02
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

«Алладан басқа ешбір Құдай жоқ» куәлік сөзінің мағынасы

«Алладан басқа ешбір Құдай жоқ» куәлік сөзінің мағынасы

Ислам тарихы

«Лә иләһә илләллаһ» куәлік сөзін айтып, куәлік берудің мағынасы – пенденің Алладан басқа құлшылыққа лайық ешкім жоқ екенін мойындап, оны ұстану және тиісті амалдарды орындау.

Куәліктің бір бөлігі Алладан басқа құлшылыққа лайық әлдебіреудің бар екенін жоққа шығарса, екінші бөлігі құлшылыққа Алланың Өзі ғана лайықты екенін нақтылайды. Бұл екі бөлік – «Лә иләһә илләллаһ» куәлігінің қос тірегі. Егер осы куәлікті сөзбе-сөз аударатын болсақ, онда «Алладан басқа Құдай жоқ» деген мағына шығар еді. Жалпы, «иләһ» сөзі араб тілінде «маъбуд» (құлшылық етілетін) деген мағынада қолданылады.

Дініміздің асылы, пайғамбарлар дағуатының негізгі тақырыбы болған бұл кәлиманы жоғарыдағыдай сөзбе-сөз түсіну ақиқатқа қайшы. Өйткені кейбір адамдар аруаққа, тасқа, ағашқа, қабірге, тіптен хайуанға табынып кеткен. Алайда олардың бұл істері құлшылыққа лайық па?! Әлбетте, лайық емес! Сондықтан «Лә иләһә илләллаһ» куәлігінің дұрыс мағынасын ашу үшін «құдай» немесе «тәңір» сөзінің баяндауышы ретінде «құлшылыққа лайық» деген тіркесті қосуға тиіспіз.

Кейбіреулер бұл куәлікті «Алладан басқа жаратушы жоқ» деп түсіндіреді. Бұл – дұрыс түсініктің бір бөлігі ғана. Сөз, жалпы, дұрыс болғанымен, куәліктің мағынасын толық қамтымайды. Өйткені Алланың барша әлемді жаратушы екенін қасарысқан атеистерден басқа ешкім жоққа шығармайды. Аллаға ортақ қосушы мүшріктермен қоса, барлық діннің өкілдері түбінде бір жаратушының бар екенін мойындайды. Алайда құлшылық мәселесіне келгенде әркім өз тәңіріне табынып, тура жолдан адасады. Аллаға иман келтірген және құлшылықтың барлық түрін Алланың Өзіне ғана арнап орындағандар өзге адамзаттан ерекшеленіп, осы сөзді дұрыстап ұстанғандар болып табылады да, бұ дүние және ақырет бақытына кенеледі.

«Лә иләһә илләллаһ» кәлимасы – жәннаттың кілті. Алайда кез келген кілттің тістері болады. Тістері кетік кілт қандай жарамсыз болса, тиісті шарттары орындалмай, тек тілмен ғана айтылған кәлима да сондай жарамсыз болмақ. Яғни кәлиманы айтушы адам оның мағынасын дұрыс түсініп, тиісті амалдарын орындауы керек. Сонда ғана кісінің Аллаға келтірген иманы мен айтқан куәлік сөзі дұрыс деп есептеледі. Айтылған кәлиманың дұрыс болып, дүние-ақыретте пайдасын тигізуі үшін ғалымдар төмендегі шарттарға тоқтаған. Олар – «Лә иләһә илләллаһ» кәлимасының шарттары. Бірде Хасан әл-Басриге бір кісілер келіп: «Кейбіреулер кімде-кім «Лә иләһә илләллаһ» десе, жәннатқа кіреді деп жатыр», – дегенде, ол: ««Кімде-кім «лә иләһә илләллаһ» деп, оның міндеттері мен парыздарын орындаса, жаннатқа кіреді», – дейді.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: