23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Ібіліс пен Адамның арасындағы дұшпандықтың басталуы

Ібіліс пен Адамның арасындағы дұшпандықтың басталуы

Ислам тарихы

Алла Тағала әзірет Адамды жаратқан соң, оған күллі есімдерді үйретті. Және бұл есімдердің нені меңзегенін періштелерге көрсетті және үйреткенін қайра періштелерден сұрап отырды.

Періштелер Раббысының сұрағандарына жауап бере алмаған жағдайда, Адамнан сұрап отырды. Адам сұралғандарға толыққанды жауап беріп отырды. Артынша, Жаратушымыз: «Мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін демеп пе едім?» – дейді. Осылайша, барлық періштелерге Адамға сәжде етуді бұйырды. Ібілістен тыс барлық періште Раббыларының әмірін орындап жаппай сәжде етті. Тек Ібіліс қана қасарысып, сәжде етушілерге қосылмады. Бұл жердегі сәжде ету рәсімі – біздің намазда Раббымыздың құзырында еткен сәжде секілді емес, әзірет Юсуфқа бауырларының сәжде еткеніндей сәжде66. Құрмет, сый, тағзым мен Алланың әміріне бойсұну мағынасындағы сәжде ету еді. Бұдан кейінгі оқиғаларды Құранға қарап отырып, баяндайық:

«Сонда Алла (Ібіліске): «Саған (Адамға сәжде ет деп) бұйырғанымда, сәжде етпеуіңе не нәрсе себеп болды (яғни, сәжде етпей сені не қара басты)?» – деді. Ібіліс: «Мен одан әлдеқайда артықпын. Өйткені Сен мені оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың», – деп тәкаппарланды». Сол кезде Алла оған: «Ендеше, түс ол жерден (яғни, жұмақтан жерге түс). Сонау жерде тұрып көкірек керуге сенің хақың жоқ! Қане, шық! Сен енді жаратылыс біткеннің қорысың!», – деп айтты. Ібіліс: «Онда ең болмаса, (бүкіл адамзат өліп), қайта тірілетін күнге дейін маған мұрсат бер», – деді. Алла оған: «Мақұл, саған (һәм өзің сияқтыларға қиямет күніне дейін) мұрсат берілді», – деді.

«Алайда, Маған ғана мәлім болған күнге (яғни, қиямет күніне) дейін», – деп айтты.

Ібіліс: «Ендеше, мені азғырып, адастырғаның (яғни, сынап сүріндіргенің) үшін (ант етемін), мен де оларды тынбай азғырып, адастыру үшін Сенің тура жолыңа кесе-көлденеңдеп отырып аламын. Содан кейін олардың кейде алдыларынан, кейде арттарынан, кей кезде оң жақтарынан, кей кезде сол жақтарынан келіп азғырамын. Нәтижеде, олардың басым көпшілігін шүкіршілік айтатын құлдарың ретінде көре алмайсың», – деді».

Аятта өткен «мені азғырып» деп аударылған «әғуәтәни» сөзі көп жерде әртүрлі болып келеді. Мысалға: Абдулла ибн Аббас пен Ибн Зәйдтің ойынша, бұл сөздің мағынасы «мені адастырғаның үшін» деп берілген. Сондай-ақ «мені ақылымнан адастарғаның үшін», «мені жазаландырғаның үшін», «мені аздырғаның үшін ант етейін» деген мағыналары да берілген.

Аяттағы «Сенің тура жолың» деп алынған «сиратакә» сөзінің түпкі мағынасы Алланың шынайы діні болған – Ислам. Ібіліс Алланың құлдарын Оның дінінен, құлшылық пен бойсұнушылықтан алыстататынына ант ішкен. Себебі Ібілістің басты мақсаты да осы еді.

Шайтан: «...Содан кейін олардың кейде алдарынан, кейде арттарынан, кей кезде оң жақтарынан, кей кезде сол жақтарынан келіп азғырамын...» – деп ант ішеді. Ибн Аббастың риуаяты бойынша, Әли ибн Әбу Талха былай дейді: «Содан кейін олардың алдарынан келемін» дегені – оларды ақырет жайында күмәнға келтіремін дегені. «Олардың артынан келемін» дегені – олардың дүниеге деген сүйіспеншіліктерін арттырамын дегені, «Олардың оң жақтарынан келемін» дегені – дін істерінде салғырттық таныттырамын, «Сол жақтарынан келемін» дегені күнә істерді оларға ұнамды қыламын дегені. Яғни шайтан: «Мен адамға ақырет тұрғысынан жақындаймын. Өлімнен кейінгі қайта тірілу, есепке тартылу, жаннат пен жаһаннам турасында олардың ойына күмән саламын. Мен оларға дүние жағынан да жақындаймын. Мен оларға дүниені сүйдіріп, көзбояушы қыламын. Осылайша оларды дүниеге малындырамын. Және де мен оларға дін істері мен салиқалы амал тұрғысынан жақындаймын. Оларға жақсылық жасауда кедергі боламын. Мен адамдарға күнәлі істер жағынан да жақындаймын. Оларды күнәға итермелеп, сол істерін өздеріне ұнамды етемін.

Ибн Жәрирдің айтуынша: «Шайтан: «Мен адамдарға жақсы-жаман барлық тұстан жақындаймын. Оларды жақсылықтан тыйып, жамандықты, күнәні тартымды қылып, ұнамды етемін.

Ибн Кәсир: «...Содан кейін олардың кейде алдарынан, кейде арттарынан, кей кезде оң жақтарынан, кей кезде сол жақтарынан келіп азғырамын...» деген аятты былайша түсіндірген. Бұл жерде «үстінен» деген сөз қолданылмаған, себебі оларға Алланың рахмет (мейірімділігі) төбеден келеді. Басқа бір риуаятта «...олардың басым көпшілігін шүкіршілік айтатын құлдарың ретінде көре алмайсың» деген аятты олар «Сені Бір ретінде, Бірлігіңді танымайды» деген мағынаға келтірген. Ібілістің бұл сөзі тек оның жеке ойынан туған қате пікір. Бірақ бұл осы бір оқиғамен тұспа-тұс келген. Алла Тағала Құранда: «Ібілістің оларға (һәм жалпы адам баласына) қатысты ойы мен тілеуі, сөзсіз, расталды. Сөйтіп, олардың араларындағы бір топ мүміннен басқасының бәрі Ібілістің соңынан еріп кетті. Әсілі, шайтанның оларды өз ырқына мәжбүрлеп көндіретіндей құдіреті жоқ. Алайда Біз кімнің ақыретке шынымен сенетінін және кімнің оған шәк келтіретінін айқындап, оларды бір-бірінен айыру үшін (әзәзіл шайтанға адамды әр қилы жолмен азғыруға мүмкіндік беріп, сол арқылы адам баласын сынаймыз). Ендеше, Раббың бәрін бақылауда һәм (ауыздан шыққан әр сөзді және істелінген әр істі періштелеріне) жаздыруда». Бұдан шығатын тұжырым – жоғарыда хадисте келтірілген, шайтанның бізге әр тұстан жақындауынан Алланы пана тұту арқылы ғана құтыла аламыз. Ибн Кәсирдің тақырыпқа сай риуаят еткен хадисінде Алла расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деп бұйырады: «Уа, Алла, Сенен кешірім, дінде беріктік және отбасым мен мал-мүлкіме саулық тілеймін. Уа, Алла, күнәларымды жасыруыңды, қорыққандарымнан мені құтқаруыңды сұраймын. Мені алдымнан, артымнан, оңымнан, солымнан және төбемнен жарылқай гөр. Уа, Аллам, мені төменгі жақтан (сынаққа ұшырап) опық жеуден сақтай гөр!» Бұл хадисті тек Биззардың риуаят етіп, хасан дәрежедегі хадис екені айтылады.

«Сонда Алла оған: «Жазғырылған һәм рақымымнан аласталған күйде шық ол жерден. Ант етемін! Олардың арасынан кімде-кім саған еретін болса, біліп қойыңдар, жаһаннамды сөзсіз сендермен толтырамын», – деді».

Алла тағала лағынеттеп, Мәлә Ағладан (періштелер мекені, ең жоғары дәрежелі мекен) алыстатып, қуғын-сүргінге ұшыратып: «Жазғырылған һәм рақымымнан аласталған күйде шық ол жерден», – деп бұйырды. Ибн Аббас «Жазғырылған һәм рақымымнан аласталған күйде шық ол жерден» деген аятты, «Қаһарыма ұшыраған күйде шық ол жерден» деп берген. Ибн Аббас басқа бір жерде «Төмендетілген әрі қаһарыма ұшыраған күйде шық ол жерден» деген сөзді де қолданады. Сүдди: «Қаһарға ұшыраған, қуылған күйде»; Мужаһид: «Қуғын-сүргінге ұшыраған күйде»; Рәби ибн Әнас: «Қуылған, төмендетілген күйде» деп тәпсірлеген.

«Ант етемін! Олардың арасынан кімде-кім саған еретін болса, біліп қойыңдар, жаһаннамды сөзсіз сендермен толтырамын» деген аят мына бір аяттың мағынасына келеді: «Алла оған: «Кет, ендеше! Олардың арасынан кімде-кім саған ерсе, жазаларың, расында да, жаһаннам болады. Жаза болғанда да жетіп артылатын жаза! «Білгеніңді істе, шамаң келгенді сұрқия дауысыңмен азғырып, түрте (жамандыққа бастай) бер! Оларға атты әрі жаяу жендеттеріңмен атой салып, шабуыл жаса. Мал-пұлдары мен бала-шағаларына ортақтас бол һәм оларға жиі уәде бер!» – деп айтты. Әйтсе де әзәзіл шайтан оларды алдағаннан басқа не бір жетіскен уәде береді дейсің! Сондай-ақ Алла оған: «Менің (таңдаулы һәм ықыласты) құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді», – деді. Раббыңның оларға қамқор ие болғаны жеткілікті».

Жоғарыда байқағанымыздай, Алла Тағала бұл аяттар арқылы құлдарының қас дұшпаны Ібіліс жайлы ескертуде. Және оның бұл қастығының тарихи негіздерге құралғанын баяндайды. Құлдарының шайтанның уәсуәсаларынан (азғыруы мен күмән салуы) қашып, Раббысын пана тұтуларын бұйырады.

материал «Әзәзіл шайтаннан сақтан» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: