05
Жексенбі,
Сәуір

һижри

«Дүниені сүю – барлық күнәлардың басы»

«Дүниені сүю – барлық күнәлардың басы»

Ислам тарихы

Алланың кітабы Құранда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әдеп-ахлағына лайық келмеген тәрізді жасауды айыптаған аяттар өте көп. Аяттар адамдарды қалағанындай сайрандап өмір сүруден аулақ болуға және Алла бұйырған негіздерге лайық өмірге шақырады.

Пайғамбарлардың мақсаты да сол. Олар елді шариғатқа лайық өмір сүруге шақыру үшін Алла Тағала тарапынан жіберілген. Бұл мәселе Құранда ашық баяндалғандықтан аяттардан мысал келтірудің зәрулігі жоқ деп, тақырыпқа қатысты хадистердің кейбірінен мысал келтіреміз:
Риуаяттарға қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні жолда бара жатып қойдың өлексесін көреді де, жанындағыларға: «Бұл қойдың өлексесінің иесіне керегі жоқ екенін қабыл аласыңдар ма?» – деп сұрады. Сахабалар: «Әлбетте, мән бермегені үшін тастай салды да», – деп жауап берді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Жаным қолында болған Аллаға ант ішіп айтайын, Алланың алдында дүние – пенденің алдындағы сол қойдың өлексесіндей де қадірі жоқ» деді.

«Егер Алланың алдында дүниенің шіркейдің қанатындай қадірі болса, онда кәпірлерге бір жұтым су да ішкізбес еді» (Тирмизи, Табарани).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Дүние – мүминнің зынданы, кәпірдің пейіші» (Мүслим, 3952; ибн Мажа, 4113).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Бұл дүние қарғысқа қалған. Алланың разылығынан тысқары нәрселердің бәрі қарғысқа қалған» (Тирмизи, 2222; ибн Мажа, 4112).

Әбу Мұса әл-Ашғаридің берген мағлұматы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бұл дүниені жақсы көрген пенде ақыретіне зиян келтіреді. Ақыретін сүйген пенде бұл дүниесіне зиян келтіреді» деген (Ахмад ибн Ханбал, Табарани). Демек, мәңгілік өмірді өткінші дүниеден жоғары қою керек!

Алла Елшісі (с.а.с.): «Дүниені сүю – барлық күнәлардың басы», – деген.

Зәйд ибн Арқам (р.а.) былай дейді: «Бір күні әзірет Әбу Бәкірдің (р.а.) жанында отырған едім. Ол су сұрады да, оған бал қосылған су алып келді.
Шәрбатты аузына жақындатып барып, қайта ішуден бас тартты да, жылай бастады. Оның көз жасы жанындағыларды да жылатты. Бірақ жанындағылар тоқтағанымен, ол тағы да жылай берді. Жанындағылар оның көз жасының себебін сұрай алмай, күтіп қалды. Бір уақыттан кейін ол жылағанын тоқтатып, көз жасын сүртті. Сонда жанындағылар: «Уа, Алланың Елшісінің халифасы, неге жыладың?» – деп сұрады. Сонда ол былай жауап қайтарды: «Бір күні Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге отырған едім. Бір кезде оның бір нәрселерді қолымен қақпайлап ары қуып жатқанын байқадым. Жанында ешкім жоқ болды. «Уа, Алланың Елшісі, нені қуалап жатырсың?» – деп сұрадым. Ол маған: «Бұл дүние алдыма үйіліп келді. Оған: «Жоғал! Менен аулақ бол!» – дедім. Ол маған: «Сен мені қуаладың, бірақ сенен кейін келгендер менен құтыла алмайды деді», – деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Мәңгілік өмірдің бар екеніне иман келтіргеннен кейін, жалған дүниенің артынан жүгірген кісі қандай ақылсыз!»
Риуаяттарға қарағанда, бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларға: «Келіңдер, дүниені көріңдер», – деп тастандыдан шіріген матаның жыртығын және қарайған сүйектің сынығын алып: «Міне, дүние деген сол!» – деді. Ал бұл шіріген мата дүние әшекейлері бір күні шіріп, сол мата сияқты болатынын көрсетіп тұрады. Бұл дүниеде көріп тұрған жан-жануардың бәрі бір күні шіріген сүйекке айналады демекші болған деді ол.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Дүние тартымды және көзге жағымды. Алла жер жүзін сендергетапсырды да, не қылар екен деп көз салып тұрады. Дүние Исраилұлдарының алдына жайылғанда, олар адасып әшекейлерге, киім-кешектерге, жағымды иістерге және әйелдерге беріліп кетті».
.
Иса (а.с.) айтқан: «Дүниеге табынбаңдар, ол сендерді құл қылып алмасын. Қазыналарыңды жоқ қылмайтын Алланың жанына жинаңдар. Өйткені бұл дүниеде жиналған байлықтың жоқ болып кету қорқынышы бар. Ал енді қазынасы Алланың жанында болған кісі байлығының жоқ болып кетуінен еш қорықпайды».
Иса (а.с.) тағы:
«Уа, хауарилерім! Бұл дүниені үстінен өтіп кететін көпір сияқты көріңдер. Оны мәңгілік көріп, бекем жайғасып алуға әрекет жасамаңдар. Барлық күнәнің басы – дүниені сүю екенін біліңдер. Көзге тартымды асау құмарлар пенделерге үлкен азапты алып келген.
Дүние сендерге шөгіп келген, сендер оған міндіңдер. Ол жерде патшалармен және әйелдермен таласып отырмаңдар. Патшалармен бұл дүние істерінде таласпай, өз алдынша қалдырсаңдар, олар сендерге тиіспейді. Әйелдерге азғырылудан намаз және оразамен сақтаныңдар».

Мұса ибн Ясардың риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Тағала үшін жаратқан нәрселерінің ішінен ең жек көрініштісі – дүние. Жаратқаннан бері оған еш көңіл бұрған емес», – дейді. Риуаяттарға қарағанда, бір күні Сүлеймен ибн Дәуіт (а.с.) үстінен құстарды, екі жағынан кісілер мен жындарды жүргізіп бара жатып Исраилұлдарынан шыққан бір тақуа кісіге жолығады. Ол: «Уа, Дәуіт ұлы Сүлеймен, шынында, Алла саған ұлы патшалықты нәсіп қылған!» – дейді. Сүлеймен (а.с.) оған: «Мүминнің сауап дәптеріне жазылған бір тасбих Сүлеймен ибн Дәуітке берілген зор патшалықтан да жақсырақ. Өйткені Сүлейменге берілген патшалық уақытша. Ал енді мүмин айтқан тасбихтің сауабы мәңгілік!» – деп жауап берген».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Дүние жинау құмарлығысендерді азғырды. Адам баласы «мал-мүлкім!..» дей береді. Шынында, сенің жеп-ішкеннен, киіп ескірткеннен және садақа беріп, мәңгілікке тастап кеткеннен басқа қайбір байлығың бар?!» (Мүслим, 2958).

Алла Елшісі (с.а.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Бұл дүние мекені – жоқтардың мекені және байлығы жоқтың байлығы. Ақылсыздар бұл дүние үшін байлық жинайды. Надандар дүние үшін таласып-тартысады. Түсінігі тар кісілер дүниені қызғанады. Шынайы иманға ие бола алмағандар ғана оның артынан жүгіреді».

Тағы бір хадисте былай деп айтылады: «Дүниені бірінші орынға қойған кісі Алладан еш нәрсе үміт ете алмайды. Алла Тағала ол кісінің көңілінен төрт нәрсені шығармайды:

1) Бітпес қажеттілік;
2) Бос уақыт таптырмаған әурешілік;
3) Көз тойдырмаған кедейлік;
4) Мақсатқа жеткізбеген құрғақ қиялдар».

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) маған: «Әбу Һурайра, саған бұл дүниенің шынайы жүзін көрсетейін бе?» – деді. Мен: «Әлбетте», – деп жауап бердім. Ол мені қолдан алып Мәдинаның құрғақ сайларының біреуіне алып барды. Ол жерде бас сүйектер, хайуан қилары, ескі маталардың жыртықтары және қураған сүйектер үйіліп жатқан еді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әбу Һурайра, бұл бастар да бір кезде қазіргі сендер сияқты ашкөз және дүниені қиялданған кісілердің бастары еді. Енді олар қураған сүйекке айналды. Кейінірек желге ұшқан қоқым шаңға айналады.

Бір уақытта жеген тамақтары осылай қиға айналды. Тамақты қандай ғана жерлерден тауып жеуші еді. Енді осылай кім болмасын жиіркеніп, алыс тұратын лас нәрселер болып қалды.

Бұл шүберектер олардың киімдері болды. Енді ары-бері желге ұшып, сапырылып жатыр. Бұл сүйектер – олар мінген көліктердің сүйектері. Оларды мініп алып жер қыдырып саяхаттады. Дүние үшін жылағысы келгендер жылай берсін», – деді. Біз әуелі көз жасымызды үнсіз төгіп отырғанбыз. Аяғында іңіреп жылай бастадық...

Риуаяттарға қарағанда, Алла Тағала әзірет Адамды (а.с.) жер бетіне түсіргеннен кейін оған: «Тіршілік үшін үй сал, өлу үшін балалы бол», – деген.
Дәуіт ибн Хилал (рахимаһуллаһу) айтады: «Ибраһимге (а.с.) түсірілген парақтарда былай деп жазылған: «Уа, дүние! Сен азғыру үшін қаншалық әсемденсең де тақуа пенделерім үшін еш қадірің жоқ! Өйткені олардың жүрегіне саған қарата жек көру сезімін салдым. Жаратқандарымның ішінен мен үшін ең қадірсізі сенсің. Ақыры барып жоқ боласың. Өйткені сені жаратқанымда да өткінші және қолдан-қолға өтіп тұратындай қылып жараттым. Саған ие болғандардың сараңдығына қарамай бұл үкім өзгерместен қала береді. Маған шын ықыласымен ғибадат жасағандар қандай бақытты! Оларға сүйінішті хабар берем, олар Менің мейірімім төгілген пейішке кіргенге шейін қабірлерін нұрландырып, періштелермен қорғап тұрамын».

Алла Елшісі (с.а.с.) айтады: «Алла Тағала бұл дүниені жаратқаннан бері оны жер аспанның ортасында қалдырып қойған. Ұлы Жаратқан оған қарамайды. Қиямет күні дүние «Уа, Жаратқан Ием, бүгін мені достарыңның ең төменгі дәрежедегісіне бер», – дейді. Алла Тағала оған: «Ей, еш нәрсеге арзымаған дүние! Үндеме! Оларға сені фәни дүниеде лайық көрген емеспін. Енді қалай бермекпін?» – деп жауап береді».

Адам (а.с.) тыйым салынған ағаштың жемісін жегенде қарны құрылдай бастады. Бұрын жеген жемістерінің ешбірі оның асқазанын бұзған емес еді. Негізі, міне, сол себептен ол жеміске тыйым салынған еді.

Қарны құрылдаған Адам (а.с.) пейіштің ішінде ары-бері жүре бастады. Алла Тағала періштелердің бірін онымен сөйлесіп келуге жіберді. Келген періште одан «Не қалайсың?» – деп сұрады. Адам (а.с.) періштеге: «Қарныма ауырлық қылған нәрсені шығарып тастағым келіп жатыр», – деді.

Алланың әмірімен келген періште оған: «Қарныңа жүк болған нәрсені қай жерге төккің келеді? Төсегіңе ме, жастығыңа ма, дарияға ма не бақтардың арасына ма? Тегі, бұл жерде осыған лайықты жай бар ма екен? Дереу жер бетіне түс!» – дейді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларға: «Қиямет күні пенделер Алланың алдына тауындай жақсы істерімен келіп, бірақ аяғында тозаққа тасталуға бұйырылады», – деді.

Мұны естіген сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі, ол кісілер намаз да оқушы ма еді?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларға: «Олар намаз оқып, ораза ұстап, тіпті түннің бір бөлігін ғибадатпен өткізді. Бірақ дүниені көрген мезетте баса қалды», – деп жауап берді.

Алла Елшісі (с.а.с.) бір құтбасында былай дейді: «Мүмин екі қорқыныштың ортасында тұрады. Бірі – өткен өмір, ол туралы Алла қалай қылғанын білмейді. Екіншісі – қалған өмір, ол туралы Алла қалай үкім бергенін білмейді. Демек, әркім өзіне өзі, бұл дүниесінен ақыретіне, тірілігінен өліміне және жастығынан кәрілігіне азық дайындауы керек. Өйткені бұл дүние сендер үшін, сендер ақырет үшін жаратылдыңдар. Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, өлімнен кейін сұрап талап ететін нәрсе жоқ. Бұл дүниеден кейін пейіш не тозақтанбасқа жай жоқ».

Әзірет Иса (а.с.): «Су мен от бір ыдыста бірікпегендей, дүние сүйіспеншілігі мен ақырет сүйіспеншілігі бір мүминнің жүрегінде бірікпейді», – деп айтқан.
Риуаяттарға қарағанда, Жәбірейіл (а.с.) Нұх пайғамбардан: «Уа, пайғамбарлардың ұзын өмірлісі, бұл дүние қалай екен?» – деп сұрайды. Әзірет Нұх (а.с.): «Алды-артында екі есігі бар үйге ұқсайды, бірінен кіріп, екіншісінен шықтым», – деп жауап береді.

Әзірет Исаға (а.с.): «Тұрақты өмір сүретіндей үй салып алмайсың ба?» – дегенде, ол: «Бұрынғылардан қалған қалдықтар бізге жетеді», – деп жауап берген.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Дүниеден сақтаныңдар, өйткені ол Харут пен Маруттан да сиқырлырақ», – деген.

Хасан Басридің (рахимаһуллаһу) айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні сахабалардың алдына шығып былай деді: «Араларыңда соқырлықтан Алланың құтқаруын қалағандар бар ма? Мені тыңдаңдар. Дүниеге берілгендерді және өздерін дүниеге құныққандарды ниеттеріне қарай Алла көкіректерін соқыр қылып қойған. Ал енді дүниеге қызықпаған және одан шектен тыс нәрсе күтпегендерге ілім нәсіп қылып, тура жолға салған.

Назар салыңдар! Сендерден кейін бір елдер өмір сүреді. Олардың биліктері қылмыссыз және зұлымдықсыз жүрмейді, байлықтары сараңдық және мақтанышпен қошталады. Сүюлері асау нәпсілерінің қалауларына негізделеді. Назар салыңдар! Ол күнге қалғандар бай болу мүмкіншілігі бар болса да жарлы болып қала алса, Алла разылығы үшін ғана соған сабыр қылса, Алла елу әулиенің сауабын береді».

Риуаяттарға қарағанда, бір күні Иса (а.с.) жарқылдаған найзағайлы, шелектеп төккен жаңбырлы күнге тап болып, бас сұғар жай іздейді. Алыстағы бір шатыр көзіне шалдығып, жанына барса, ішінде бір әйелдің отырғанын көреді де, ол жерде қалғысы келмей жолын жалғастырады. Сөйтіп бара жатып, таудағы үңгірге тап болып, ішке кірейін десе үңгірдің ішінде бір арыстан жатады. Ол арыстанды сипап отырып, Аллаға: «Уа, Жаратқан Алла! Барлық жандыға ұя бердің де, маған пана болар жайды нәсіп қылмадың», – деп өтінеді. Сонда Алла Тағала уахи арқылы оған былай деп білдіреді: «Сенің үйің менің мейірімімнің ортасында. Сені қиямет күні Өз құдіретіммен жаратқан жүз хор қызға үйлендірем. Тойыңда әр жылы дүниенің өміріндей ұзын болған төрт мың жылдық сый берем. Бір жаршыға бұйрық берем. Ол: «Дүниеге қызықпағандар қайда? Дүниеден бас тартқан Мариям ұлы Исаның тойына келіңдер» – деп жар салады».

Бұл уахиден кейін әзірет Иса (а.с.): «Дүниеге құл болғандардың басына келген бәлелерді қарашы! Олар қайтіп өледі, бұл дүниені және бұл дүниеде тапқандарын қайтіп тастап кетеді?! Дүние оларды алдаса да оған күмәнсіз сеніп жатыр. Сол алданғандар құрсын! Дүние оларға жағымсыз нәрселерді көрсеткен, оларды сүйіктілерінен ажыратқан және қорыққан бәлелерін басына түсірген. Көздегені дүние және жасаған істерінің бәрі күнә болғандар құрсын! Жасаған күнәлары үшін ертеңгі күні жерге қарайды ғой!» – дейді.

Риуаяттарға қарағанда, Алла Тағала әзірет Мұсаға былай деп уахи қылды: «Уа, Мұса! Әділетсіздердің тұрағы болған дүниеге қызықпа. Ол мекен саған тұрақ болып қалмайды. Оны ұмыт, ол өте жаман орын! Бірақ ол жерде жақсы істерді жасағандар үшін өте жақсы. Уа, Мұса, қорлық көрген пенденің ақысын алғанға шейін зұлымдық жасаған пендені қолдан шығармаймын».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әбу Убайданы (р.а.) Бахрейнге жібереді. Ол сол жақтан көп мүлікпен келеді. Әбу Убайданың қайтып келгенін естіген ел таң намазын Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге оқуға ұмтылады. Алла Елшісі (с.а.с.) намаздан кейін мешіттен шығып бара жатқанда, сахабалар тізіліп қалады. Оларды көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) күлімсірей: «Әбу Убайданың бір нәрсе алып келгенін естіген сияқтысыңдар», – дейді. Ансарлар «Естідік», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сүйіне беріңдерші, көрейік! Аллаға ант етейін, кедейленіп қалуларыңнан емес, бұрынғыларда болғандай сендерде де кеңшілік болуынан қорқам.

Дүние жинауда бұрынғы елдердей жарысқа түссеңдер, Алла олардықұрдымға ұшыратқандай, сендерді де құрдымға ұшыратады», – деді.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір мәрте: «Сендер үшін ең қорыққаным – Алла жерден шығарған нәрселердің берекесі», – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі, жердің берекелері деген нелер?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Түрлі дүние байлығы», – деп жауап берді.
Тағы бір хадисте: «Дүниені ойлау және дүние сөздерімен алаңсыз болыңдар», – деп айтқан. Демек, Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеге берілу емес, оны еске түсіруге де тыйым салған.

материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: