Адамдар алдындағы ахлақи міндеттер:
1) Ешкімге зиян тигізбеу:
Адамдардың бас-бостандығына, дүние-мүлкіне, ар-намысына қол сұғу дінімізде – харам. Бұлар адамдардың қол сұғуға болмайтын жеке басының құқығы. Мұсылман басқаларының құқығына құрмет көрсетіп, жұртқа зиянды іс-әрекеттерден аулақ болуға міндетті. Нағыз мұсылман болудың шарттарының бірі де осы. Пайғамбарымыз былай деген: «Өзге мұсылмандар қолы мен тілінен жәбір көрмеген адам нағыз мұсылман».
2) Басқаларға жәрдем ету:
Жұртқа жылы сөйлеп, жылы шырай таныту, кедейлерге жәрдем ету, ешкімі жоқтарға қамқорлық көрсету, құлағанды сүйеп, адасқандарға жол көрсету – дініміздің әмірі, көркем мінез-құлықтың көрінісі.
3) Үлкендерге құрмет, кішіге ізетті болу:
Ата-анамызға, үлкен-кіші бауырларымызға, ұстаздарымыз бен өзімізден үлкендерге құрмет көрсету, өзімізден кішілерге ізетті болу, адамгершілік қағидасы, парасаттылықтың белгісі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үлкендерге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік танытпаған адам – бізден емес»
4) Сәлемдесу:
Мұсылмандар бір-бірімен кесдескенде қол алысып амандасады. Сәлем беру, берген сәлемді алу – парыз. Әуелі кіші үлкенге, жүріп бара жатқан отырғанға сәлем береді. Сәлемдесу мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен достық сезімдерін нығайтады.
5) Ренжіспеу:
Екі мұсылманның бір-бірімен ренжісіп жүргенін көрген жан оларды татуластыруы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық өкпелеуі халал емес» деген. Ұзақ уақыт өкпе, кек сақтаған адам үлкен бір күнә жасайтынын ескерткен: «Бір кісі мұсылман бауырына бір жыл бойы өкпелесе, оның қанын төккендей күнә істеген болып табылады».
6) Ренжіскендерді татуластыру:
Екі мұсылманның бір-біріне ренжіп жүрегенін көрген жан олардың арасын жарастыруға, татуластыруға міндетті. Бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген: «Мүминдер тек қана бауыр. Олай болса, бауырыңың арасын татуластырыңдар».
Пайғамбарымыз (с.а.у.) да: «Садақаның ең жақсысы – араздасқандарды татуластыру» деп, араздасқандардың арасын жарастырудың қайырлы іс екенін көрсетеді.
7) Достарға қонаққа бару:
Мұсылмандар сәті келгенде жақындарына, үлкен сыйлы кісілер мен достарына қонаққа баруы керек. Қонаққа барғанда мынаған көңіл бөлу керек:
а) Қонаққа баруға ыңғайлы уақытты таңдау;
ә) Қонаққа бару жалықтыратындай жиі-жиі болмау;
б) Қонаққа баратын кезде алдын-ала хабар беру;
в) Киімі таза, дұрыс болу;
г) Рұқсат алмастан біреудің үйіне немесе бөлмесіне кірмеу.
8) Қонақ күту:
Қонақ күту – дініміз бойынша ізгі істердің бірі. Қонақжайлылық ұлттық салт-дәстүрімізде маңызды орын алады.
Қонақ алдындағы міндетіміз:
а) Қонақты жылы шыраймен, жайдары жүзбен қарсы алу;
ә) Барынша жақсы күту;
б) Қонақтың көзінше қызметшісіне немесе баласына зекіп, ұрыспау, қабағын түймеу;
в) Қонақты шығарып салу.
9) Шақырған жерге бару:
Бір мұсылман егер ыңғайсыз жағдай болмаса, дін бауырларының шақыруына баруы керек. Бұл үрдіс мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілікті арттырады. Пайғамбарымыз бұл жайында былай деген: «Дін бауырларың тойға немесе қонаққа шақырса, барыңдар». Пайғамбарымыз бай болсын, кедей болсын, бөліп-жармай, тіпті қызметшісі шақырса да баратын.
10) Үлкендердің қолын алу:
Мұсылмандар құрметтерінің көрсеткіші ретінде ғалымдар мен үлкендердің қолын алады.
11) Жұрттан кемшілік іздемеу:
Бір мұсылман басқа бір мұсылман бауырының жеке өмірін тексеруге құқылы емес. Көрген кемшіліктерін басқаларға жаймайды, дін бауырын басқаларға жамандамайды. Көрген кемшіліктерін, жаңылыс әрекетін ренжітпей айтып, жақсы сөйлей отырып түзетуге тырысуы керек.
12) Жаманшылық жасағандарды кешіру:
Парасатты адам өзіне жасалған жамандықтарды кешіреді. Тек кешірумен шектелмей, жамандық көрсе де жақсылық жасайды. Бұл тамаша қасиет.
Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Үш тамаша мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды
мейіріммен жәннатқа кіргізеді, – дейді.
– Ол қандай мінез? – деп сұрағанда:
– Өзіңе бермегенге сен бер,
– Өзіңе келмегенге сен бар,
– Қиянат жасағанды кешір, – деп жауап береді.
13) Науқастардың қал-жағдайын сұрау, оларға бару:
Мұсылман ауруға шалдыққан дін бауырына барып қал-жағдайын сұрап, жазылып кетуі үшін дұға етуі керек. Олардың ауруын асқындыратын сөздер айтып, дөрекі әрекеттер жасамауы керек.
14) Жаназаға қатысу:
Қайтыс болған діні бір бауырларының жаназасына қатысу, оны қабірге дейін апарысу, дін бауыры үшін Алладан мейірім тілеп дұға ету – мұсылмандарда бұл дүниеден ақиретке көшкен дін бауырларына көрсетуі тиіс міндеттер.
15) Дін бауырларына жақсылық тілеу:
Мұсылман дін бауырластарына жақсы нәрсе ойлап, өзі үшін қалаған жақсылықты оларға да тілеп, өзіңе ұнамайтын жамандықты басқаларға да лайық көрмеген дұрыс: Парасатты, нағыз мұсылман болудың өлшемі міне – осы.
материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,
ummet.kz