06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Тақрири деген қандай сүннет?

Тақрири деген қандай сүннет?

Ислам тарихы

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының кейбір әрекеттерін ұнатпаған жағдайда, өзіне тән байыптылықпен оларға ескерту жасайтын.

Мысалы, мінберге шығып, ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ «Жамағатымызға не болған, біреулер былай етіпті?!» деп оқиғаны тілге тиек етіп, жалпылама ескертетін. Ол өзінің жеке басына жасалған жамандықтарды кешіргенімен, әділет аяққа тапталған кезде үнсіз қала алмайтын. Айша анамыздың (р.а.) баяндауынша, ақиқатты жақтағанда Пайғамбарымыз «арыстандай айбаттанып кететін, әрі сол ақиқат орнын тапқанша байыз таппайтын».

Кейде сахабаларының іс-әрекетін іштей құптаған сыңай танытқан кездері де болған. Міне, осындай жайттар, яғни Пайғамбарымыздың үнсіз мақұлдаған мәселелері сүннеттің тақрири бөлігін құрайды. Мысалы,

1. Бірде екі сахаба шөлде су таба алмай, намазды тәйәммуммен оқиды. Артынша намаз уақыты шықпай жатып су табылады да, олардың біреуі қайтадан дәрет алып, манағы намазын қайта оқиды, екіншісі болса намазын қайта оқуды қажет деп таппайды. Кейіннен олар бұл жайтты Пайғамбарымызға айтқанда, ол: «Су табылғаннан соң мен намазымды қайтара оқыған жоқпын» деген сахабаға «Сүннетті орындаған екенсің» деп, ал «Су табылған соң қайтадан дәрет алып, намазымды қайта оқыдым» деген сахабаға «Саған екі есе сауап бар» деп жауап қатқан. Міне, осындай жайттар «тақрири сүннет» деп аталады.

2. Алла расулы Бәни Құрайза халқын тәртіпке шақыру үшін жолға шыққанда, сахабаларына «Асығыңдар, намазды сол жерде оқимыз» деген. «Асығыңдар» деген сөзді кей сахабалар «Алла расулы тезірек Құрайза халқына жетуді тапсырды, намазды сонда оқуымыз керек» деп түсініп, көп еш нәрсеге кідірмей, намазды сол жақта оқиды. Сахабалардың бір бөлігі болса, «Алла расулы шұғыл дайындалу керектігін айтты. Намазды осы жерде де оқуға болады» деп, намаздарын оқып, артынша жолға шығады. Болған жайтты Алла расулы естігенде, екі топтың да жасағандарын дұрыс деп қабылдаған. Міне, бұл оқиға да тақрири сүннетке мысал болып табылады.

материал «Сүннет жолы – үммет жолы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: