25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Амалда орта жолды ұстанудың маңызы

Амалда орта жолды ұстанудың маңызы

Ислам тарихы

Айшадан (Алла разы болсын): «Пайғамбар (с.ғ.с) бір амал істеп, оны істеуге рұқсат береді. Бір топ сахаба оның берген рұқсатын пайдаланғысы келмейді. Мұны естіген Пайғамбар (с.ғ.с) хұтпа оқып, Алла Тағалаға мақтау айтып: «Бір топ адамға не болған, менің ісімнен бас тартатындай не көрінді оларға?! Алламен ант етемін, расында, мен Алланы олардан да жақсы танимын әрі оларға қарағанда Алладан қатты қорқамын», - деді (Бухари, Муслим).

Әнастан (Алла разы болсын): «Бірде Алла елшісі с.ғ.с) мешітке кіріп, екі бағана арасында тартылған бауды көреді. Ол: «Бұл не бау?» - деді. Сахабалар: «Бұл Зейнептің бауы, намазда шаршаған кезде соған сүйеніп тұрады», - деді. Пайғамбар с.ғ.с): «Жоқ, оны шешіп тастаңдар. Қай-қайсысың болсын түнгі намазды әл-қуатынша оқысын. Ал шаршаса, отырып тынығып алсын», - деді (Бухари, Муслим). Әнас ибн Мәліктен (Алла разы болсын): «Алла елшісі (с.ғ.с): «Өздеріңе бір амалды міндеттеп, шектен шықпаңдар. Салдарынан ауыр міндетке тап боласыңдар. Ақиқатында, кітап иелерінен болған бір топ адам өздеріне бір амалды міндеттеп, шектен шыққан. Нәтижесінде Алла оларға ауыр міндет жүктеді. Міне, ғибадатханалар мен үйлерде жүрген қауым солардан қалған адамдар», - деп, мына аятты оқыды: «Тәркідүниелікті (монахтықты) олар өздері ойлап тапты. Біз оларға оны (тәркідүниелікті) жазбадық (міндеттемедік), тек Алла разылығын іздеуді ғана (жаздық). Алайда олар оны (Аллаға арналған нәзірлерін) лайықты сақтай алмады» («Хадид» сүресі, 27-аят) (Әбу Дәуід).

Әбу Һурайрадан (Алла разы болсын): «Пайғамбар (с.ғ.с): «Ақиқатында, бұл дін жеңіл. Бұл дінде шектен шыққан адам жығылады. Сол үшін амалда орта жолды ұстаныңдар. Амалды шамаларың келгенше істеңдер. Амалдарың үшін берілетін сауапқа қуаныңдар. Амалды орындау үшін таңғы-кешкі уақытты және түннің алғашқы уақытын пайдаланыңдар», - деді (Бухари, Муслим). Бір риуаятта: «Амалда орта жолды ұстаныңдар! Мұратқа жетесіңдер», - деген. Ибн Аббастан (Алла разы болсын): «Алла елшісі (с.ғ.с): «Ақиқатында, Алла бұйрықтарының орындалғанын қалай жақсы көрсе, дәл солай рұқсаттарының орындалғанын да жақсы көреді», - деген (Ибн Хиббан, Табарани, Бәззәр).

материал «Әз Пайғамбар хақ жолы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: