15
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Тәуәссул жасау жайында біздің ұстаным

Тәуәссул жасау жайында біздің ұстаным

Ислам тарихы

Тәуәссулдің тілдік мағынасы «белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін қандай да бір себеп, құрал қолдану» дегенді білдіреді. Мысалы, бір жерге бару үшін көлік қолдану да тәуәссулге жатады.

Ал, шариғаттағы мағынасы: «Дұға қабыл болу үшін Алла Тағалаға Оның құзырында қадір-қасиеті жоғары екендігі білінген нәрсені айтып дұға ету» тәуәссул деп аталады. Мысалы, «Уа Алла соңғы пайғамбар әрі сенің сүйікті құлың Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне менің дұғамды қабыл ал» деп дұға  жасау секілді. Қазіргі таңда шектен шыққан ағымдардың қатерлі көзқарастарының бірі Алладан дұға тілегенде Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәуассаул жасауды харамға шығарулары болып табылады. Бұл дін ғалымдары бірауыздан келіскен мәселе болғандығына қарамастан, кім оны істесе, серік қосты деп айыптайды. Төрт мазһаб ғұламалары да бірауыздан Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәуассул жасаудың рұқсат екендігіне келіскен. Тіпті мұндай амалды мұстахап санаған. Ең бастысы, ғалымдар аталмыш әрекетті Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде жасауға болады, дүниеден өткеннен соң жасауға болмайды демеген. Төменде бұл мәселе жайлы Құран Кәрімнен, сүннеттен, фақиһтардың мазһабтары бойынша жазылған сенімді кітаптардан дәлелдер келтіріледі.

Бірінші: Құран Кәрімнен дәлел. Алла Тағала «Мәида» сүресінің, 35-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَابْتَغُوا إِلَيْهِ الْوَسِيلَةَ

«Уа, иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар. Оған жететін уәсиләны іздеңдер».

Осы аяттың тәпсірінде Имам Матуриди (Алла оны рахымына алсын): «Бұл аятта Аллаға қарсы келуден сақтанумен қоса Оған жақын болуға тырысыңдар» мағынасын аңғартады, деген.  «Исра» сүресі, 57-аятында:

أُولَئِكَ الَّذِينَ يَدْعُونَ يَبْتَغُونَ إِلَى رَبِّهِمُ الْوَسِيلَةَ أَيُّهُمْ أَقْرَبُ وَيَرْجُونَ رَحْمَتَهُ وَيَخَافُونَ عَذَابَهُ إِنَّ عَذَابَ رَبِّكَ كَانَ مَحْذُورًا

«Олар дұға жасағанда Раббыларына өзгелерден гөрі жақынырақ болудың жолын іздейді. Сондай-ақ, Оның рахымына үміт етеді әрә азабынан қорқады. Негізінде, Ракббыңның азабы өте қатты».

Бұл аятта тірі немесе дүниеден өткен адамдармен және ізгі амалдармен тәуассул жасау қамтылған. Яғни, жоғарыдағы аяттарда Пайғамбарды (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) тек тірі кезінде тәуассул етуге болады дейтін қағида жоқ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіршілігі қияметке дейін жалғасады.

Екінші: Хадистен дәлел. Осман бин Ханифтен (Алла оған разы болсын) соқыр адам туралы хадис келіп жеткен:

عنْ عُثْمَانَ بْنِ حُنَيْفٍ رضي الله عنه أَنَّ رَجُلًا ضَرِيرَ الْبَصَرِ أَتَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ ادْعُ اللَّهَ لِي أَنْ يُعَافِيَنِي فَقَالَ إِنْ شِئْتَ أَخَّرْتُ لَكَ وَهُوَ خَيْرٌ وَإِنْ شِئْتَ دَعَوْتُ فَقَالَ ادْعُهْ فَأَمَرَهُ أَنْ يَتَوَضَّأَ فَيُحْسِنَ وُضُوءَهُ وَيُصَلِّيَ رَكْعَتَيْنِ وَيَدْعُوَ بِهَذَا الدُّعَاءِ اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ وَأَتَوَجَّهُ إِلَيْكَ بِمُحَمَّدٍ نَبِيِّ الرَّحْمَةِ يَا مُحَمَّدُ إِنِّي قَدْ تَوَجَّهْتُ بِكَ إِلَى رَبِّي فِي حَاجَتِي هَذِهِ لِتُقْضَى اللَّهُمَّ شَفِّعْهُ فِيَّ

«Бірде бір соқыр адам Пайғамбарымызға (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) келіп: «Алла мені сауықтырсын деп тілеңізші» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаңыз дұға тілеймін, қаласаңыз сабыр етіңіз, сабыр ету сіз үшін хайырлы» дейді. Сонда әлгі адам: « Дұға тілеңіз» - деп өтінеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) оған дәрет алуды бұйырып, дәрет алып болғаннан кейін, мына дұғаны айтсын деді: «Аллам, мен Сенен жарылқау тілеймін, Пайғамбарың Мұхаммедті себепкер ете отырып кешіруіңді сұрап жалбарынамын. Уа, Мұхаммед, менің қажетімді өтеп беруің үшін сен арқылы Раббыма жалбарындым. Аллам, Оны Пайғамбарымызды (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) мен үшін шапағатшы қыл!».

Бұл хадис аталмыш түрдегі дұғаның мұстахаб екендігін көрсетеді. Сондай-ақ оны Пайғамбарымыз (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) сахабаларының біріне үйреткен. Және де аталмыш дұға әлгі сахабаның өзіне ғана қатысты деуге келмейді. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) тірі кезінде ғана қатысты дейтін тосқауылда жоқ. Үкім беруде және шариғатта сөздің жалпылама мағынасы жалқылауға немесе шектеуге келмесе, негіз болып саналады.

Әнәстан (Алла разы болсын оған) риуаят  етеді:

عنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ كَانَ إِذَا قَحَطُوا اسْتَسْقَى بِالْعَبَّاسِ بْنِ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ فَقَالَ اللَّهُمَّ إِنَّا كُنَّا نَتَوَسَّلُ إِلَيْكَ بِنَبِيِّنَا صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَتَسْقِينَا وَإِنَّا نَتَوَسَّلُ إِلَيْكَ بِعَمِّ نَبِيِّنَا فَاسْقِنَا قَالَ فَيُسْقَوْنَ.

رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ

«Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) егер құрғақшылық болса Аббас ибн Абдулмутталибпен (уәсила етіп) жаңбыр сұрап былай дейтін: «Уа Аллам біз саған Пайғамбарымызды (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) уәсила етіп сұраушы едік, Сен бізге жаңбыр беретін едің. Біз енді Сенен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) көкесін уәсила етіп сұраймыз, біздерге жаңбыр бере гөр», деп айтқан. Артынша дереу оларға жаңбыр жауатын еді». Бұхари (Алла оны рахымына алсын) риуаят етіп жеткізген.

Фиқһ ғалымдарының басым көпшілігі төмендегі аятқа сүйене отырып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) қабіріне зиярат етудің мұстахаб екендігін айтқан. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресі, 64-аятында:

وَلَوْ أَنَّهُمْ إِذْ ظَلَمُوا أَنْفُسَهُمْ جَاءُوكَ فَاسْتَغْفَرُوا اللَّهَ وَاسْتَغْفَرَ لَهُمُ الرَّسُولُ لَوَجَدُوا اللَّهَ تَوَّابًا رَحِيما

«Егер олар өз-өздеріне қиянат жасаған кезде, алдыңа келіп, Алладан кешірім тілесе, сондай-ақ Алла Елшісі де олар үшін кешірім тілесе, олар Алланың тәубелерді қабыл етуші әрі ерекше мейрімді екенін сөзсіз көрер еді».

Ханафи ғалымдары да Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) қабірінің басында аталмыш аятты оқуды мустахаб деген: «Әл-фатауа әл-хиндия» кітабында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат ету әдептері туралы: «Пайғамбар (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) қабірінің басында тұрып:

اللَّهمّ إنك قلت وقولك الحق :{وَلَوْ أَنَّهُمْ إِذ ظَّلَمُوا أَنفُسَهُمْ جَاءُوكَ}. وقد جئناك سامعين قولك طائعين أمرك، مستشفعين بنبيك إليك

«Аллам Сен айттың, Сенің сөзің ақиқат: «Егер олар өз-өздеріне қиянат жасаған кезде, алдыңа келіп, Алладан кешірім тілесе, сондай-ақ Алла Елшісі де олар үшін кешірім тілесе, олар Алланың тәубелерді қабыл етуші әрі ерекше мейрімді екенін сөзсіз көрер еді». Біз Сенің осы сөзіңе, бұйрығыңа бойсұнып және Сенің Пайғамбарыңмен шапағатты сұраған хәлде келдік».

Мәлики ғалымдарының ішінде Ибн әл-Хаж әл-Абдарибылй деген: «Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) тәуассул жасау – қиыншылықтарды мойнынан түсіретін әрі күналар мен қателікткрдің ауыртпашылығынан арылтатын себеп. Өйткені, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) шапағатының берекесі – Раббысының құзырында ұлы. Күналар оның қасында кішкентай болып қалады. Аллам Өзіңнің құзырыңда қасиетті болған, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) шапағатынан бізді мақрұм қалдыра көрме. Уа, әлемдердің Раббысы, дұғамызды қабыл ет! Кім бұған қайшы ұстанымда болса, ол шапағаттан мақұрым қалмақ. Ол Алла Тағаланың:

وَلَوْ أَنَّهُمْ إِذْ ظَلَمُوا أَنْفُسَهُمْ جَاءُوكَ فَاسْتَغْفَرُوا اللَّهَ وَاسْتَغْفَرَ لَهُمُ الرَّسُولُ لَوَجَدُوا اللَّهَ تَوَّابًا رَحِيما

«Егер олар өз-өздеріне қиянат жасаған кезде, алдыңа келіп, Алладан кешірім тілесе, сондай-ақ Алла Елшісі де олар үшін кешірім тілесе, олар Алланың тәубелерді қабыл етуші әрі ерекше мейрімді екенін сөзсіз көрер еді» дегенін естімеді ме? Кімде-кім Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) қабіріне келіп, есігінің қасында тұрып, онымен тәуассул жсасаса, алланың жарылқауы мен рахымын табады. Өйткені, Алла уәдесін бұзбайды, Ол ондай нәрседен пәк. Алла Пайғамбарымызға (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) келіп, Алладан кешірім тілегеннің тәубесін қабыл алуға уәде берген. Бұған дінді жоққа шығарушы, Алла мен Оның Елшісіне қарсы шығушы ғана күмән келтіреді. Шапағаттан құр қалмау үшін  Алладан пана тілейміз».

Төрт мазхабтың ғалымдары Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын)көзі тірісінде және дүниеден өткеннен соң да Онымен тәуассул жасаудың рұқсат етілгендігіне және мұстахаб екендігіне, сондай-ақ, бұл істің кесімді түрде харам еместігіне бірауыздан келіскен. Үлкен ғұламалардың бірауыздан келіскен келісімінен тыс ерекше пікір білдірген Ибн Таймия және одан кейін оның сөзін қайталаған адамдардың пікірлері негізге алынбайды. Алла Тағала аса Ұлы, толық білуші.

Әділхан Оразов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: