1. «Фатиха» сүресі: Рахман әрі аса Рақымды Алланың атымен (бастаймын). Бар мадақ, шүкіршілік атаулы күллі әлемнің Раббысы – бір Аллаға арналады. Ол – Рахман әрі аса рақымды, Дін (жауапқа тарту һәм үкім шығару) күнінің иесі. (Уа, Жаратқан!) Бір Өзіңе ғана құлшылық етіп, бір Өзіңнен ғана медет тілейміз. Бізді (разылығыңа жеткізетін) тура жолға сала көр! Қаһарыңа ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес, Өзің нығметке бөлеген (ізгі құлдарыңның) жолына (сала көр)! Әмин.

2. «Бақара» сүресінің алғашқы бес аяты: Әлиф, Ләм, Мим. Міне, (мұғжиза) Кітап. Онда (яғни, оның көктен түскен илаһи кітап екендігінде) еш күмән жоқ. Ол (Аллаға шын бойсұнған, күнә атаулыдан барынша сақтанатын) тақуа жандарды тура жолға бастаушы. Міне, солар ғайыпқа (яғни, сезім мүшелерімен сезіліп-білінбейтін тылсым әлемге) кәміл сенеді, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және Біз өздеріне ризық етіп берген (мал-мүлік, күш-қуат, ақыл-парасат, білім, т.с.с.) нығметтерден (Алла разылығы үшін, міндет етпей игі мақсатта) жұмсайды. (Уа, Мұхаммед!) Сондай-ақ олар саған түскен Құранға және өзіңнен бұрын түскен (иләһи Кітаптар мен парақтарға да) иман келтіреді. Ақиретке де (дәл солай) кәміл сенеді. Міне, солар Раббыларынан келген нағыз тура жолда әрі олар мәңгілік азаптан құтылып, ең үлкен жетістікке жеткендер.

3. «Бақара» сүресінің 163–164-аяттары: (Уа, адамзат!) барлығыңның құдайың бір Құдай, Одан басқа құдай жоқ, Ол – аса рақымды, ерекше мейірімді. Күллі аспан әлемі мен жердің жаратылысында, түн мен күннің бір ұзарып, бір қысқарып, бірін-бірі қуалап алма-кезек алмасуында, адамдардың пайдасы үшін теңізде жүзген алып кемелерде, Алланың аспаннан жауын жаудырып, сол арқылы өлі жерге жан бітіруінде, жер бетіне жайған барлық тіршілік иелерінде, желдердің мың құбылып соғуында және аспан мен жердің арасындағы Алланың әмірінде болған бұлттарда ақылға салып ойлана білетін қауым үшін сан алуан дәлелдер бар.

4. «Бақара» сүресінің 255-аяты (Аятул Курси): (Бір) Алла, Одан басқа құдай жоқ. Ол – Хай (мәңгі тірі), Қайуум (еш нәрсеге арқа сүйемей күллі болмысты бір Өзі тіреп, меңгеріп тұрушы). Ол әсте қалғымайды, Оны (ғапылдық та), ұйқы да баспайды. Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі барлық нәрсе бір Өзіне тиесілі. Оның дәргейінде рұқсатынсыз біреу үшін шапағат етіп, ара түсе алатын кім бар? Ол күллі жаратылыстың алдындағы болашағын да, артындағы өткенін де толық әрі жақсы біледі. Ал олар болса, Оның шексіз ілімінен еш нәрсені толық ұға да, меңгере де алмайды, тек Өз қалауымен ұғындырып, үйреткен нәрсесі болса, оның жөні басқа. Оның (шексіз билігінің көрінісі болған) Күрсісі күллі аспан әлемі мен жерді толық қамтыған. Күллі аспан әлемі мен жерді қызғыштай қорып, сақтап тұру Ол үшін түк те қиын емес, Ол – Алий (бәрінен биік, асқақ), Азим (бәрінен ұлы).

5 «Бақара» сүресінің соңғы үш аяты: Күллі аспан әлеміндегі және жердегі барлық нәрсе Аллаға тиесілі. Іштеріңдегі (ниет-пиғылдарыңды, әдейі ойлаған жаман ойларыңды) жария етсеңдер де, жасырсаңдар да, Алла сендерді сол үшін жауапқа тартады. Содан кейін қалаған пендесін (тәубе еткені үшін немесе мейіріміне бөлеп) кешіреді, қалағанын (әділдігіне сай) азаптайды. Шүбәсіз, Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Хақ расул өзіне Раббысынан (уахи арқылы) түсірілген (Құран мен сүннетке) қалтқысыз иман келтірді, (маңайындағы) мүміндер де (иман келтірді). Олардың әр қайсысы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына толық иман келтіріп: «Біз Оның елшілерінің ешбірін бөліп-жармаймыз (бәріне бірдей сенеміз)», – деді. Сондай-ақ, олар: «Біз (Раббымызға иман етуге үндейтін шақыруды) естідік және (үндеуге құлақ асып) қалтқысыз мойынсұндық. Уа, Раббымыз! Біз Сенің кең кешіріміңді тілейміз және түбінде Өзіңе қайтамыз», – деп айтты. (Сонда Алла тағала оларға: «Уа, мүмін құлдарым! Іштеріңдегі ниет-пиғылдарың мен ойлаған ойларың үшін-дағы жауапқа тартылатындықтарыңды есітіп, жабықсаңдар, біліп қойыңдар), Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді. Әркімнің істеген жақсылығы өз пайдасына және істеген жамандығы өз зиянына. (Сендер былай дұға етіңдер): «Уа, Раббымыз! Егер (Өзіңнің разылығыңа бөленеміз деп жүріп бір нәрсені) ұмытып кеткен немесе білмей қателік жасаған болсақ, сол үшін бізді жауапқа тарта көрме! Уа, Раббымыз! Бізден бұрынғы үмбеттерге жүктегеніңдей бізге ондай ауыр міндеттер жүктей көрме! Уа, Раббымыз! Бізге шамамыз жетпейтін міндеттерді арта көрме! Күнәларымызды кешкейсің, бізді кешіргейсің және бізге жанашырлық танытып, мейіріміңе бөлегейсің! Сен біздің Иемізсің, қамқоршымыз әрі қорғанымызсың! Бізге мына кәпірлер қауымына қарсы (күресте) жәрдем беріп, жеңіске жеткізе көр!»

6. «Әли Имран» сүресінің 18-аяты: Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып (осынау ақиқатқа куәлік етті). Ұлы, бәрінен үстем һәм әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған Хаким Алладан басқа тәңір жоқ.

7. «Ағраф» сүресінің 54–56-аяттары: Аяттары-мызға иман келтіргендер алдыңа келген кезде: «Сендерге бейбітшілік, есендік тілеймін», – деп айт. Раббыларың рақымдылық танытуды Өзіне лайық қасиет һәм Өзінің басты ұстанымы қылды. Араларыңнан кімде-кім білместікпен қандай да бір жамандық істеп, кейін сол ісіне өкініп тәубеге келсе һәм түзелсе, шүбәсіз, Ол өте кешірімді, ерекше мейірімді. Күнәдан көз ашпайтын азғындардың жолы (жат қылықтары мен күпірліктері) толық айқындалсын деп, ақиқатты һәм оның бұлтартпас дәлелдерін міне, осылай жан-жақты баяндаймыз. (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Шүбәсіз, маған сендердің Алладан басқа тәңір тұтып, жалбарынып жүрген құдайларыңа табынуға үзілді-кесілді тыйым салынды», – деп айт. Сондай-ақ: «Мен сендердің әуейіліктеріңе еріп, айтқандарыңмен жүрмеймін. Өйткені (айтқандарыңа көніп, айдауларыңа жүретін болсам), сөзсіз, адасамын әрі тура жолдағылар қатарынан шығып қаламын», – деп айт.

8. «Муминун» сүресінің 116–118-аяттары: Күллі жаратылыс атаулының патшасы Хақ Алла сондай ұлы! Одан басқа құдай жоқ. Ол – ардақты ұлы Аршының Раббысы. Кімде-кім Алламен қатар құдай екендігіне қатысты бірде-бір дәлелі жоқ жалған құдайға табынса, ақиретте Раббысының құзырында сол ісі үшін міндетті түрде жауап береді. Шүбәсіз, кәпірлер әсте (азаптан құтылмайды,) мақсат-мұраттарына жетпейді. (Уа, Мұхаммед!): «Уа, Раббым! Бір Өзің жарылқап кешіре көр! Мейіріміңе бөлей көр! Сен мейірім етушілердің ең қайырлысы әрі ең мейірімдісісің!» – деп дұға ет.

9. «Саффат» сүресінің алғашқы он аяты: Қатар-қатар сап түзеушілерге (періштелерге) серт! (Бір тобы сұғанақ жындарды) тойтарып тастауда, (Енді бір тобы Алла жолдаған) уахиді оқуда. Құдайларың шүбәсіз, жалғыз (Құдай)! Күллі аспан әлемі мен жердің және екеуінің арасындағы бар нәрсенің Раббы һәм барлық күн шығыстың (және барлық батыстың) Раббы! Біз жерге ең жақын аспанды жымыңдаған жұлдыздармен безендірдік. Һәм оны әрбір қиқар, асы (күнәһар) шайтаннан қорғадық. (Ол шайтандар көктегі) ұлық періштелердің жоғарғы мәжілісіне ұрланып келіп, тың тыңдай алмайды, жан-жақтан аяусыз атқыланады (жан-жақтан өздеріне қарай боратылған оқтың астында қалады). Сөйтіп, олар аяусыз қуылады, сондай-ақ, бітпейтін азапқа душар болады. Дегенмен араларынан біреуі бір амалын тауып, ұрланып келіп, тың тыңдап, құлағы шалып қалған бір сөзді ала қашса, оның да соңына бірден жарқыраған ақпа жұлдыз түседі де (адым жерге жібермей көзін жояды).

10. «Хашр» сүресінің соңғы үш аяты: Ол – Өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла. Ғайыпты да, жарияны да (яғни сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін болмаған тылсым әлемді де, сезілетін жария әлемді де) толық білуші. Ол Рахман (күллі жаратылысқа рақымды), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді). Ол – Өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла. Мәлик (шексіз билік иесі), Қуддус (Өзі қандай мінсіз әрі пәк болса, күллі ғаламды да әрдайым таза ұстаушы), Сәләм (есендік пен тыныштық кепілі), Му-мин (күмән мен үрейден арылтып, жүректерге иман нұрын ұялатушы), Муһәймин (күллі жаратылысты бақылауында ұстаушы һәм қорғаушы), Азиз (ұлылық пен үстемдік иесі), Жәббар (күллі болмысты Өзіне бойсұндырушы, зұлымдықты жойып, әділдікті орнатушы), Мүтәкәббир (ұлылығын паш етуге толық құқылы болған теңдесі жоқ ұлылық иесі). Алла олардың (мүшріктердің) Өзіне серік етіп қосқандарынан және серік қосуынан мүлдем аулақ. Алла – Халиқ (бәрін жоқтан жаратқан жалғыз Жаратушы), Бәри (жаратуда ешкіммен ортақтас та, серіктес те болмайтын мінсіз Жаратушы), Мусаууир (әр жаратылысқа өзіне сай әрі жарасымды кескін-келбет беріп, бейнелеуші). Ең көркем есімдер бір Өзіне ғана тән. Күллі аспан әлеміндегі мен жердегінің бәрі Оған: «(Сен – мінсізсің. Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік һәм ең көркем есімдер мен теңдессіз сипаттар бір Өзіңе ғана тән деп) үнемі мадақ жаудырады! Ол – Азиз (ұлылық пен үстемдік иесі), Хаким (әр үкімі мен әр ісінде көптеген хикметтер болған асқан даналық иесі).

11. «Жын» сүресінің 3-аяты: «Шүбәсіз, Раббымыздың даңқы асқақ, ұлылығы шексіз. Ол ешкімді Өзіне жұбай етіп те, бала етіп те алған емес (яғни, Оның жұбайы да, баласы да жоқ)».

12. «Ықылас» сүресі: (Оларға) айт: Ол Алла жалғыз (Құдай)! Алла – Самад (ешкімге және еш нәрсеге мұқтаж емес, керісінше, күллі жаратылыс Оған мұқтаж)! Ол тумаған да, туылмаған! Сондай-ақ Оған тең келер ешкім жоқ!

13. «Фалақ» сүресі: (Оларға) айт: Таң шапағының Раббысына сақтай көр деп сыйынамын: Өзі жаратқан күллі жаратылыстың кесірінен, жер бетін қаптаған қараңғы түннің кесірінен, түйіншектерге үрлеп, дуалайтын дуашылардың (дуашы әйелдердің) кесірінен, сондай-ақ күндеген кездегі күншілдердің кесірінен (сақтай көр деп сыйынамын).

14. «Нас» сүресі: (Оларға) айт: Сақтай көр деп сыйынамын адамдардың Раббысына, адамдардың Иесіне, адамдардың Тәңіріне, әзәзіл шайтанның кесірінен, адамдардың көкірегіне уәсуәсә салатын (әзәзіл шайтанның кесірінен сақтай көр деп сыйынамын деп айт), (Ондай әзәзіл шайтан) жыннан да, адамдардан да (шығады).

материал «Жын-шайтаннан сақтану дұғалары мен жолдары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: