24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Көпшілік дастарханда сақталатын 7 әдеп

Көпшілік дастарханда сақталатын 7 әдеп

Ислам тарихы

Көпшілік дастарханда сақталатын әдептер бар. Олар жетеу:

  1. Жасы мен абыройы өзінен үлкен адам отырған кезде, одан бұрын тамаққа қол созбау. Ал егер дәрежелері шамалас болса, басқаларды күттіріп қоймас үшін бірден бастау.
  1. Тамақ үстінде ибалы адамдарға тән әдеппен үнсіз қалмау. Ізгілердің тағам мен басқа да мәселелерге қатысты хикаяларын қозғай отыру.
  1. Топпен отырған дастархан басында қасындағылардан артық жемеуге тырысу. Өйткені тамақ ортақ болғандықтан, жодасының разылығы болмай көп жеу – харам. Тіпті мүмкіндік болып жатса, жолдасына көбірек тигені жөн. Жолдасы белсенді болмаса, оны тамақтан алуға ынталандырып, «ала отырыңыз» деп айтқан абзал. Бірақ үш мәртеден артық айту да қажет емес. Өйткені үштен көп айту – қажетсіз нәрсежәне шектен шығу. Алла елшісі (с.ғ.с) үш мәрте сұрайтын, одан асырмайтын. Одан артығы әдептің шеңберінен шығады.
  1. Қасындағы адамды «алып отырыңыз» дейтін деңгейге жеткізбеу керек. Басқалары байқап қалады деп, жаны қалайтын тамақты тәрк етпегені жөн. Өйткені олай жасау – жасандылық. Жалғыз қалғанда қалай тамақтанса, жамағатпен отырғанда да солай тамақтанған дұрыс. Жолдастарыңа көбірек тиюі үшін аз жеудің еш айыбы жоқ. Дастархан басындағылардың көңілін аулау үшін әдеттегіден артық жесе де ештеңе етпейді. Керісінше, оң іс болып саналады. Ибн Мубарак жемістердің жақсыларын қонақтарына ұсынып, «Кім көп тамақтанса, әр дәнекке бір дирхам беремін» деп, көп жеген адамға әр дәнек үшін бір дирхамнан беретін. Бұл әрекеті тамақ жеуден ұялуды жоятын, көңіл көтеретін жарыс іспеттес еді.
  1. Егер жалғыз болса, тамақ жеген ыдысына қолын жуудың еш сөкеттігі жоқ. Бірақ жанында жолдасы болса, жуа алмайды. Бір адам қолына су құйғысы келсе, оның ілтипатын қабыл алып, қолын жуу керек. Әнәс ибн Мәлик (р.а) пен Сәбит әл-Бунәни бір ыдыстан тамақтанады. Кейін Әнәс Сәбиттің қолына су құйғысы келеді. Бірақ Сәбит оның ұсынысын қабыл алмайды. Сонда Әнәс: «Құрмет көрсеткен кезде, бас тартпа. Құрмет Алла үшін», - дейді. Аббаси халифаларының бірі Харун Рашид Әбу Мұғауия әд-Даририді шақырып, қолына су құяды. Кейін Әбу Мұғауиядан:

- Қолыңа су құйған кісінің кім екенін білесің бе? – деп сұрайды. Әбу Мұғауия:

- Білмеймін, - деп жауап береді. Сонда Харун Рашид:

- Қолына су құйған кісі – халифа, - дейді. Әбу Мұғауия:

- Сені бұл ісіңмен ғылымға құрмет көрсеттің және ғылымның дәрежесін көтердің. Алла сенің де дәрежеңді көтерсін! – дейді.

  1. Тамақтанғанда жолдастарын ұялатындай тігіле қарамай, әркім өз алдындағы тамағына назар аударғаны жөн. Бір кісі тамақтанып болған соң, басқалар келіп тамақтанып, отырғанда, (қарны тойса да) кері шегінбегені дұрыс. Олар әбден тойғанша аз-аздан болса да алып отырғаны жөн. Егер аз жейтін кісі болса, бастағанда аз-аздан алып, соңына дейін олармен бірге отырғаны дұрыс. Сахабалардың көбі осылай істеген. Егер жалғастырмаса, кейін келгендерді ұятқа, ыңғайсыз жағдайға қалдырмайтындай сылтауын айтқаны жөн.
  1. Қасындағылар жиіркенетін әрекеттер жасамағаны дұрыс. Аузынан бір нәрсе шығаратын болса, қолын табаққа салмай, ұртын тамаққа толтырмай тұрып, жүзін дастарханнан бұрып, аузындағыны сол қолымен алуы керек. Майлы тағамды сірке құйған тағамдарға, сірке құйған тағамдарды майлы тағамдарға араластырмау керек. Тістеген нанының қалдығын тамаққа матырмағаны, қасындағыларды жиіркендіретін, кісінің тәбетін қашыратындай жаман сөздер айтпағаны жөн.

материал Имам Ғазалидің «Тамақтану әдебі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: