19
Жұма,
Сәуір

һижри

Неліктен кейбір жылы 29 күн, кейбір жылы 30 күн ораза тұтамыз?

Неліктен кейбір жылы 29 күн, кейбір жылы 30 күн ораза тұтамыз?

Ислам тарихы

Ислам әлемінің жыл санағы ай есебіне негізделетіні көпшілікке белгілі. Осыған орай Рамазан айы туғанда мұсылман жұрағаты Алла Тағаланың разылығы үшін таң сәрісінде аузын бекітіп, ораза тұта бастайды. Шәууал айы туғанда ауыз бекітуді аяқтап, Ораза айт мерекесін тойлайды. Бұл жөнінде Хақ Елшісі (с.а.у): «Рамазан айын көрсеңіз, ауыз бекітіңіз. Шәууал айын көргенде аузыңызды ашып, Ораза айтты мерекелеңіз. Бірақ, Шәууал айының туғанын бұлт көлегейлеп көрсетпесе, Рамазан айын отыз күнмен толықтырыңыз» (Ибн Мәжа, Сиям: 7) деген болатын.

Бүгінгі күні көптеген мұсылман елдерінде астрономиялық есеппен Рамазан айының күні алдын-ала белгіленіп, мұсылмандар осы межемен ауыз бекітеді. Ал, Сауд Арабиясы мен Тунис секілді елдер астрономиялық есеппен емес, Рамазан айының туғанын көзбен айқын көріп барып, ауыз бекітуге пәтуа шығарады. Бұл елдердің ғұламалары Рамазан айының немесе Ораза айт мерекесінің басталуына байланысты жоғарыда келтірілген хадис-шарифті, яғни, айдың анық көрілуін негізге алады. Алайда, осы мәселені терең зерттеген ғалымдардың көзқарасынша айдың туғанын астрономиялық құрылғылар арқылы ғана дәл уақытында анық көруге болады. Яғни, айдың туған-тумағанын құр көзбен көру, пәтуаның дәл берілуіне негіз бола алмайды. Жалпы, Тәңір Елшісінің (с.а.у.) жоғарыдағы хадис-шарифін тікелей мағынасында қолдануға болмайды. Өйткені, Мұхаммед (с.а.у.) өмір сүрген дәуірде араб қоғамында астрономия ғылымы мүлде дамымаған еді. Сондықтан да Жақсылық жаршысы (с.а.у) ораза тұту уақытын белгілеуде «айдың көрінуін» шарт етіп қойған болатын. Бұл жерде Алла Елшісі (с.а.у) жұлдызнама ғылымынан бейхабар надан арабтарға ұғынықты болу үшін айдың тууын негізге алған-тын. Демек, қазіргі дәуірдегі астрономиялық есеппен Рамазан айының уақытын алдын-ала бекітудің шариғатқа қайшылығы жоқ деген сөз. Мұндай есеппен берілген пәтуаға нық сеніммен қарауға болады. Себебі, әр айдың қанша күнге созылатынын көзбен көруден гөрі астрономиялық құрылғылар дәл анықтай алады.

Уақытты есептеуде адамзат баласының бір бөлігі күн есебіне, бір бөлігі ай есебіне сүйенетіні белгілі. Өйткені, уақыт есептеуде күн мен ай – мүлт кетпейтін илаһи безбен. Бұл хақында Хақ Тағала: «Күн мен ай (өз кеңістігінде) белгілі мерзім бойынша мәлім есеппен жүреді» («Рахман» сүресі, 5-аят) деп бұйырған болатын. Ал, мұсылман қауымының ай есебін ұстануының себебі Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде: «Нұр шашыратып күнді, жарығын жайғызып айды жаратты Алла. Сонан соң сендердің жыл және ай мерзімдерін айыруларың үшін олардың орындарын белгіледі. Алла оны жайдан жай жасаған жоқ. Біле білгенге Алла аяттарын осылайша айқын түсіндіреді» («Жүніс» сүресі, 5-аят) деп бұйырған-тын. Күн есебінде 365 күн болса, ай есебі бойынша бір жылда 354 күн бар. Ай есебінің 354 күн болуына орай Рамазан айы кейде жиырма тоғыз күн, кейде отыз күн болып келеді. Бұл хақында Хақ Елшісі (с.а.у): «Біз арабтар үмми (оқу, жазудан бейхабар, сауатсыз) бір қауымбыз. Не жаза алмаймыз, не есептей білмейміз. Бір ай кейде былай (Пайғамбарымыз (с.а.у.) саусағымен жиырма тоғыз күнді санап шықты), ал, кейде былай (Пайғамбарымыз (с.а.у) отыз күнді санап шықты) болып келеді» (Бұхари, Саум: 13, Мүслим, Сиям: 15, Әбу Дәут: 4) деген болатын. Яғни, Рамазан айының кейде жиырма тоғыз күнде, кейде отыз күнде үзілуіне байланысты мұсылман жұртшылығы кейбір жылы жиырма тоғыз күн, кейбір жылы отыз күн ораза ұстайды. Күн есебіне сүйенетін ғайри мүслимдер (иудейлер мен христиандар) жыл сайын тек белгілі бір мерзімде ораза тұтады. Ал ай есебіне сүйенетін мұсылман қауымының ауыз бекіту мерзімі әрбір жылы он бір күнге кейін шегеріліп, өзгеріп отырады.

Әсілі, ай есебін ұстану күн есебінің өлшеміне қарағанда ретсіздеу болып көрінгенімен, мұнда илаһи әділетті бір шешім бар. Егер ораза тұтуда күн есебін ұстанар болсақ, онда ұдайы тек жылдың белгілі бір мезгілінің жеңілдігін немесе ауыртпалығын тартар едік. Мәселен, қыс мезгілінде күн қысқа, түн ұзақ болғандықтан, ауыз бекіту жеңілдеу. Бұл жөнінде Хақ Елшісі (с.а.у.): «Қыста ораза ұстаудың сауабы тер төкпестен оңай қолға түскен олжа іспетті» (Тирмизи, Савм: 73, Муснад, 4: 335) деген болатын. Ал, жаз мезгілінде керісінше күн ұзақ, түн қысқа болғандықтан, ораза ұстау оңайға соқпайды. Яғни, ай есебімен ауыз бекітсек жылдың төрт мезгілінің рухани шуағына бөленеміз. Сонымен бірге, егер ғайри мүслимдер тәрізді жылдың белгілі бір мерзімінде ауыз бекітетін болсақ, онда жер бетіндегі халықтың бір бөлігі ұдайы қақаған қыс мезгілінде, бір бөлігі аптап ыстықта ауыз бекіткен болар еді. Ал, дініміз ай есебіне жүгінгендіктен, жер бетіндегі мұсылман жұртшылығы әрбір жылы он бір күннің ауысуып отыруымен жылдың төрт маусымында да ораза ұстап шығады.

Рамазан айының кейбір мемлекеттерде ерте, кейбір мемлекеттерде кеш басталуының тағы бір себебі – Батыс елдерінде қоғамдық жұмыс мезгілін бірыңғайлау мақсатында «әлеуметтік сағат» түсінігі қалыптасқан. Осы «әлеуметтік сағат» режиміне байланысты, бұл мемлекеттердегі уақыт өлшемінің тілі ай есебін ұстанатын елдерден бөлек болып келеді. Осы қайшылықты реттеу үшін мұсылман мемлекеттері 1978 жылы Түркияда «Ай конференциясын» өткізіп: «Жер жүзінің қай жерінде алғаш рет ай көрінген болса, ислам елдері ораза ұстауды сол уақытта бір мезгілде бастауы қажет» деп қарар қабылдаған болатын. Дегенмен бірауыздан қабылданған бұл байлам әлі күнге дейін сөз күйінде қалып отыр.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: