03
Жұма,
Сәуір

һижри

Қабір азабына себеп болатын күнәлар

Қабір азабына себеп болатын күнәлар

Ислам тарихы

Жалпы алғанда адамдар қабір азабына Алла Тағаланы танымағандықтарынан, Оның бұйрықтарына көңіл бөлмегендіктерінен және Ол тыйым салған күнә істерге бойұрғандықтарынан ұшырайды.

Алла Тағала Өзін таныған, сүйген, бұйрықтарына бойсұнып, қайтарғандарынан қашық жүрген ешбір рухты да, тәнді де азаптамайды. Шын мәнінде, қабір азабы – Алланың пендесіне деген ашу-ызасының әсері болып табылатын Ақырет азаптарының бірі. Демек, кімде-кім бұл дүниеде Алланың ашу-ызасына тиіп, сосын тәубе қылмай өлсе, ол Алла Тағаланың ашу-ызасы дәрежесінде барзах азабын көреді.

Ал қабір азабына жиі себеп болатын кейбір жекелеген іс- әрекеттерге келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетіне бұл жайттарды ескертіп айтып кеткен.

а) Өсек тарату және нәжістен тазаланбау

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) әлдебір екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып: «Расында, (мына) екеуі азапталып жатыр. (Бірақ) үлкен нәрсе себепті азапталып жатқан жоқ. (Бұл екеудің) бірі адамдар арасында өсек таратып жүретін, ал екіншісі зәрінен тазаланбайтын (болған)», – депті.

ә) Бөлінбеген олжадан жымқырып қалу

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Хайбар шайқасында жеңіске жеттік, бірақ алтын-күмістерді емес мал-мүлік, бау-бақшаларды олжа еттік. Сосын Пайғамбармен (с.а.с.) бірге «Құра» сайына кері қайттық. Ол кісінің (с.а.с.) қасында оған бәни дибәб сыйға тартқан Мидғам есімді құлы бар еді. Сол Пайғамбардың (с.а.с.) атын ерттеп, ер-тоқымын салып жатқанда, қайдан шыққаны белгісіз бір жебе ұшып келіп тиіп, табан астында көз жұмды. Сонда адамдар: «Құттықтаймыз, оған шәһидтік келді», – деді. Пайғамбар (с.а.с.): «Жоқ, жаным қолында болған  (Алла) мен ант етемін! Оның үстіндегі жамылғы тозақта лаулап жанып тұр. Өйткені ол сол жамылғысын Хайбар күнгі мұсылмандарға тиесілі олжадан ұрлап алған болатын1», – деді», – деген.

б) Ілім үйреніп, оған амал қылмау және парыз амалдарға көңіл бөлмеу, өтірік айту

Самура ибн Жундуб (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) серіктеріне: «Сендерден біреулерің түс көрді ме?» – деп жиі айтатын, сөйтіп серіктері оған Алланың қалауымен баян ететін.

Пайғамбар (с.а.с.) бір күні сәскеде бізге: «Мен түнде маған екі кісінің келгенін көрдім. Ол екеуі мені қолымнан жетектеп, қасиетті жерге алып шықты. Қарасам бір кісі отыр, қолында имек темірі бар бір кісі түрегеп тұр. (Түрегеп тұрған кісі) ол имек темірді (отырған адамның) езуіне желкесіне жеткенше кіргізеді. Сосын екінші езуін де солай етеді. (Сол аралықта) мына (жыртылған) езуі жазылады да, (оның езуіне) қайтадан әлгіндегідей істейді. Мен: «Бұл не?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз ілгері жүріп, шалқасынан жатқан бір кісіге келдік, оның бас жағында дәу тасы (немесе жартастың бөлігі) бар бір кісі тұр. Ол (жатқан адамның) басының мылжа-мылжасын шығарады. Ол ұрғанда тас домалап кетеді, оны барып алып, қайтып келгенше ананың басы жазылып, қалпына келеді де, қайтадан басына ұрады. Мен: «Бұл кім?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз алға жүріп тандырға ұқсас, аузы тар, табаны кең, астынан от жағылып жатқан бір шұңқырға бардық. (Шұңқырдағыларға от) жақындаса, олар шығуға шақ қалып жоғары көтеріледі де, бәсеңдегенде (орындарына) қайтады. Онда жалаңаш еркектер мен әйелдер бар еді. Мен: «Бұлар кім?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр», – деді. Біз алға жүріп бір қанды өзенге келдік. Оның ішінде бір кісі түрегеп тұр, ал өзеннің ортасында (немесе «өзен жағасында» деп те айтылған) алдында тастар бар, өзендегі кісіге қарсы қараған бір кісі тұрды. (Өзендегі) сыртқа шыққысы келсе, (әлгі) кісі оның аузына тас лақтырып, бұрынғы орнына қайтарады. Сөйтіп (өзеннен) шығу үшін келген сайын, аузына тас лақтырады да, ол бұрынғы орнына қайтады. Мен: «Бұл не?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз ілгері жүріп, жасыл баққа келіп кірдік. Оның ішінде бір зәулім ағаш бар екен, түбінде бір қария мен жас балалар отыр. Қарасам ағашқа таяу жерде қарсы алдында от жағып бір кісі отыр. Сөйтіп ол екеуі мені алып ағашты бойлап көтеріліп, бір үйге кіргізді, одан әдемі (үйді) бұрын- соңды көрген емеспін, оның ішінде қарт кісілер, жас жігіттер, әйелдер мен балалар бар еді. Сосын ол екеуі мені одан шығарды да, ағаш бойымен (тағы да) жоғары көтеріліп, (басқа) бір үйге кіргізді, ол (алдыңғыдан) әдемірек әрі жақсырақ еді, онда қарттар мен жас жігіттер бар екен. Мен: «Сен екеуің мені түні бойы өздеріңмен алып жүрдіңдер, енді көргендерім туралы айтып беріңдер», – дедім. Ол екеуі: «Иә. Сен көрген езуі жыртылып жатқан – жалған сөйлеп, (өтірігі) жан-жаққа тарайтын өтірікші, енді өзің көргеніңдей Қиямет күніне дейін оған солай істеледі. Ал сен көрген басы мылжаланып жатқан – Алла Құран үйреткенмен түнді ұйқымен өткізіп, күндіз оған амал қылмаған кісі, енді Қиямет күніне дейін оған солай істеледі. Сен шұңқыр ішінен көргендер – зинақорлар, өзендегі көргенің – өсімқорлар. Ағаш түбіндегі қария – Ибраһим (аләйһис-сәләм), оның айналасындағы балалар – адамдардың (жастай шетінеген) балалары, от жағып отырған – тозақтың сақшысы Мәлік. Сен кірген бірінші үй жалпы мүміндердің үйі, ал мына үй – шәһидтердің үйі. Мен – Жәбірейілмін, мынау – Микаил. Енді басыңды көтер», – деді. Басымды көтерсем, төбемде бұлт секілді (бір орын) тұр екен. Ол екеуі: «Бұл – сенің (жәннаттағы) мекенің», – деді. Мен: «Мені жіберіңдерші, мекеніме кірейін», – деген едім, олар:

«Расында, сенің әлі аяқталмаған өмірің қалған. Қашан оны аяғына жеткізсең, мекеніңе келесің», – деді», – деген».

в) Адамдардың сыртынан ғайбат айту және жұрттың мал-мүлкін зорлықпен тартып алу

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Миғражға көтерілуі туралы Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Миғражға көтерілгенімде жез, темір тырнақты адамдардың тұсынан өттім. Олар беттері мен кеуделерін тырнап жатыр екен. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл): «Олар – адамдардың еттерін жеушілер және мал-мүліктерін тартып алушылар», – деді», – деген.

г) Харам нәрселерді тұтыну, өсімқорлық, жетімнің ақысын жеу, зина жасау және өсек айту

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Миғражға көтерілуі туралы Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) келтірілген хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Содан біраз жүрген соң жас піскен дәмді ет қойылған дастарқан көрдім. (Бірақ) оған ешкім жақындамайды. Ал басқа бір дастарқанда тұрып қалған, иістенген еттер бар екен. Оны бір адамдар жеп жатыр. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл): «Олар – үмбетіңнен халал тұрып, харамға бас қойғандар», – деді. Сосын сәл алға жүрген едік, қарындары зорайып кеуіп кеткен адамдарды көрдік, егер біреуі сәл қозғалса қорқып шуылдап: «Аллам, Қиямет қайымды болдырма», – дейді. Жәбірейілден: «Олар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар перғауын туыстарының жолдан тапқан балалары», – деді. Оларға тағы бір топ қосылды. Жаппай Алла Тағалаға жалбарынып шулағанын естідім. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. «Олар сенің үмбетіңнен өсім жеушілер», – деді», – деген. Сосын Пайғамбар (с.а.с.): «Сондай-ақ өсім жегендер қабірлерінен жын соққандай есеңгіреп тұрады», – деген аятты оқыған.

Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғап: «Содан сәл ілгері жүріп, еріндері түйенің еріндеріндей, ауыздарын ашып тас жұтып, ол (тастары) арттарынан шығып жатқан адамдарды көрдім. Аллаға жалбарынып байбалам салғандарын естідім. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. (Жәбірейіл): «Олар – үмбетіңнен жетімдердің мал-мүлкін жеушілер», – деп айтты», – деп: «Әлбетте, жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын отпен толтырған болады. Сондай-ақ олар жалындаған тозақ отына кіреді», – деген аятты оқыған.

Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғап: «Сосын сәл жүріп омырауларынан ілініп тұрған әйелдерді көрдім, Аллаға жалбарынып шулап жатқандарын естідім. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. Ол: «Үмбетіңдегі зина жасаушы әйелдер», – деді. Тағы алға басқанда көргенім – біреулердің оң жақтарындағы еттерін кесіп, ауыздарына салып, оларға: «Бауырыңның етін жегеніңдей же!» – дейді. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. «Үмбетіңдегі өсекшілер», – деді», – деген.

ғ) Намазды ауырсыну, мал-дүниесі бола тұра садақа бермеу, аманатқа жеңіл қарау және аңдамай сөйлеу

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Миғражға көтерілуі туралы Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисінде Пайғамбар (с.а.с.): «Содан соң бастарын таспен ұрып жаратын қауымға келдік. Бастары жарылған сайын қайтадан бұрынғы қалпына түседі. Олар осы азаптан бір сәт босамады. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. Ол: «Намазды ауырсынатындар», – деп жауап берді.

Сосын алдарында және арттарында мүйіздері бар бір адамдарға келді. Олар мал секілді үркеді. Олар дариғ, заққум және жаһаннам мен оның тастарынан шоқтар жейді. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Мыналар кім?» – дедім. (Жәбірейіл): «Бұлар – мал-дүниелерінің садақаларын бермеушілер», – деді. Алла Тағала оларға ештеңе де зұлымдық жасаған жоқ. Алла пенделерге зұлымдық жасаушы емес.

Бұдан кейін алдарына піскен таза ет салынған қазан және жаман ет салынған қазан қойылған қауымды кездестірдік. Олар жаңағы жаман еттен жеп, жақсысын қалдырады. «Уа, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» – дедім. Ол: «Өзінің некелі, адал жары бола тұра жаман әйелге келіп, оның үйіне қонып шыққандар», – деді.

Сәлден кейін жолда тұрған үстінен бір нәрсе өтсе болды сынып кетерліктей бір ағашқа келдік. – Уа, Жәбірейіл! Бұл не? – дедім. – Бұл сенің үмбетіңдегі жол кесушілердің, тонаушылардың мысалдары, – деді. Алла Тағала:

«Иман келтіргендерді Алланың жолынан тосып, бопсалап, қыңырлық іздеу үшін әрбір жол үстінде отырмаңдар», – деп айтты емес пе?

Сосын көп мүлік жинап, оны көтере алмаса да үстіне тағы қосып (алып) жатқан бір адамның тұсынан өттік. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Бұл кім?» – дедім. (Жәбірейіл): «Бұл – үмбетіңдегі өзіндегі аманатты өтемей тұрып үстіне (аманат) қосып алатын адам», – деп айтты.

Содан соң еріндеріне темір сақиналар кигізіп жатқан қауымға келдік. Сақиналар өткізіліп болған соң, бастапқы халіне қайта түседі. Сөйтіп осылайша жалғаса берді. «Уа, Жәбірейіл! Олар кімдер?» – дедім. Ол: «Олар фитнаның (өсек, бос сөз) құтпашылары», – деді.

Содан соң бір кішкене інді кездестірдік. Одан үлкен өгіз шықты. Ол өгіз шыққан жеріне қайта кіргісі келеді, бірақ кіре алмайды. Мен: «Уа, Жәбірейіл! Бұл кім?» – дедім. (Жәбірейіл): «Бұл – аңдамай бір сөз сөйлеп, кейін оған опық жейтін және қайтарып ала алмайтын бір кісі», – деп айтты», – деген.

д) Өлген адамның артынан айтылған жоқтаулар мен қатты дауыстап жылау

Пайғамбар (с.а.с.): «Мәйіт туыстарының жоқтау айтуы және жылап-сықтауы салдарынан азап шегеді», – деген.

Жоғарыдағылармен қатар қабір азабына себеп болатын нәрселерге мыналар жатады: жалған куәлік беру, адал адамды қаралау, бүлікке араласу, бидғатқа бастау, Алла және Оның елшісіне (с.а.с.) қатысты өзі білмейтін нәрсені айту, парақорлық, араққұмарлық, ұрлық, қиянат, алдау-арбау, қулық-сұмдық, Алланың тыйым салғанына рұқсат беру, Алла Тағаланың міндеттегендерінен бас тарту үшін және Оның тыйым салғандарына қол ұру үшін айла-шарғы істеу, мұсылмандарға азар беру, олардың айыптарын ашу, Құран үкімдеріне жүгінбеу, Алланың шариғатына сүйенбей пәтуа беру, күнәкарлыққа және дұшпандыққа жәрдемші болу, нақақтан кісі өлтіру, қабірлерге табыну, зұлымдық, тәкаппарлық, риякерлік, бақсы-балгерлерге сену, дүние үшін дінін сату және т.с.с.

Қорыта айтқанда, кез келген күнә қабір азабына себеп болуы мүмкін.

материал «Қабір азабы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: