25
Жұма,
Қазан

һижри

Денеңді тітіркендіретін Құран

Денеңді тітіркендіретін Құран

Ислам тарихы

Рамазанда көбіне оразаға мән беріп, бұл айдың Құран айы екенін ұмытып кетемін. «Ораза ұстап жүрмін ғой» деген ой басқа құндылықтардың көзін жауып қала береді. Әрине, өз ойымнан туындаған қателік.

Әрине, рамазан сайын Құран хатым етемін. Менің айтып жатқаным – Құранды түсініп, сезініп, ішкі әлеміне еніп оқу. 6236 аяттың біреуін оқығанда «бұл аятпен Алла Тағала маған не айтқысы келеді?» деп, ішіне үңілу.

Құран – жалпы қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылған. Түсініксіз болса, онда адамдарға түсірудің мәні қалмас еді. Қазақша түсіндірмелі аударманы оқып отырып, түсінуге болады. Құранды түсінбеймін деу – еріншектік.

Құранды әркім өз ойымен қабылдап, ой жүгіртіп, зерделей алуы керек. «Ей, ақыл иелері, ойлансаңдаршы» делінген қаншама аят бар. Егер мешіттегі имамның түсіндіруі жеткілікті десеңіз, сол имамның логикасымен жүресіз. Өз ойыңызбен ойлау өте маңызды. Әрине, шариғат шеңберінен шықпау керек.

Мысалы, «Күллі әлемнің Раббысы – бір Аллаға бар мадақ, шүкіршілік арналады» деген «Фатиханың» алғашқы аятын оқығанда, не ойлауға болады? Өсімдіктің өзі бір әлем, оның жапырағының өзі кемшіліксіз бір әлем (фотосинтездің өзі бір ғажайып емес пе), оның бір жасушасының өзі бір әлем, оның бір молекуласы мен атомының өзі Күн жүйесіне ұқсайтын біл әлем. Сонда 350 000 түрі бар өсімдіктің бір түрінің өзі неткен ғажап жаратылыс?

Осылай ойласаңыз, денеңіз дір ете қалады. Алланың ұлықтығынан. Құдіреттілігінен.

Тағдыр, ақида туралы аяттарға тиіспей-ақ қойыңыз. Тек тау, су, ауа, жер, Күн, Ай, түйе, ара, құмырсқа, өрмекші, сиыр, анар, жүзім, құрма туралы ізденіп, ойланып көріңізші.

Ағаштың діңіне бірдеңе соғылып, дір еткенде, жапырақтары қалай төгілсе, Алланың ұлықтығынан сіздің денеңіз дір еткенде, күнәларыңыз да солай төгіледі.

Құранды, өз кітабымызды оқиық. Балық теңізде жүріп, теңіздің не екенін білмейді. Біз Құранымыз қолымызда бола тұра, оны түсіне алмай жүрміз. Осы олқылықтың орнын толтырайық.

Құранға жаның мен жүрегің ашылса, ол да саған ашылады.

материал «Мені өзгерткен рамазан» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: