Сынақтың ең үлкенін, қиындықтың ең күштісін пайғамбарлар көрген. Солардың бірі Айюб пайғамбар.
Оның есімі аталғанда сабыр ұғымы еске алынады. Өйткені, ол адамзат тарихында ең қиын сынаққа түсіп әрі көркем сабырдың үлкен үлгісін көрсетті. Алла оны алдымен беріп сынады: Айюб – өте ауқатты бай, дүниесі де мол, төрт құбыласы тең жан еді. Қызметшілер ұстады. Оның он төрт баласы болды. Осынша нығметтерімен қоса Алла оған пайғамбарлық берді. Кейіннен қолындағы барлық нығметтен айырыла бастады.
Бар мал-дүниесі күн санап кеміп, кедейлікке ұрынды. 14 ұл-қызы бірінен соң бірі Раббысына қайтты. Сосын Алла оған ауыр бір дерт жіберді. Айюб төсек тартып жүре алмай қалады. Жастанса – жастығы, таянса – таяғы болып әйелі қызмет етті. Осылай Айюб 18 жыл өмір сүреді.
18 жыл бір төсекте жата берудің қандай қиын екенін елестете аласыз ба? Бір күні әйелі Айюбқа:
– Сен пайғамбарсың ғой, жалынып сұрасаң, Алла сенің дұғаңды қабыл етеді. Неге Алладан айықтыруды сұрамайсың? – дегенде, Айюб:
– Біз молшылықта, бақыт-шаттықта қанша жыл өмір сүрдік? – деп сұрайды.
– Жетпіс жыл, – деп жауап береді әйелі. Сонда Айюб:
– Ендеше жетпіс жыл молшылық пен нығметтің астында өмір сүргенім үшін қиыншылыққа да жетпіс жыл шыдағаным дұрыс емес пе? – деп жауап берді.
Күн санап жағдайлары нашарлап, азық-ауқаттары таусылып, жоқшылық алқымдарынан алғаны сондай, әйелі өте ұзын шашын сатуға мәжбүр болады. Сөйтіп сол ақшаға Айюбқа тамақ әкеледі. Айюб тамақтың қалай келгенін айтпайынша жемейтінін айтады. Сонда әйелі орамалын шешіп көрсетеді. 18 жылға созылған сынақ үдеп, шегіне жеткен кезде Айюб Алла Тағалаға Ән-нии мәссәниәд-дурру уә әнтә әрхәмур-рахимиин деп дұға жасайды. Раббысы оның дұғасына жауап береді. Алла Айюбқа:
«Аяғыңмен жерді теп, міне саған шомылатын әрі ішетін салқын су», – дейді. Айюб Алла Тағаланың әмірін орындап еді, оның аяғының астынан су атқылап шықты. Айюб сол суға шолмылғанда сыртқы ауруларынан, ішкенде ішкі дерттерінен айықты және Раббысы оны жасартты. Әйелі үйге кіріп келгенде оны танымай қалды. Мен Айюбпын дегеніне таңырқады. Тақуа әйелінің де жастық шағын қайтарып берді. Оларды ұл-қыздармен сүйіншіледі.
Ән-нии мәссәниәд-дурру уә әнтә әрхәмур-рахимиин
Мағынасы: Маған бір пәлекет келді. Ал Сен – мейірім етушілердің ең Мейірімдісісің!
Қандай көркем дұға! Ол тағдырына наз айтқан жоқ. Алла Тағаланың мейірімділік сипаттарын еске алумен болды. Алла оның көрсеткен сабырын мақтап, тілегін қабыл етті, денсаулығын қайтарды, көп бала нәсіп етіп әрі тағы сонша игілікті қосып берді. Алла Тағала «Бақара» сүресінде: «Әй, мүміндер, сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» деген.
Айюб сабырлы болды, Алла Тағала онымен бірге болды. Айюб пайғамбарды үлкен дерттен айықтырған дұғасын жаттап өміріңізге пайдалансаңыз болады.
материал «Дұғамен өміріңді өзгерт» кітабынан алынды,
ummet.kz