29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Зәкария пайғамбардың перзент сұраған дұғалары

Зәкария пайғамбардың перзент сұраған дұғалары

Ислам тарихы

Зәкария пайғамбар Құранда жеті рет аталады. Ол жасы ұлғайып, шашына ақ кіргенше перзент көрмеді. Өзінің пайғамбарлық міндетін орындап, пұтқа табынған елдің бетін Алла жолына бұруға тырысатын.

- Ей, жұртым! Алланың рақымында шек жоқ, жүздеріңді оған бұрып мінажат қылыңдар, құлшылық қылуға бір Алла ғана лайық! Адамға пайда-зияны жоқ пұттардан бас тартып, иманға келіңдер! – деп насихат айтатын. Бірақ пұтқа табынған надан қауым пайғамбардың насихатына құлақ аспады. Оның шағын дүкені болатын. Содан түскен табысты кедейлер мен міскіндерге бөліп беретін. Зәкария негізінен Құддыстағы ғибадат үйінде қызмет қылатын. Өзінен кейін қауымға насихат айтатын мұрагерінің болмағанына уайымдайтын. Өзі дүниеден өтсе, артында қалған қауымы күнәһарлық жасап, хақ жолынан тайып кете ме деп қауіптенетін. Уақыттың сынаптай сырғып, жасының ұлғайып бара жатқаны жанына қатты бататын. Бірақ пайғамбар уайымға бой алдырмай, сабыр сақтады. Өзі қызмет қылатын ғибадатханада Ғимранқызы Мәриям да ертелі-кеш құлшылық қылатын. Кезінде Мәриям туғанда шешесі:

«О, Раббым! Перзентімді Сенің жолыңа біржолата арнадым. Қызым үшін де, оның ұрпақтары үшін де бір Өзіңе сыйынамын, оларды қарғыс атқан шайтанның азғыруынан сақтауыңды тілеймін», – деп дұға қылған еді. Жаратқан бұл тілекті қабыл алды да, Мәриямды салиқалы перзенттерден етті. Оның тәрбиесімен Зәкария айналысты. Бір күні Зәкария мешітке келіп намаз оқып болған соң, Мәриямның ғибадатханасына кірді. Мәриямның ғибадатханасына Зәкариядан басқа ешкімге кіруге рұқсат етілмейтін. Мәриямның бөлмесіндегі түрлі жеміс-жидектерді көріп таңырқады. Мәриям кейде қыста шығатын жемістерді жазда жеп жүретін.

Бір күні Зәкария:
– Бұл жемістер саған қайдан келді? – деп сұрайды.
– Оны маған Алла жіберді, - деді Мәриям, – Алла қалаған адамына өлшеусіз ризық береді. Таңертең тұрғанда бас жағымда жемістердің тұрғанын көрем, жеп тауыссам, тағы пайда бола қалады. Оған таңданатын несі бар, шын тілеген адамға Алланың берері мол, – дейді. Мәриямның бұл сөзі пайғамбарға үлкен ой салды. Жасымның ұлғайғанына қарамастан, Алладан ұл тілесем қайтеді? Бар өмірін Аллаға арнап, жолымды жалғастыратын бір мұрагер сұрасам оның несі айып?! Жоқтан бар жасаған Алла Тағаланың құдіретіне шәк келтіруге бола ма деген ойға қалады. Алла Тағала құранда Зәкарияны бір заманда ол, Раббысына құпия дауыспен жалбарынған еді деп сипаттайды. Зәкария:

«Раббым! Сүйегім қаусап, басым ағарған. Дегенмен саған қойған тілегім, босқа кетпеген еді» деді. «Шынында мен өзімнен кейінгі жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қорқамын. Сондай-ақ жұбайым кемпір. Сонда да маған өз қасыңнан бір мұрагер бере көр!» «Ол, маған да мұрагер болып, әрі Яғқұп ұрпағына да мұрагер болсын. Раббым оны ризалығыңа бөле!» – деп дұға жасайды. Алла Тағала:

«Әй Зәкария! Расында сені бір ұл арқылы қуантамыз. Аты Яхия. Бұрын ешкімге ондай ат қоймаған едік», – дейді. Сөйтіп Алла Тағала Зәкарияның дұғасын қабыл етеді. Ол ұлды болатынына таңданып:

«Раббым! Менің ұлым қалайша болады! Жұбайым кемпір. Расында өзім де кәріліктен қурадым», – деді. Оған Алла Тағала:

«Ол маған оңай. Өйткені, Мен сені жаратпастан бұрын сен де жоқ едің», – деді. Тіршілікте ешбір жанға жаманшылық жасап, қиянат қылмаған Зәкария қартайған шағында зор қуанышқа бөленді. Құдайдың құдіретімен оның бедеу әйелі ұл тапты. Нәрестенің есімін Яхия деп қойды. Бұл қиссаның ғибраты мол. Сабыр сақтап Алладан тілеп, үміт үзбеу керек. Әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың құдіреті шексіз.

Зәкария пайғамбардың перзент сұраған дұғалары:

Рабби ля тазарни фардан уа анта хайру-ль-уариҫина.

Мағынасы: Раббым! Мені жалғыз қойма. Сен – ең жақсы мұрагерсің.

Рабби hаб ли мин лядунка зурриййятан ҭаййибатан иннака сами у-д-ду’аъ

Мағынасы: Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шәксіз Сен – тілекті қабыл естушісің.

Перзент сүюді қалаған пенде осы дұғалар арқылы Алладан сұраса болады. Бұл дұға қаншама шаңырақты шаттыққа бөлеп, талай отбасыға бала сүйгізді.

материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: