29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қабір азабының рас екендігіне Құран мен хадистегі дәлелдер

Қабір азабының рас екендігіне Құран мен хадистегі дәлелдер

Ислам тарихы

Қазіргі кезде Құранды және Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) хадистерін өз ойларына сай түсіндіргісі келетін, шариғатты ақылмен түсіну керек деп дабыл қағатындар пайда болды.

Ондай адамдардың арасында қабір азабы мен нығметін мойындамайтындар да бар. Олардың осы сөздерінің жалған екендігін Құранда және Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) сахих хадистерінде келген дәлелдермен жоққа шығарғымыз келеді.

Құранда: «Оларды екі рет азаптаймыз. Сонан соң олар зор азапқа қайтарылады», – деген («Тәубе» сүресі, 101-аят).

Яғни Алла Тағала адамды алдымен бұл дүниеде, сосын қабірде азаптайды, одан кейін барып қана кәпір болғандарды тозақта мәңгілік азапқа салады.
«Перғауын әулетін сұрқия азап баурап алады, олар ертелі- кеш отқа ұсынылады. Қиямет болған күні Перғауын әулетін азаптың ең қаттысына кіргізіңдер (делінеді)», – деген.

Осы аятта Алла Тағала бізге Перғауынның және оның сойылын соққандардың Қияметке дейін азапталатынын және Қиямет болғанда, олардың ең зор азапқа, яғни тозаққа кіретіндіктерін хабарлаған.

Айша (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Маған Мәдина яһудилерінің екі кемпірі келді. Олар: «Қабірдегілер қабірлерінде азапталады», – деді. Мен олардың сөздерін растағым келмей, өтірікке шығардым. Сөйтіп, ол екеуі шығып кеткен соң, маған Алла елшісі (с.а.с.) кірді. Мен оған (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Маған Мәдина яһудилерінің екі кемпірі кірді. Сөйтіп: «Қабірдегілер қабірлерінде азапталады», – деді», – дедім. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Ол екеуі рас айтқан. Расында да, олар сондай бір жануарлар еститіндей азаппен азапталады», – деп айтты», – делінген.

Бұл келтірген дәлелдерден басқа да қабір азабы туралы хабарлар келген хадистер өте көп. Ақыретте жаннатқа кіруден үміті бар барлық пендеге айтар насихатымыз – Алланың елшісі (с.а.с.) қабір азабынан сақтанып, Алладан пана сұрағанындай, сендер де Раббыларыңнан пана сұраңдар!

материал «Қабір азабы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: