26
Жұма,
Сәуір

һижри

Уағыз-насихат тыңдаудың әдебі

Уағыз-насихат тыңдаудың әдебі

Ислам тарихы

Әбу Уақид әл-Ләйсиден (Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с) сахабаларымен мешітте отырған еді. Кенеттен үш адам кіріп келді. Олардың екеуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанына келді, ал біреуі шығып кетті. Екеудің бірі адамдар арасындағы бос орынға, екіншісі арт жаққа барып отырды. Уағызын бітірген Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деді: «Мына үш кісі жөнінде айтайын ба? (Үш кісінің) біріншісі Алладан пана тіледі. Алла да оны өз панасына алды. Екіншісі кері қайтудан ұялды. Алла да одан ұялды. Ал үшіншісі болса теріс бұрылып кетті. Алла да одан теріс бұрылды» (Бухари, Муслим, Тирмизи, Ахмад ибн Ханбал).

Хадистің басында үш адамның келгені айтылады. Кейін солардың екеуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) насихатын тыңдауға бекініп, мәжіліске қатысып қалады да, біреуі шығып кетеді (Ибн Хажар, «Фатхул-Бәри», І, 189). Бұл хадистен көп алдында, алқалы жиындарда уағыз-насихат айтудың жақсы амал екенін аңғарамыз һәм адамдарға жақсылықты жайып, жамандықтан жирендіру керектігін түсінеміз (ән-Науауи, «Шарху сахихил-Муслим», XIV, 158).

Мешітке кірген үшеудің бірі сахабалардың шеңбер тәріздес отырысын көріп, бос орынға барып жайғаса кетеді. Ал екіншісі бос орын таба алмай, арт жаққа барып отырады. Ал үшіншісі отыратын жер іздемей, бірден бұрылып шығып кетті (Хамза Мұхаммад Қасым, «Манарул-қари», І, 167). Хадистен білім алу барысында шеңбер секілді дөңгеленіп отырудың мұстахаб амал екенін ұғамыз (Ибн Хажар, «Фатхул-Бәри», І, 189).

Алла елшісі (с.ғ.с) сөзін тәмамдаған соң әлгі үш кісінің жайын қозғайды. Бірінші кісі жайында былай деді: «Алладан пана тіледі. Алла да оны өз панасына алды». Яғни, бос орын тауып отырған адам Аллаға жақындады, білім мәжілісіне қатысты, Пайғамбарға (с.ғ.с) жақындады. Сондықтан Алла оны өзіне жақындатты, амалын қабыл етті, мейіріміне бөледі (ән-Науауи, «Шарху сахихил-Муслим», XIV, 159). Оны разы болған құлдарының қатарына қосты, Қиямет күні Алла оны аршының көлеңкесінде паналатады (Хамза Мұхаммад Қасым, «Манарул-қари», І, 167). Кейбір ғалымдар Алла оны жәннатына кіргізуі мүмкін деген (ән-Науауи, «Шарху сахихил-Муслим», XIV, 159). Білім мәжілісінің жиын атаулының жақсысы екенін де білуге болады. Білім алу үшін жиналған шәкірттер, шындығында, Алланың панасына кірген болып саналады.

Екінші кісі туралы былай деді: «Кері қайтудан ұялды. Алла да одан ұялды». Яғни, бос орын таба алмады әрі Алладан ұялғаны үшін адамдар арасына қыстырылысып отырған жоқ. Алла оны мейіріміне бөледі (ән-Науауи, «Шарху сахихил-Муслим», XIV, 159), үзірін қабыл етті. Білім мәжілісіне қатысқандардың сауабындай сауап берді (ән-Науауи, «Шарху сахихил-Муслим», XIV, 159). Өйткені Алла жан баласының ықыласпен жасаған амалдарын кері қайтармайды (Хамза Мұхаммад Қасым, «Манарул-қари», І, 167). Жалпы, әдеп бойынша алқалы топқа келген адам табылған орынға отыруы керек. Бұл қағида мешіттегі жиынға да, конференция залдарында өтетін отырыстарға да бірдей қатысты (Ибн Хажар, «Фатхул-Бәри», І, 188). Пайғамбарымыз (с.ғ.с) орын таба алмай, артына отырған кісіні айытамады. Демек, жиынға барған кісі ешкімге зиян тигізбей, бос орынға отырғаны жөн (Ибн Хажар, «Фатхул-Бәри», І, 189).

Ал үшінші адам жайында былай деді: «Ал үшіншісі болса теріс бұрылып кетті. Алла да одан теріс бұрылды». Яғни, Алла елшісінің (с.ғ.с) уағызына қатыспай, тіпті, артына қарамай шығып кетті. Бұл адамнан Алла сырт айналып, ашуланды. Егер білім мәжілісін жақтырмай шыққан болса, Алланың ашуына ұшыраған болады. Ал белгілі бір себеппен кері қайтқан болса, білім мәжілісіні сауабын алмайды.

Сондай-ақ адамдарды сақтандыру үшін жағымсыз іс істегендер жайлы айтқан да артық болмайды. Яғни, ол ғайбат болып саналмайды (Ибн Хажар, «Фатхул-Бәри», І, 189).

материал «Хадис – ғылым бұлағы» кітабынан алынды,  

ummet.kz


Бөлісу: