Ислам дініндегі әйел затының мәртебесі туралы ақида ілімінде бірқатар ізгі көзқарастар бар.
Бұл мәселеде имам Әшғари әйелдердің де пайғамбар бола алатынын айтады. Ал, имам Матуридидің ақидасы бойынша пайғамбарлар тек еркек нәсілінен келеді. Матури сеніміндегілер бұған дәлелді Құранның мына аяттарынан келтіреді: «Сенен бұрын да кенттердің халқынан өздеріне уахи періштелер: «Әй Мәрйем! Шәксіз, Алла сені таңдады, тазартты және ол уақытта әлемдегі әйелдерден ардақты қылды» деді» (Әли Ғымран, 42).
Сонымен бірге, имам Әшаридің пікірінше әйел адам муфти, әкім және дін уағызшысы бола алады. Себебі, жақсылыққа бастау, жамандықтан тыю (әмр бил-мағруф уа нахи анил-мүнкер) олардың да парызы саналады.
Имам Матуриди әйел затының әмірші, әскербасы, қазы қызметін атқаруы жөн болмайды, себебі бұл міндеттер әйелдің нәзік болмысына ауыр соғады деп білген. Бірақ әйел адам дін мәселелерінде шешім шығарып, пәтуа бере алады деп тұжырымдаған. Себебі пәтуа беру ең алдымен ислам дінін жетік меңгеруге, екіншіден қисынды ойлау мен парасатты пайымдау қабілетіне, үшіншіден тапқырлық пен шешендікке байланысты болып келеді. Бұл имам Матуридидің ақыл-парасат жөнінен әйелдерді ер азаматтан кем көрмей, ерекше сеніммен қарағанын, бұған негіз боларлық дәлелдер исламда жеткілікті екенін айғақтайды.
Исламдағы әйелдің құқығы туралы Құранда «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар» (Бақара, 228) деп көрсетілген.
Ислам діні қажет жағдайларда күйеуінің рұқсатымен әйелдің де жұмыс істеп, табыс табуын құптайды. Тұрмысы нашар отбасыларда күйеуіне көмектесу үшін немесе жесір қалған әйелдің бала-шағасын асырауы үшін табыс табуына қарсылық білдірмейді. Сонымен қатар ислам діні әйел адамның бостан-бос отыруын, жалқаулыққа салынуын да құптамайды.
Ислам келгеннен кейінгі кезеңде сахаба әйелдер әртүрлі кәсіптермен шұғылданған. Мұхаммед пайғамбар оған қарсылық білдірмеген. Толғатқан ананы босандыратын, кісі жалдап, сауда керуендерін шетелдерге жіберетін әйелдер де болған. Мұхаммед пайғамбар әйелі Хафсаға жазу үйрету ісін жүктеген. Сахаба Абдуллаһ ибн Масғұдтың жұбайы Раита қолөнермен айналысқан. Қол еңбегімен табыс тауып, отбасын асырап, күйеуіне көмектескен. Зейнеп бинт Жахш тері өңдеу ісінің асқан шебері болған. Ол осы еңбегімен тапқан табысының бәрін Алланың жолына жұмсайтын болған. Ислам дінінің амалдарын орындауда әйел мен ер адам арасында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ. Бұл өзгешеліктер әйелдің құқын шектеу емес, керісінше әйелге тән физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты жеңілдіктер болып табылады. Яғни, ислам шариғаты әйелдің физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін, оның отбасының шаруасы мен бала тәрбиесімен айналысатынын ескеріп, көптеген жағдайларда белгілі бір жеңілдіктер берген. Мысалы, әйелдерге тән ерекше күндерде (хайыз және нифас) кейбір құлшылықтарды өтемеуге рұқсат беруі оны кемсіту емес,
Исламға дейінгі араб қоғамындағы ең азғын әрекеттердің бірі болған зинақорлыққа ислам діні келгеннен кейін қатаң тиым салынған. Мұхаммед пайғамбар зинақорлық жасауға тиым салып қана қоймай, бұл үкімнің мәнін тәптіштеп жан-жақты түсіндірген.
Бір күні мұсылмандықты қабылдағанымен қараңғылық дәуірде бойына сіңіп қалған зинақорлық секілді жиіркенішті әдетінен арыла алмаған бір жас жігіт пайғамбарға келіп «Уа, Алла елшісі, маған зина жасау үшін рұқсат берсең?» дейді. Пайғамбардың жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін ести сала, оған бірден ұрыса бастайды. Сонда Мұхаммед пайғамбар жігітті қасына шақырып «Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің?» деп сұрайды. Сонда жігіт «Әрине қаламаймын!» дейді. Пайғамбар «Ешқандай адам анасына мұндай жиіркеніштілікті қаламайды. Сенің қызың болса, оған осындай нәрсенің жасалғанын қалар ма едің?» дейді. Жігіт «Ей, Алланың елшісі, еш қаламас едім!» дейді жаны одан сайын түршігіп. Пайғамбар «Ешбір жан да қызына мұны тілемес еді. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?» дегенде әлгі жігіт «Жоқ, мұны да қаламаймын» деп жауап береді. Мұхаммед пайғамбар «Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?» дегенде әлгі жігіт «Жо-жоқ, қаламаймын» деп жауап береді. «Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді» деген Алла елшісі қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «О, Аллам, бұның күнәсін кешір, жүрегіндегі жамандықтарды тазала, намысын сақтауға жәрдемші бол!» деп дұға етеді.
Ислам діні отбасы, неке мәселесіне ерекше мән береді. Өйткені отбасынан қоғам құралады. Ал, сол шаңырақтың шырағы, ұрпақты дүниеге әкеліп, тәрбиелеуші әйел адамға ислам діні айрықша орын береді.
Ислам діні келгенге дейін неке мәселесіне әйелдің құқығы тапталып, ерлер әйелдің келісімін алмастан үйлене беретін болса, ислам діні келгеннен кейін әйелдің келісімінсіз неке қиылмайтын болды. Осыған мысал ретінде мына оқиғаны келтіруге болады:
Мәдина тұрғыны Хидамның қызы Ханса бір күні Айша анаға барып: «Әкем мені беделіне қарап, бір туысына қоспақшы. Менің келісімімді сұраған да жоқ. Мен қыз ретінде өмірлік жолдасымды таңдау құқығым жоқ па? Ислам маған мұндай құқықты бермей ме? Әкемнің қалағанын таңдауға мәжбүрмін бе?» деп сұрайды. Айша ана бұл мәселе туралы пайғамбардан сұрағанда «Дереу қыздың әкесі Хидамды тауып әкеліңдер» дейді. Келген соң Хидамнан істің мән-жайын сұрайды. Сонда Хидам «Иа, расулуллах! Менің таңдағаным жақсы отбасының ақылды баласы. Менің қызыма сол лайық» дейді. «Хидам, бұл жігітпен өмір сүретін сен бе, әлде қызың ба?» дейді пайғамбар. Хидам «Қызым» дегенде пайғамбар «Олай болса кім бірге өмір сүретін болса соңғы шешімді қабылдау да соның құқығы емес пе? Қызың бірге өмір сүретін адамын ұнату құқығына ие болмаса, ұнатпаған адамымен қалай бақытты өмір сүреді? Дереу бұл келісімді бұз» дейді. Осы кезде арғы жақтан қыздың даусы келеді: "Иа расулуллах! Әкемнің таңдауымен келісемін. Келісімді бұзбасын. Әкемнің өз таңдағанын таңдауға мені мәжбүрлеуі қалада «Қыздардың таңдау құқығы жоқ» деген түсініктің таралуына себеп болды. Сол себептен де сұрауды жөн санадым. Енді қыздардың таңдау құқығы бар екені түсінікті болды. Жанұясы қызды мәжбүрлей алмайды. Мен әкемнің таңдаған адамына өз еркіммен келісемін. Әкем сөзінде тұрмағандай болып қалмасын. Әрине, ешқандай әке қызына жаман адамды қаламайды" дейді.
Исламға дейінгі араб қоғамындағы тағылық әдеттердің бірі қайтыс болған адамның әйеліне қайтыс болған адамның ағасы немесе інісі мұра ретінде қарап, оған зорлықпен үйленетін. Ал, мұсылман құқығы әйелдің еркі болмаса, оны зорлықпен әмеңгерлікке алуға тыйым салды. Бұл туралы Құранда былай айтылады: «Әй мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес..» (Ниса, 4/19).
Неке ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс. Құранда «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді (Зарият, 49). Мұхаммед пайғамбар да «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе дереу үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройды жойылудан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы нәрсе екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады. Мұхаммед пайғамбар өз хадисінде былай деген: «Неке менің сүннетім, кім менің сүннетімнен бет бұрса, ол менің үмметім емес». Ислам құқығында некенің рүкіндері (құрамдас бөлігі) бар:
1) ижаб (ер кісінің некелесуге ұсыныс білдіруі);
2) қабул (әйел адамның ұсынысқа келісімін беруі).
Осы рүкіндерден әйел адамның келісімінсіз неке рәсімі
орындалмайтынын байқауға болады. Демек, ислам діні неке қиып отбасылы болуда да әйел адамға толық ерік беріп таңдау құқығынан айырмаған.
Ислам құқығында отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болса, неке қиюдың да өз шарттары бар. Біріншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, өз жүрек қалауларымен келісуі. Неке материалдық жағдайға байланысты немесе қиындықтардан арылу үшін ықылассыз, мәжбүрлі болмауы керек. Екіншіден, екі куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік беретін адам. Үшіншіден, қызға сұраған сыйын беру (мәһір).
Хадисте «Үш нәрсемен қалжыңдап ойнауға болмайды: неке, талақ және ант» деген. Исламда рұқсат берілгенмен неке бұзу құптарлық іс емес. Қандай жағдай болса да отбасын сақтауға екі тарап та күш салуы тиіс. Әрбір адамның басында кемшілігі бар, оны кешіре білу де дініміздің бір ұстанымы. Осыған қатысты хадисте «Мұсылман ер мұсылман әйеліне кек сақтамасын. Оның бір мінезін ұнатпаса, басқа бір мінезін ұнатады» (Мүслим, Рада, 61; 2/1091) дейді пайғамбарымыз.
Исламда ерлі-зайыптылардың бір-бірін таңдауда қателесудің және әртүрлі жағдайда келіспеушіліктердің болатынын ескеріп, отбасының бұдан әрі бірге өмір сүруі мүмкін болмаған жағдайда, олардың ажырасуына рұқсат берген. Мұсылман құқығы бойынша талақ (ажырасу) үкімін отбасыны бұзу үшін емес, қайта оның беріктігі үшін қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жіберген қателігін немесе отбасы болғаннан кейінгі қателікті түзету үшін талақ жүзеге асырылады. Сондай-ақ талақ жасалған кезде, әйел ғиддат (үш етеккір мерзімі) мерзімінің аяқталғанын күткенше күйеуінің үйінде бөлек бөлмеде тұра беруіне рұқсат етілген. Ал күйеуі әйелінің ғиддат мерзімі біткенге дейін оның ас-суын қамтамасыз етуге міндеттелген.
Ислам құқығы бойынша талақ Алла тарапынан күйеуге ғана берілген құқық болып табылады. Бұл туралы Құранда «Егер сендер жақындаспай тұрып, оларға (мәһір) белгілеп, оларды талақ еткен болсаңдар, белгілегендеріңнің жартысын (беріңдер). Бірақ ол әйелдер (жартысын да алмаймыз деп) немесе неке жібін қолында ұстаған (еркек толық беремін деп) кеңшілік етсе, ол басқа...» (Бақара сүресі 237-аят) деп берілген. Бұл аяттағы «талақ еткен болсаңдар», «қолында неке жібін ұстаған» деген сөздер ер адамға қаратыла айтылған. Яғни, талақты ер адам ғана береді.
Талақтың құқығы неге әйел кісіге берілмеді? Мұның себебін (хикметін) ғұламалар әйел баласының психологиялық ерекшелігімен байланыстырады. Әйел баласы (жалпы алғанда) ер адамға қарағанда сыртқы оқиғалардан әсерленгіш, соның салдарынан тез ашуланғыш келеді. Табиғатынан осындай ерекшелікке ие болған әйел кісіге талақ құқығы берілсе, яғни оны маңызды себепсіз қолдана беру қаупі бар. Ал, исламда ажырасу ең соңғы шара. Ерлі- зайыптылар мен қазыға жүктелген міндет − мүмкіндігінше мұны болдырмауға тырысу.
Отбасылық өмір ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен балаларын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету.
Ислам діні әйелдің күйеуіне бағынышты болуын талап етеді. Өйткені, әйелді асырау мен қаржыландыру күйеуінің мойнына жүктеледі. Күнделікті тіршілікке қажетті қаржы табу, отбасын асырау толығымен ерге міндеттелген. Ал, әйелге күйеуінің ризашылығын көздеу, ерінің дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, өзінің ар-абыройын сақтау, бала тауып, оның тәрбиесімен айналысуды міндеттейді.
Әйелінің материалдық және рухани қажеттіліктеріне күйеуі шариғаттың шеңберінде сай көңіл бөлуі керек. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Бұған Құранның Ниса сүресіндегі мына аят дәлел бола алады: «Олармен (әйелдеріңмен) жақсы қатынаста болыңдар». Сондай- ақ, Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде «Сендердің ең ізгілерің әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың» десе, тағы бір хадисінде «Күйеуі өзінен разы болған күйде жан тапсырған әйелдің барар жері жұмақ» деу арқылы ер мен әйелдің міндеттерін нақтылап көрсетіп, олардың бір-бірін толықтырып тұратын жандар екеніне назар аударады.
Әйелдің де күйеуі алдындағы міндеттеріне қатысты мынадай хадисті келтіруге болады:
«Егер әйел кісі күнделікті парыз етілген бес уақыт намазын қаза қылмаса, Рамазан айында ораза тұтса, өзін бөтен еркектерден сақтай білсе, күйеуіне адал болса, онда оған: «Жәннаттың қай есігінен кіруді қаласаң, сол есігінен кір деп айтылады». (Анастан Дилми риуаят еткен).
«Әйелдеріңнін ең жақсысы – салиқалы, күйеуіне адал болғандары». (Анастан Дилми риуаят еткен).
«Аяғы ауыр әйелдер, дүниеге бала әкеліп әрі балаларға қамқор, күйеуіне адал, айтқанын екі етпейтін болса, намазын өз уақытында оқыса, барар жері Жәннат болады». (Абу Амамадан Ахмад, Ибн Мажа және Байхақи риуаят еткен).
Отбасылық өмірдегі міндеттерімен қатар ислам діні әйелге мәхір сыйлығын иемдену, мұрагерліктен өз үлесін алу, ғылым-біліммен айналысу, табыс көзімен, сауда-саттықпен айналысу, меншік иесі болу, қоғамдық істерге араласу, сөз сөйлеу құқықтарын алып берді.
Әйел баласы тек өзіне ғана тиесілі болатын мәһірді өзінің болашақ күйеуінен талап етуге құқылы. Мәһір (қалыңдық сыйы) әйелдің келісіміне қарай, ақшалай немесе заттай болуы да мүмкін. Мәһірдің маңызы туралы Құранда Ниса сүресінің 24 аятында баяндалады. Онда былай делінген: «Некелі әйелдермен үйленулерің арам қылынды. Бірақ қолдарыңдағы күңдер (соғыс тұтқындары) басқа. Сендерге Алланың жазуы осы. Бұлардан басқаларды абыройлы болу, бой суытушы болмау шартымен малдарыңды беріп қалауларың (мәһір беріп алуларың) халал қылынды. Сонда олардан осы шартпен пайдалансаңдар, бекітілген мәһірін беріңдер. Мәһір тоқтатылғанан кейін ризалассаңдар, (еркек артық беріп, әйелдің аз алуы немесе тіпті алмауында) сендерге оқасы жоқ. Расында Алла толық білуші, хикмет иесі».
Мәһір қоғамдағы әйелдің беделін білдіретін және ақысы саналатын сыйақы. Исламнан бұрынғы дәуірде Арабтарда "Ниһлә" деп аталатын қыздың құны берілетін болған. Оны тек қыздың өкілдері алатын болған. Ал исламда әйел адам мәһірдің құнын да өзі белгілеп, жұмсауы да өз еркінде болды. Мәһір үшін белгілі шек қойылмаған. Құран "Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк мәһір берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар" (Ниса, 20) деп үндейді.
Оны күйеуі толығымен асырайды, оның жұмыс істеуі міндетті емес. Ол некеге тұрғаннан кейін өзінің бұрынғы меншігін толығымен сақтай алады және оған ешкім тиісе алмайды. Ол жұмыс істеп, отбасының табысына үлес қоса алады, бірақ оның ары мен абыройы толығымен қорғалуы керек.
Ислам діні адамзат тегін жалғастыруды қамтамасыз етуші ретінде әйелге мұрагерліктегі өз үлесін берді. Исламға дейін оның мұндай болу былай тұрсын, оның өзі біреудің меншігі саналып келген. Исламға дейінгі араб қоғамындағы тұрпайы әдеттердің бірі, тайпалық дәстүр бойынша шеше, әйел, қыз, сәбилер мирас ала алмайтын. Тек соғысуға жарайтын ер адам ғана мирас алатын. Осыдан араб қоғамында дүние-мүліктің ұрпақтан ұрпаққа қалдырылуы үнемі келіспеушіліктерді, ренішті тудыратын. Ал, мұсылман құқығы бойынша отбасының барлық мүшелері, яғни, ұл-қызы болсын белгілі мөлшерде мұрадан пай ала алды. Бұл туралы Құранның Ниса сүресінің 5-6 аттарында баяндалады.
Исламда әйелдің бағаланбайтындығы, әйел мен еркек теңдігінің жоқ екендігі туралы айтылғанда бұған дәлел ретінде әйелдің мұрагерліктегі алатын үлесі мен оның куәлігі мәселелері келтіріледі. Негізінде әйелге бір, еркекке екі үлестің берілуі еркекті әйелден жоғары санаумен ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, ислам діні надандық дәуірінде өздеріне зұлымдық жасалып, құқықтары тапталған кішкентай қыздар мен әйелдердің құқықтарын оларға мұрагерліктен үлес беру арқылы қорғауға алған.
Исламда әйелдердің білім алу құқығы ерлермен бірдей. Ислам діні мұсылмандарды білім алуға ұмтылуға міндеттегенде оларды ер мен әйел деп бөлмеді. Мұхаммед пайғамбар білім іздеу еркек болсын, әйел болсын, әрбір мұсылманның міндеті деп жариялады.
Ислам тарихында дін негіздерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде мұсылман ғалымдарының ішінде әйел адамдардың да қосқан үлесі зор. Білім саласында аты шыққан дарынды әйелдердің басында Мұхаммед пайғамбардың жұбайлары ерекше аталады. Солардың ішінде айрықша қабілетімен ерекшеленген Айша ананың шоқтығы биік екені белгілі. Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін ілім сұраған көпшілік соған келіп жүгінетін болған. Ол фиқһ, хадис, тәпсір, әдебиет, ақындық, медицина, шежіре, тарих сынды салаларда білім берумен қатар, аталмыш мәселелерде өзіне жеткен қате деректерді түзеп, кемшілігі барларын толықтыратын. Сол үшін Хаким сияқты үлкен ғалымдар дін ілімінің төрттен бірі Айша ана арқылы жеткенін айтқан.
Ол Құран түсіндірмелерін пайғамбарымыздың қасында жүріп үйренген, түсіне алмаған тұстарын тіке өзінен сұрап, Құрандағы жайттардың іс жүзіндегі көрінісіне қырағылық танытқан. Ілімдегі тереңдігі жағынан басқалардан, өзге ғалым сахабалардан оқ бойы озық тұрды. Аяттардың түсу себебін біліп қана қоймай, дінді тиісінше түсіне білді. Көріп-білгендерін шебер тілмен түсіндіре де білді.
Сонымен қатар ол хадис ғылымының алғашқы мектебі, мұсылманның сенім негіздерін белгілейтін өлшем Құран мен сүннетті ең жақсы білетін жан ретінде танылды. Бірқатар хадистерді естіген кезде ол пайғамбардың жанында жалғыз болған. Сондықтан хадис тізбегі бір ғана кісіден тұрған. Бұл басқалардың пайғамбардың кей сәттерін білуге мүмкіндік таппаған жерлерде қасында үнемі Айша ананың болғанын көрсетеді. Сондықтан да оның жеткізген хадистері «фәрд» немесе «мүнфарид» деп аталады. Әсіресе, пайғамбардың отбасылық өмірі, жеке жағдайы, түнгі құлшылығы мен жалғыз қалған сәттеріне куә болып, басқаларға баяндауда Айша ананың орны ерекше. Айша ананың жеткізген хадис саны екі мыңнан асады. Ол арабтар әмәмун нас деп атайтын өткен күндерге қатысты ғылымға да жүйрік болған.
Білімділігімен қоса сол білімін өзгелерге жеткізуде үлкен қажыр-қайрат танытқан. Оның білім мектебі хазірет Омар және баласы Абдуллах ибн Омар, Әбу Хурайра, Әбу Мұса әл-Әшғари, Абдуллах ибн Аббас және Абдуллах ибн Зүбайрден бастап Амр ибн Ас, Зәйд ибн Халид әл-Жухани сияқты маңызды сахабалардың жиналатын орны болған.
Сонымен қатар ұстаздық жасап, ислам дінінің кеңірек таралуына үлес қосқан әйел кісілердің қатарына Хайра бинт Әби Хадра Әл-Әсләми, Умәйма бинт Абд ибн Бижад, Рукайка бинт Хуәйлид және Зейнеп бинт Қайсты жатқызуға болады.
материал «Исламдағы әйелдің жағдайы және құқықтары» кітабынан алынды,
ummet.kz