Құран жаттаушыға кеңестер:
Құран жаттаудағы ниетіңіз тек Алла разылығына жету үшін болу керек. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Амалдардың қабыл болуы әрі сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады» деген.
Құран жаттау оңай құлшылық. Бұған дәлел Алла Тағаланың: «Расында Құранды үгіт үшін оңайластырдық. Ал сонда түсінуші бар ма?»
Құран жаттау уақытыңызды белгілеңіз. Исмаил ибн Әбу Уайс (р.а): «Егер бір нәрсені жаттауды қаласаң, ерте ұйықта. Сәресі уақытында тұрып, жарығыңды жағып жаттайтын нәрсеңе қара. Кейін (жаттаған нәрсеңді) Алланың қалауымен мүлдем есіңнен шығармайтын боласың», - деген.
Ерте ұйықтап, ерте тұруға дағдыланыңыз.
Өзіңіздің үнемі жаттайтын ыңғайлы орныңыз болғаны дұрыс. Құран жаттайтын орныңызды артық заттардан арылтыңыз. Артық зат ойды бөледі.
Құран жаттағанда телефоныңызды сөндіріп немесе дыбыссыз режимге қойыңыз. Қазіргі уақытта Құран жаттаудан тосатын бірден-бір нәрсе – телефонды шектен тыс қолдану.
Өзіңіздің жеке Құраныңыз болсын. Сондай-ақ Құраныңызды жиі ауыстырмаңыз. Уақыт өте келе Құраныңыздағы әріптер мен орналасу тәртібіне көзіңіз үйренеді. Бұл есте сақтау қабілетіңізді арттырады.
Құран тапсыратын тұрақты ұстазыңыз болсын. Ұстазыңызға құрметпен мәміле жасаңыз. Ұстазыңыз үшін үнемі дұғада болыңыз. Қстазыңыздың ескертпелерін бұлжытпай орындауға және жеке өміріне қызығушылық танытпаңыз. Бұрынғылар Алладан «Уа, Раббым! Ұстазының айыптарын менен жасыра гөр. Сондай-ақ мені ілімнің берекесінен мақұрым қалдырма!» деп дұға еткен екен.
Ешқашан асығып жаттамаңыз. Асығып жатталған сүрені тез ұмытып қаласыз.
Сүрені жатардан алдын оқып не тыңдап жатыңыз. Ертесі күні жаттау оңай болады.
Сүрені жаттай алмай жатсаңыз, сабыр етіңіз. «Менің қолымнан келмейді» деп тастап кетпеңіз.
Жаттаған сүреңіздің тәпсірін оқыңыз. Бұл сүрені жылдам және сапалы жаттауға көмектеседі. Жалпы алғанда, оқыған сүреңізде не жайлы айтылып жатқанын білу керек.
Жаттаған сүрені айналаңыздағы адамдарға жиі тапсырыңыз. Қанша көп тапсырсаңыз, сонша жақсы.
Жаттаған сүреңізді жиі тыңдаңыз. Әркімнің сүйіп тыңдайтын қарилары бар. Менің ұсынысым: Халил Хусари, Мухаммад Сыддық әл-Миншауи, Абдулбасит Абдуссамад, Әбу бәкір аш-Шатри.
Жаттаған сүреңізді әбден пысықтағаннан кейін ғана ұстазға тапсырыңыз.
Бүгін жаттаған сүрені ертең тапсырыңыз. Сіздің мақсатыңыз ұстазға тезірек тапсыру емес, сапалы жаттау болу керек. Демек, асығып жаттауға және асығып тапсыруға болмайды.
Жаттаған сүрені намазыңызда оқыңыз. Намазда бірінші рет оқығанда ұмытып не шатасып қалуыңыз мүмкін. Сол үшін намаздан алдын көбірек қайталаңыз.
Құран жаттағанда дауыстап оқыңыз. Намазыңызға берік болыңыз. Уақытылы оқуға және мүмкіндігі болғанша қаза етпеуге тырысыңыз.
Үнемі Аллаға жалқаулықтан пана тілеңіз.
Құран жаттап жүрген адамдармен достасыңыз.
Көп теледидар көру, сағаттап телефонмен отыруды азайтыңыз. Пайдасыз және артық ақпараттар сізге қажет емес.
Жүйелі жаттаңыз. Қари болғыңыз келсе, күн сайын тым болмағанда 30 минут уақытыңызды Құранға бөліңіз. Бір күн жаттап, 2-3 күн жаттамайтын болсаңыз ешқандай нәтижеге жете алмайсыз.
Жаттауға құлшынысыңыз азайғанда қарилардың ақыл-кеңесіне жүгіріңіз. Ютубта әлемге әйгілі және отандық қарилардың видеолары көп.
Бір жүрекке екі махаббат сыймайды. Дүниеге махаббат қойсаңыз, Құран жаттауыңыз қиындайды. Сондықтан Құран жаттап жүргенде дүкен-базар аралауды азайтыңыз. Уақытыңыздың көп бөлігін Құранға арнаңыз.
Күн сайын жаттаған сүрелерді қайталаңыз. Немесе аптасына бір күн «Құран қайталау күні» деп белгілеңіз.
Күнәлардан аулақ болыңыз. Уақиғ (р.а): «Құран жаттауда күнәлардан аулақ болумен өздеріңізге жәрдем беріңіздер», - деген.
Миыңызды демалдырып тұрыңыз. Құран жаттаудан алдын не кейін таза ауада серуендеңіз.
материал «Қари болғым келеді» кітабынан алынды,
ummet.kz