26
Жұма,
Сәуір

һижри

Өзекті жанға өлім хақ

Өзекті жанға өлім хақ

Ислам тарихы

Жаратылған жанның өлері хақ. Мәңгілік – бір Аллаға тән. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» («Әли Имран» сүресі, 185 - аят).

Өзекті жанға өлім хақ. Әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсенің Иесі – Хақ Тағала осы пәни жалғанда өмірмен қатар өлімді де жаратты. Өмір мен өлім адамдар үшін үлкен сынақ. Ол туралы Алла Тағала былай дейді:

«Ол қайсыларыңның амалы ең жақсы екендігін сынау үшін өлім мен өмірді жаратқан. Ол Үстем әрі Кешірімді» («Мүлік» сүресі, 2 аят).

Демек,өлім мен өмірдің жаратылуындағы сыр жаратылыс үшін үлкен сынақ және уақытша берілген мерзім болып келуінде. Ол сынақтың мәні – дүние тіршілігінің қамшының сабындай қысқалығы, өлімнің күтпеген кезде кенеттен келу ықтималдығы әрі аятта аталғандай сол межелі мерзімде ізгі істер жасап, дүние тіршілігінде Алланың әмірімен ислам шарттарына сай тура жолда жүру. Аталмыш аятта өлімнің өмірден бұрын айтылуын адам тіршілігінің ең бірінші өлімнен, яғни жоқтан бар болуы арқылы басталумен байланысты деп түсінген жөн. Әрбір жаратылғанның – күллі тіршіліктің басталуымен аяталуы хақ.

Сондықтан, «жазмыштан озмыш жоқ», қалай болғанда да әрбір жан иесінің өмір тіршілігінің соңғы нүктесі – өлім. Ол – сөзсіз болатын құбылыс. Ажал кез-келген уақытта келеді. Ол адамның қалауына тәуелді емес, Алланың қалауына ғана қатысты. Мұның адам баласының дәрменсіз жаратылыс екеніне, барлық билік иесі – Жаратушы Хақ Тағала екеніне айқын дәлел.

Ажалын естен шығармай, соңы немен аяқталатынын уайымдап жүру, мұсылман сипаты. Пайғамбарамыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Уа, иман келтіргендер, бұл дүниеде, сапарын жалғастырушы, жолаушы сияқты болыңыздар».

Өлім, бір жағынан, өмірдің ақыры болса, екінші жағынан, мәңгілік өмірдің бастауы.

Өлімді еске алу арқылы пенде өз болмысының ақиқаты мен дүниенің фәнилігін жете түсінеді, жүрегі жұмсарады. Күнделікті күйбең һәм күйкі тіршіліктің әсерінен тотығып, ұмыт болған сананың терең түпкірінде жатқан ау бастағы фитраттық яки саф таза жаратылыстық сезім оянып, тәубе етуіне себеп болады.

Осындай тағлымдық, тәрбиелік мәніне байланысты өлім жайында Құран Кәрімде көп үгіт айтылған. Ондағы аяттар кәпір және күнәһарлардың ажал келгеннен азапқа тап болатынын ескертіп қорқытса, ажалға дайындық жасап шариғат шарты бойынша өздеріне бұйрылған іс-амалдарын толық орындап жүрген мүмін пенделерді қуанышты хабармен сүйіншілейді. Сондықтан өлімді естен шығармай жүру, сынақ мерзімін тиімді өткізіп, мәңгілік өмірге сауап жинауға себеп болары сөзсіз.

Құранда ажал туралы ескертуші аяттар жеткілікті. Құранда: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады». («Әли Имран» сүресі, 185 - аят);

«Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла – бәрін  білуші һәм Хабардар» («Лұқман» сүресі, 34 -аят).

Пайғамбарамыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген:

«Уа, адамдар, сендер үшін көрсетіліп қойылған белгілер бар (яғни тура жол, әмір-тыйымдар), міне сол белгілер бойынша жүріңдер. Сендерге көрсетіліп қойылған шек-сызықтар бар, міне сол сызықтардың бойымен жүріңдер (одан асып өтпеңдер). Мүмін жан екі түрлі қорқыныштың ортасында болады: өтіп кеткен ғұмыры, ол үшін Алла қандай жаза дайындағанын білмейді және қалған ғұмыры, ол үшін Алла не шешіп қойғанын білмейді. Пенде өз-өзінен ғибрат алсын. Дүниесін ақырет үшін пйдалансын. Қартаймастан бұрын жастық шағында, өлместен бұрын осы өмірде ізгі істер жасасын. Мұхаммедтің жаны қолында  болған Алланың атымен ант етемін – өлімнен кейін тәубе қабыл болмас, бұл дүниеден  кейін жәннәт пен тоғақтан басқа жай болмас» (Бәйһақи риуаяты)

Адамзат тарихында талай хәкім-даналар өлім хақында көпдеген  өсиет айтып, тағылымды сөздерін қалдырған. Хәкім Абай да өлімнің хикметін сезіп, басқаларға қапы қалмауды былайша өсиет еткен.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің?

Өлмек үшін суғансың, ойлан, шырақ! - деген.

Алла Тағала баршамызды, дүние тіршілігімізде, өзінің разылығына бөленетін амалда болуымызды және тәубе етуімізді  нәсіп еткей!

Дархан Қосылбаев,

«Әл-Ғани» мешітінің ұстазы

Бөлісу: