24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Ысырап ету және оның түрлері

Ысырап ету және оның түрлері

Ислам тарихы

Ысырап – байлықты бей-берекетсіз шашып, зая кетіру, мейлі дүниелік мүбах іске болсын, не діни іске болсын лайықты түрде жұмсай алмау. Кейде адам дүниені бұзып, сындырып, жарамсыз күйге түсіреді. Ал кей жағдайда егін мен ағаш өнімдерін термей, өнім бүлініп жатады.

Кей адамдар мал-мүлік жиған соң оны қадағалаусыз қалдырып, бүтіндеп, түгендеп отырмайды. Қоймадағы мүлкін, өнімін ылғал татып, су алып жатқанына немесе құрттың, кеміргіштің, жәндіктің талауына түсіп жарамсыз болып жатқанына көңіл бөлмейді. Мұндай ысырапшылдық көбіне нан, ет, ірімшік, қарбыз, пияз сияқты азық-түлік түрлеріне қатысты орын алып жатады.

Құрамында су бар өнім кеуіп, рәсуа болуы мүмкін. Інжір, мейіз, өрік сияқты жеміс пен бидай, арпа, ас бұршақ сияқты дәнді-дақыл өнімдері де қараусыз қалып жатады. Кітап, киімде де ысырапшылдық көрініс табады. Кей адамдар артылған асты тастап жатады. Мәселен, табақта, қасықта қалған, қолда қалған тамақ қалдығын жеместен жуып-шайып тастайды. Баланың қолынан жерге түскен нан, ас қиқымын көтермейді. Дастархандағы тамақ қалдығын, қиқымды сүртіп тастайды.

Алла елшісі (с.ғ.с) саусақтарды және табақты жалап-жұқтап қоюды бұйырды (Муслим). Бір риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с): «Анығында, шайтан қай-қайсысыңның да әрбір ісіне араласпай қоймайды. Тіпті, ас ішер кезде оның тамағына келеді. Егер сендердің біреуің тамақ қалдығын түсіріп алса, оны алып, сүртіп жесін. Оны шайтанға тастамасын. Ас ішіп болған соң саусақтарындағы тамақ қалдығын қалдырмасын. Расында, ол тамағының қайсысында береке барын білмейді», – деген (Муслим).

Астан соң саусақтарды жалап-жұқтап қоюдың және жерге түскен қиқымды көтерудің пайдасы:

Ысырапшылдықтан сақтану;

Тәкаппарлық пен риядан сақтану;

Құт-берекеге кенелу;

Алла елшісінің (с.ғ.с)  сүннетіне еріп, оның бұйрығына бағыну;

Бұйырған несібені сақтау және нығметтің артуы.

Бас киім, киім-кешек, аяқ киімге ұқыптылықпен қарамау, тез тозуына жол беру де ысырап. Жуынғанда сабынды себепсіз көп пайдалану және майшамға майды көп қолдану ысырап. Ақауы, кемістігі бар затты сату не оны жалға беру және тым қымбат затты жалға алу, сатып алу ысырап. Ал садақа жасау ниетімен немесе зәру жағдайда қымбат затқа ақша жұмсау ысырап емес. Сатылымдағы заттың сапасы мен құнына мән бермей сатып алу ысырапқа жатады: «Өзін алдауға жол берген адамға мақтау да, сауап та жоқ» (Бухари).

Кебінді артығымен әзірлеу де ысырап. Дәрет алғанда да ысырап орын алады: «Алла елшісі (с.ғ.с)  өтіп бара жатып Сағдтың дәрет алып жатқанын көріп: «Уа, Сағд! Мынау не қылған ысырап?!» – деді. Сағд: «Дәрет алғанда да ысырап бола ма?» – деді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Әрине, тіпті, ағып жатқан өзеннің қасында болсаң да», – деді (Ахмад).

материал «Нәпсі дертінің дауасы» кітабынан алынды,  

ummet.kz


Бөлісу: