11
Сенбі,
Мамыр

һижри

Өмірден өткендерге арнап Құран оқудың үкімі

Өмірден өткендерге арнап Құран оқудың үкімі

Ислам тарихы

Әлбетте, Құран оқу ең абзал ғибадат болып, онымен мұсылман пенде Раббысына жақын болады. Құран оқу адамға пайдалы болып, мейлі дүниеден өткеннен кейін болсын, мейлі мекенінде немесе үйінде болсын, мейлі жаназадан кейін немесе алдында болсын яки қабірдің басында болсын шариғат үкімінде дұрыс саналады әрі Алланың кеңшілігімен мәйіттің қабірінде азаптың жеңілдеуіне себеп болады.

Бұл жайлы Расулулла (саллаллаһу алейһи уа сәлләм) хабар беріп, дүниеден өткен мәйіттерге Құран оқуға үндеген. Ол кісі: «Бір мәйітке «Ясин» сүресі оқылса, жеңілдік болады» деп айтқан. Расында, осы Құран оқудың әдептеріне амал етіп, әріптерін өз орнымен шығару керек.

Ханафи мәзһабындағылар мәйітке де, тірілерге де Құран оқудың сауабы тиетіндігін айтқан. «Әл-Һидая», «Бәдаиъ», «Бахр» және басқа кітаптарда осы жайлы айтылған.

Сондай-ақ Шафиғи мәзһабының ғұламалары да Құран оқудың сауабы, егер оқушы Алладан сұраса, мәйітке жететінін айтқан.

Ибн Әбу Зәйд «Ар-Рисәлә» кітабында Ибн Фәрхуннан риуаят етіп айтуынша, Мәлики мәзһабының имамдары да мәйітке Құран оқудың сауабы тиетінін нақыл еткен.

Ханбали фақиһтарынан Ибн Қудәмә «Әл-Муғни» кітабында: «Мәйіт барлық сауап болушы нәрселерден пайда алғанындай, Құран оқудан да пайда алады. Демек, адам қалай амал етсе де, сауабын мәйітке бағыштаса, Алланың қалауымен пайда алады», - деген.

Ибн Қудәмә Маъқал ибн Ясардан жеткізген риуаятында Расулулла (саллаллаһу алейһи уа сәлләм): «Өліктеріңе «Ясин» сүресін оқыңдар», - деген.

Қорытындылап айтатын болсақ, Құран оқудың сауабы мәйітке, мейлі ол мәйіт қабірде болсын немесе одан ұзақта болсын, тиеді. Алланың қалауымен сауабы мәйітке жетеді. Әсіресе, қари оқыған Құранының сауабын мәйітке бағыштаса».

Алайда мұның жалғыз шарты бар: Қари (Құран оқушы) шынайы Алла үшін оқуы әрі әрқандай дәметуден аулақ болуы керек. Ақы немесе басқалай пайдаларды көздеп Құранды хатым етуді бұйырудың әрі тапсырыс негізінде Құран оқудың өлікке де, тіріге де сауабы жоқ.

материал «Ихтилафтар. Шешімдер» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: