06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Сауда-саттыққа қатысты кісі ақысы түрлері

Сауда-саттыққа қатысты кісі ақысы түрлері

Ислам тарихы

Исламда тыйым салынған сауда-саттыққа қатысты ешқандай да мəміле мен заңдар қарастырылмайды. Сауда қатынастарында тараптардың нендей тауарды қалай жəне қандай шарттармен сатқаны жəне сатып алғаны мəлім болуы тиіс. Жəне де адам баласына зияны бар заттарды саудалауға да жол берілмеген.

а) Сауданың шырқын бұзып сауда жасау

Хадисте «Ешкім иісі мұсылман бауырының саудасын бұзбасын» делінген. Сатушы мен сатып алушы мəміле жасауға емеурін танытып өзара келісіп жатқанда өзге сатушы араға килігіп, «мен бұдан əлдеқайда арзанға беремін» деуі сауданың шырқын бұзу болып табылады. Тек потенциалды сатып алушы райынан қайтса, не болмаса рұқсатын берсе ғана өз затын саудалай алады. Ислам құқықтанушыларының көбі сауда қатынастарында мұның мұсылман, мұсылман еместігіне қарамастан, баршаға ортақ талап екенін білдірген. Шынымен де Ислам ұстанған дініне бола адамдарды алаламайды, күнделікті тұрмыста, заң алдында адамдардың бəрі бірдей саналады.

ә) Нарыққа тауар өткізушіні жолдан тосып алу

Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) қалаға келе жатқан керуенді жолдан тосып алып тауарды саудалауға тыйым салған. Бұлай жолдан тосудың екі түрі болады: Саудагер жолай барлық тауарды көтере сатып алады да, жергілікті нарықта мұндай тауардың жоғын пайдаланып, қалаған бағасына өткізеді. Саудагер нарық бағамынан хабарсыз тауар жеткізушіні жолдан тосып алып, тауарды өткізу бағасынан арзанға сатып алады.

б) Қалалықтың ауыл адамына делдалдық жасауы (комиссионер болуы)

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Қалалық адам ауыл адамының атынан сауда жасамасын. Халықты өз қалпында қалдырыңдар. Алла халықтың бір тобына екінші жартысы арқылы ризығын береді», – деген. Мұны қалай түсінеміз дегенге келсек, мəселен, ауылды жерде көкөніс, жеміс-жидек, ет-сүт арзан болады. Ауыл адамы мұны қала базарына шығарып саудалай алады. Бірақ, мұны ауыл адамының атынан тісқаққан қалалық саудагер істейтін болса, ол қалалықтардың мұқтаждығын білгендіктен, қымбатқа сатар еді. Мұндай комиссия шартына тыйым салудағы мақсат қалалықтарды зиянға ұшыратудың алдын алу болған.

в) Алдаумен (тапсырыспен) бағаны көтеру

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) көпшіліктің тауарды алуға еш құлқы жоқтығына қарамастан, басқаларды арандатып, бағаны көтеруге немесе түсіруге тыйым салған. Бағаны қолдан көтеру тауарды өндірушінің, жеткізушінің тапсыруы бойынша, тауарды асыра мақтау не болмаса бағада бəсекелесіп, сатып алушыны арандату жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Олай болса, тауар сапасын көтере мақтап, бағаны арттыруға тырысқан саудагер айла жасаған болады. Оның бұл ісі дінде харам саналады. Осы арада харамға жол ашатын сауда-саттықты да айта кеткен жөн. Ислам құқық кітаптарында харамға жол ашатын саудаға мысал ретінде шарап өндірушіге жүзім сату ісі келтірілген. Алла тағала Құран кəрімде «Жақсылыққа, тақуалыққа жəрдемдесіңдер. Күнəға жəне дұшпандыққа жəрдемдеспеңдер» деген («Мəида» сүресі, 2-аят). Ендеше, саналы мұсылман жамандыққа, күнəға болыспауды өзіне міндет деп білгені жөн.

материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: