24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Алла Елшісі (с.ғ.с) Ережеп айын қалай өткізген?

Алла Елшісі (с.ғ.с) Ережеп айын қалай өткізген?

Ислам тарихы

Қасиетті Құранда: «Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны – он екі, олардың төртеуі – харам айлар. Міне, (адамзаттың игілігі үшін) ең дұрыс әрі мінсіз жүйе – осы. Ендеше, бұл айларда (яғни, қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар», – делінген («Тәубе» сүресі, 36-аят).

Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады.  Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген (Ибн Асакир).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында ораза тұтқан. Сахабалар Ережеп айы басталғанда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза тұтқанын көріп, енді ауыз ашпаса керек, ал ауызы ашық жүргенде, ораза тұтпаса керек деп ойлаған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Кімде-кім қасиетті (харам) айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». Хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) бұл хадис жайлы «Егер осы хадисті Пайғамбарымыздың аузынан естімеген болсам, керең болайын», – деген екен. Пайғамбардың бұл сөзі Ережеп айын құлшылықпен өткізген пендесіне Алланың жақсылығы мол келетіндігін байқатуда.

Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ережеп айы басталғанда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен (Бәйһақи, Табарани).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында жасаған истиғфардың (кешірім сұрау) мырзасы: «Аллаһумма анта Роббий Лә Иләәха илла анта халақтаний уа әнә абдука уә әнә ъалә аһдика уә уаъдика мастатоъу әъузу бика мин шарри мә сонаъту, абуу лака биниъматика алайя уә абуу бизамбий фағфирлий фаиннаһу лә яғфируз зунуба иллә анта».

Әділхан Оразов,

Республикалық бас мешіттің наиб имамы

Бөлісу: