02
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Ислам міндеттеген амалдардың ханафи мәзһабіндегі үкімдері

Ислам міндеттеген амалдардың ханафи мәзһабіндегі үкімдері

Ислам тарихы

Ислам міндеттеген амалдардың ханафи мәзһабіндегі үкімдері:

1) Парыз. Құранның анық аяттарында, немесе мутауатир хадистерде, немесе ижмаъ шешімінде істелуі кесімді дәлелмен бекіп бұйырылған іс. Атқарылуы – міндетті, тасталуы – күнә. Тастаған кісі жазаға бұйырылады. Теріске шығарған кісі кәпір болады. Мұндай парыздарды білу және атқару – әрбір мұсылманның міндеті.

Парыз не құлшылықтың өзі, не құлшылықтың кіріспе немесе құрауыш бөлігі болуы мүмкін. Мысалы, намаз – парыз. Дәрет – оның міндетті кіріспе бөлігі немесе сыртқы парызы. Ал тахрим тәкбірі, қиям, қырағат, рукуғ, сәжде және соңғы отырыс – міндетті құрауыш бөліктері немесе ішкі парыздары. Бұлардың біреуі қалып кетсе, намаз дұрыс болмайды.

Сонымен қатар парыз сипаты тұрғысынан парыз айн және парыз кифая болып екіге бөлінеді. Парыз айн дегеніміз әркімге жеке жүктелген парыз. Әркім өзі істемейінше, мүлде мойнынан түспейді. Мысалы, отбасы мүшелері бесеу болып, біреуі ғана намаз оқыса, бұл намаздан басқа төртеуіне ешқандай үлес жоқ. Өздері оқымайынша, парыз мойындарынан түспейді. Ал парыз кифая дегеніміз көпшілікке жүктелген парыз. Көпшіліктен біреу оны орындаса, басқалардың мойнынан түседі. Ешкім істемесе, күнә бәріне бөлінеді. Мысалы, жаназа намазы.

2) Уәжіп. Құранның анық емес, түсіндірмелі аяттарында, немесе мутауатир емес хадистерде істелуі болжамды дәлелмен бекіп бұйырылған іс. Уәжіптің үкімі парыз секілді. Тек теріске шығарушы кәпір болмайды. Бұған пітір садақасы, үтір намазы, айт намаздары секілді құлшылықтар кіреді. Ханафи мәзһабі басқалардан осы үкімді парыздан бөлек қарастыруымен ерекшеленеді. Басқа мәзһаптарда парыз бен уәжіп – бір нәрсе.

3) Сүннет. Шариғат алдында істелуі міндетті емес, ұнамды болатын амал. Істеген кісіге сауап, ал істемегенге жаза жоқ. Алайда мүлде істемеуші кісі сөгіске лайықты.

Сүннет екіге бөлінеді: бекітілген сүннет және бекітілмеген сүннет. Бекітілген сүннет дегеніміз – пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) әрдайым істеген іс. Мысалы: парыз намаздарының сүннеттері. Мұндай сүннетті біле тұра істемеу мәкруһ танзиһан. Бекітілмеген сүннет дегеніміз – пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірде істеп, бірде істемеген іс. Мысалы, екінді намазының алдында оқылатын төрт рәкат сүннет. Істелуі - сауап, істелмеуі мәкруһ емес. Бекітілмеген сүннеттің басқа атаулары: мәндуп, мустахап және әдеп.

4) Харам. Құранның анық аяттарында, немесе мутауатир хадистерде, немесе ижмаъ шешімінде тасталуы кесімді дәлелмен бекіп бұйырылған іс. Мысалы: кісі өлтіру, арақ ішу, зина жасау, ұрлық және т.б. Тасталуы – міндетті. Істеуші күнәсінің түріне тиісті жазаға бұйырылады. Оны адал деп пайымдаушы кәпір болады.

5) Мәкруһ. Шариғаттың алдында істелуі жеккөрінішті іс. Ол екіге бөлінеді: мәкруһ тахриман және мәкруһ танзиһан. Мәкруһ тахриман дегеніміз – Құранның анық емес, түсіндірмелі аяттарында немесе мутауатир емес хадистерде тасталуы болжамды дәлелмен бекіп бұйырылған іс. Тастаушыға сауап, істеушіге жаза тиесілі. Харамдығын теріске шығарушы кәпір болмайды. Мәкруһ танзиһан дегеніміз тасталуы міндетті емес, бірақ ұнамды болатын іс. Тастаған кісіге сауап, ал тастамағанға жаза жоқ.

материал «Құлшылықтар фиқһы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: