29
Жұма,
Наурыз

һижри

Тәубе – Алланың кешірім есігі

Тәубе – Алланың кешірім есігі

Ислам тарихы

«Тәубе» сөзі – тілдікте қайту деген мағынаны білдіреді. Ал  дінімізде Алланың дініне қайту, құлшылыққа қайту, бұның барлығы қайту деп аталады. Адамның жаратылғандағы мақсаты, өзін жаратқан Алла Тағаламен бірге болу, құлшылық етіп Раббысына лайықты түрде пенде болып, шариғат шеңберінде Жаратқан өзінің кәләмі Құран Кәрімде  сызып берген өмір сүру заңдылықтарында болу керек.

Тәубе – адамды құтқаратын, құтылуына себепкер болатын ең маңызды амал. Күллі адамзат Адамның (ғ.с.) ұрпақтары болғандықтан қателесу адамның табиғатында бар. Адамзаттың атасы Адам  да (ғ.с)  қателесті. Сондықтан Барлық  Алланың пендесі қателесуші.

Адамның болмысы топрақтан және рухтан тұрады. Топырақ жер жынысынан, адамды топырақ  жағы яғни дүние жағы басып кеткен кезде төмен қарай түседі, төмендейді. Ал  рух жағы басым келген кезде жоғарыға, руханиятқа самғайды, Иманы артады, Раббысына жақындайды. Жалпы, адамда осы екі күштің арасында әрдайым күрес жүреді.

Тәубенің бір мағынасы өкіну. Адам тәубе ету үшін қателігіне, күнәларына  өкіну керек. Бірақ қалай өкінеді, өкіну үшінде діни сауаттылық, білім керек. Күнәлардың зардабы, о дүниедегі азабы қандай соны білу қажет.  Күнә адамды Алладан ұзақтатады, жүрегін қарайтады, денсаулығы құрып, күйзеліске түседі. Нәтежесінде екі дүниеде бақытсыздықа ұшырайды.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Уа, мүміндер! (Күнәларың үшін өкініш білдіріп) түгелдей Аллаға тәубе етіңдер. Сонда ғана (азаптан құтылып) мақсаттарыңа жетесіңдер» («Нұр» сүресі, 31 аят).

Және тағы бір аятта: «Уа, иман еткендер! (Күнәларыңа шын жүректен өкініш білдіріп) Алла Тағалаға шынайы түрде тәубе етіңдер» («Тахрим» сүресі, 8 аят).

Әбу Муса Абдуллаһ ибн Қайс әл-Әшғари  (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарамыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала күндіз күнә жасаған құлы тәубе етсін деп, түнде кешіріп қолын созады. Сондай-ақ, түнде күнә жасаған құлы тәубе етсін деп, күндіз кешірім қолын созады. Осылайша, (Алла Тағаланың тәубе етуші құлдарын жарылқау) күн батыстан шыққанға дейін жалғасады», - деп айтты, - делінген. Осы бір ерекше хадиске назар салатын болсақ, Алланың кешірім есігі яғни мейірімі 24 сағат ашық екенін түсінуге болады. Бұл өсиет адамның үмітсіздігін кетіреді. Жаратқанның мейірімінен үміт үзбеуіміз керек.

Жаратушы Алла, өзінің пендесі егер де өкініп, кешірім тілеп, жарылқауын сұраса, Аса рақымды ерекше мейірімді ол Алла қуанады екен.

Бұл жайында Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жеткен хадисте: Пайғамбарамыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Құлы тәубеге келгендегі Алла Тағаланың қуанышы қайсы біреулеріңнің шөл далада жоғалтып алған түйесін ойламаған жерде кезіктірген сәттегі қуанышынан әлдеқайда артық», - деп айтты», - деген.

Адам өмірдегі ең қымбат дүниесін жоғалтып, кейін ойламаған жерден тауып алса ерекше қуанатыны сөзсіз. Ал Алланың пендесі үшін қуанышы әлдеқайда артық. Сондықтан ең бастысы, өмір мен өлімнің хикметін сезіну, жаратылғандағы мақсатымызды білу, ақыл иесі дұрыс, балиғат жасына толған әр бір мұсылман ермен әйелге міндет. Жаратқанын танымаған адам – өзін танымасы ақиқат.

Қазақ халқы: «Адасқанның айыбы жоқ, үйірін тауып қосылса» - деген. Баршамызда Аллаға тәнбіз, оған қайтушыларданбыз. Сондықтан денсаулықпен, уақыт және өмір мүмкіндігі барда, Құдайдың разылығына бөленіп, алдына сау жүрекпен баруымызды нәсіп еткей. Әмин!

Нұржан Тоқашев,

«Әл-Ғани» мешітінің ұстазы  

Бөлісу: