28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

«Халал су» ішпегендердің барлығы харам су ішіп жүр ме?

«Халал су» ішпегендердің барлығы харам су ішіп жүр ме?

Ислам тарихы

Қазіргі таңда «халал су» деген пайда болды, ол қаншалықты дұрыс сөз? Сол «халал судан» ішпегендердің барлығы харам су ішіп жүр ме?

Алла Тағаланың тіршіліктегі ең маңызды нығметтерінің бірі – су екендігі әмбеге аян. Су Алла Тағаланың адамзат баласына тарту еткен ортақ ризық-несібесі саналады. Бұл жөнінде Хақ Елшісі өз хадис шарифтерінің бірінде: «Су, шөп, отты пайдалануға тыйым салынбайды» (Ибн Мажа, Рухун: 16) деп бұйырған. Осы себептен шариғатымызда теңіз, көл, өзендер жекеменшік пайдалануға жатпайды. Тіпті, мұсылман құқығында қажетті жағдайда (суға деген зәрулік жағдай) артық ауыз судың өзін сатуға рұқсат бермейді. Бұл хақында Алла Елшісі: «Сапарда сусап келе жатқан жолаушыға өзінен артылған суды бермеген жанға ақырет күні Алла назарын салмайды» дейді. Яғни, халқымыздың «су – тіршілік көзі» деген нақылы дін негіздерінен алынған деп толық айта аламыз.

«Халал су» мәселесіне келетін болсақ, судың табиғаты әу бастан-ақ мөп-мөлдір, тұнық-таза болып жаратылған. Бұл турасында Пайғамбарлар падишасы (с.а.у): «Су – таза болып жаратылған. Судың түсін, дәмін, иісін өзгертпейінше, оны ешкім кірлете алмайды» деп ескерткен. Дегенмен, «тазалық имандылықтың жартысы» деген қағиданы негізге алсақ, жұмыр-басты пенденің тек ластанбаған, таза суды пайдаланғаны абзал. Себебі, Алла Елшісі (с.а.у) «Ағынды емес, тұрып қалған суды ішпек түгілі, дәрет алуға болмайды» (Мүсілім, «Таһара», 36/94-96) деп бұйырған. Хақ Елшісінің (с.а.у) судың тазалығына мән бергені соншалықты, күнделікті асқа тұтынуға Мәдинадан екі күндік жердегі Сукия деген жердің құдықтарынан шығатын тұщы суды алдырып, ішуге пайдаланған. Тіпті тазалық үшін су ыдысының аузын ашық қалдырмауды да (Ибн Мажа, «Ашриве», 19) ескерткен.

Осы себептен арнайы ғылыми зерттеу орталықтары һәм тағамтану институты экологиялық зияны жоқ, керісінше адам ағзасына пайдалы деп таныған минералды және ауыз суды тұтынсақ құба-құп болмақ. Сонымен бірге жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық тексеру орталықтары мақұлдаған су көздерін де толық пайдалануымызға болады. Яғни, «халал су» маркасынан өзге суларды харам деп айтуға негіз жоқ.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: